home
home home

Серілікті серік еткен бүркітші

Серілікті серік еткен бүркітші

«Құс салып, айдын көлде дабыл қақтым», – деп атақты Үкілі Ыбырай жырлағандай қазақ халқының ғажайып өнерінің бірі – осы саятшылық, яғни құс салу арқылы аңшылық құру. Саят өнері ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «сегіз қырлы, бір сырлы» болуды талап етеді. Мұның өзі жеке бірнеше жылға созылатын ғылым десе де болады.

 

Осы бір ғажап өнерді бойына сіңіріп, ата-бабадан қалған дәстүрді жаңғыртып жүрген қордайлық Болат Сипатаев туралы ауданның аңшылары мен көкпаршылары, жалпы атқұмар азаматтары жақсы білгенімен жалпы көпшілік жігітке тән сан түрлі қасиеті туралы біле бермейтіні анық. Еліміздің төл мерекесі қарсаңында газетіміздің журналистері саятшы жанмен кездесіп, сұхбат алудың сәті түскен еді. Сол турасында баян етсек.

Болат Қызыкеұлы тілшілермен кездесу барысында жақында көкпарда болып, аттан құлап, иығын ауыртып алғанына қарамастан қиқу шығарып отырған «Ақиық» есімді бір жасар бүркітті қолына қондырып, сыртқа алып шықты. Аты бала бүркіт болғанымен, тұрқы, қанатының кеңдігі үлкен адамның өзін қағып жіберуге қауқарлы екен. Жас етпен тояттаған «Ақиық» тілшілердің жарқ-жұрқ еткен фотоаппаратына жатсына қарап, жақтырмағандай кейіп танытып, иесінің мазасын алды.

– Осыдан бір жыл бұрын Көктөбенің маңындағы құздардың бірінен балапан кезінен алып келгенмін, түлкі етімен ауыздандырып, қазір бағып-қағып, баптау үстіндемін, – дейді Болат Сипатаев.

Осыдан кейін жалпы қазақтың төл өнеріне жататын саятшылық, аңшылық туралы әңгімеге ойыстық.

– Бүркітшілік, құс салу өнері атам Қызыкеден басталған. Қиын замандарда ауылға ұстаған аңын алып келіп, ауқат таратқан деген сөз бар. Атамнан әкеме өткен саятшылық маған да жетті. Жастайымнан атқа құмарлық, құс салуға қызығушылық, құмай тазы асырау маған қанмен келген десем болады. Алайда, тоқсаныншы жылғы тоқырауда бүркіт емес жан бағу қиын болып, әкемнен қалған бүркіттің обалына қалмайын деп еркіндікке жібергенмін. Былтыр әкем түсіме кіріп, «құс ұстауға жарамай қалдың ба», деген сөзі мендегі құсбегілікке деген іште жатқан шоқты қайта тұтатып, жалындатып жібергендей болды. Бағана айтып өткенімдей, Көктөбе ауылы маңындағы Қарақия жанынан осы «Ақиықты» алып келдім. Ұядан алған құс сенімді болады, жылдам үйренеді, ал жабайы жүрген жерінен ұстаған құсты қолға үйретудің машақаты өте көп. Оңайлықпен үйрене қоймайды. Қыран баптау – өте қиын шаруа. Өйткені, көк тағысын қолға үйрету – қияметтің ісі десе де болады. Алдағы бір-екі жылда алғыр құсқа айналып, аңға түседі дегенге сенімім мол, – деген қордайлық серінің қолында құмай тазысы бар екені де анық болды.

«Дауыл» есімді құмай түлкі алуға қауқарлы екен. Сонымен бірге лайка тұқымдас аңшы иті тағы бар. Ол негізінен қалың шөп пен қамыс арасынан аңшылық кезінде құсты ұшыруға, үркітуге мықты көрінеді.

Болат Қызыкеұлының аңшылыққа құмарлығы бөлек әңгіме. Оған арнайы жорғасын жаратып ұстайтын Бөкең қолына бүркітін қондырып, жорғасын баптап, жанына тазысын ертіп аңшылыққа шығу нағыз қазаққа тән қасиет екенін айтады. Әңгіме барысы одан әрі ат баптау, жалпы ұлттық спорт түрлеріне ауысты. Қазіргі таңда үлкен мән беріліп отырған аталмыш спорт түрінің жандануына Болат Сипатаев өте риза екенін айтады. Ақиық ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық мерейтойында теңге ілуден алдына жан салмаған Бөкең көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азамат.

– Соңғы жылдары ауданымызда мықты көкпаршылар командасы жасақтала бастады. Былтыр Шуда өткен бәсекеде жеңіске жетпесек те жақсы нәтиже көрсеттік. Биыл сол турнир біздің ауданымызда өтетін болып шешілді. Соған мықты дайындықпен барсақ, жеңіс жолында аянбаймыз, – деген қордайлық саятшы өзінің көрген-білгенін, жинаған тәжірибесін ауданымызда ұлттық спорт түрлерінен ашылған спорт мектебінің оқушыларына үйретуге даяр екенін айтты.

Қазақстанның әр түкпірінде саятшылықты, аңшылықты жаны сүйетін аңкөс адамдарды көп кездетіруге болады. Бірақ өзіміздің ауданымыздан осындай азаматтардың шығуы мақтаныш тудырмай қоймайтыны анық. Бұл өнер  адамның өте мықты психолог, этолог болуы керектігін талап ететін, қыранның мінез-құлқынан, әрекет-дағдысынан хабары болғаны керек. Сонымен қатар, қажырлылық пен еңбекқорлық, сезімталдық қасиетті де қажет етеді. Ал, құс баптаумен қатар тазы асырап, көпарға шығып жүрген Болат Сипатаев сынды азаматта жоғарыда аталған қасиеттердің барлығы бар деп сеніммен айтуға болады. Елбасымыз айтқан «Ұлы даланың жеті қыры» осында, «Рухани жаңғырумыз» да осы бір асыл қасиеттермен әспеттеліп жатқанын аңғарамыз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта