home
home home

Сәулетті жағажай салынуда

Сәулетті жағажай салынуда

Елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру арқылы ауылдарымыздың ажары ашылып, шырайлана түсері хақ. Осы ретте аудан орталығы – Қордай ауылында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, әлі талайды тамсандыратын, өз тұрғындары үшін демалу мен серуендеуге тамаша мүмкіндік беретін орындар бой көтеруде. 

 

Мәселен, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ауылдың батыс аймағындағы тұрғын үй массивтері маңынан «Достық» атты жаңа мәдениет және демалыс саябағының негізі қаланды. Сол кезде отырғызылған тал-дарақтар жақын болашақта үлкен саябаққа айналары сөзсіз. Бекітілген дизайн бойынша көк шырша, боз арша, қарағай, талшын, емен, қайың, қызғалдақ, жөке ағашы мен үйеңкі секілді 800-ге жуық сәндік көшет отырғызылып, жалпысы 7,4 гектар аумақты алып жатқан саябақта аллея, гүлзарлар мен субұрқақтар көздің жауын алатын болады.

Ауылды көркейту жұмыстары мұнымен шектелмегенін де айтқымыз келеді. Аудандық басшылықтың тағы бір жоспары – Қордай ауылы ортасынан өтетін магистральді канал жағасында демалыс орнын салу. Бұл жұмыстар бүгінде басталып, енді жақын уақытта қордайлықтардың серуендеуге өте ыңғайлы, сүйікті жерлерінің біріне айналатынына сенім мол. Жобаға сәйкес серуендеуге арналған аллея М.Әлімбаев көшесінің бойымен канал жағалай Аңырақай көшесінен басталып, Өтеген батыр көшесіне дейін жалғаспақ. Сонымен қатар, Төле би көшесінен Қазыбек би көшесіне дейінгі аймақты абаттандырып, тұрғындарға ыңғайлы етпек.

– Бұл жұмыстардың басталғанын көргенде таңғалғанымыз жасырын емес. Кешкі уақытта канал жағасында балалармен серуендеу – тұрғындардың сүйікті ісіне айналады деген сенімдеміз. Бұрын мұндай демалыс орындарын тек қалада көрсек, енді бізде де бар деп мақтанышпен айтатын боламыз. Осындай игі істер көбірек болсын деген тілегіміз де бар, – дейді ауыл тұрғыны Елена Платонова.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Алаңшалар тегістеліп, құм және өрнектас төселіп, орындықтар орнатылып, жағалау қоршалды. Қордай ауылдық округі әкімдігінің айтуынша бұл аудан орталығын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстың тек бір парасы ғана екен.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.