home
home home

Сары қымыз сапырып тамсандырған ауылын…

Сары қымыз сапырып

тамсандырған ауылын…

«Биенің сүті сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?», – деп Ақтамберді жырау жырлағандай сан мың жылдардан бері қалыптасқан салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлтымыздың өмір сүру тәжірибесі – бүгінге бейімдейтін, өткенге аманаттайтын құндылықтарымыз. Сол себепті де оны қастерлеп, өзіндік болмыстың бір белгісі ретінде басқаға паш ете аламыз. Ұлттық бренд деп танылған, шипалы сусын қазақтың бірге жасап, қанып ішер қастерлі сусыны екеніне дау жоқ. Келген қадірлі қонағына ұсынатын бал қымыздың қазіргі таңда кәсіпкерлікке жол ашып отырғаны да жақсы ырым, жағымды жаңалық.

Қарасу ауылында тұратын Барманқұловтар отбасы дайындайтын қымыздың дәмін татып көрген адам ол жаққа тағы бір мәрте ат басын бұрары анық. Тіл үйірген қанық дәм тостағаныңды тағы сан мәрте толтырып беруді өтіндіріп тұрады. Барманқұловтардың бал қымызына бүгінде сұраныс артқан, тұрақты тұтынушылары қаншама.

– Аңыз бойынша қазақтар қымыз жасауды жылқының пірі – Қамбар атадан үйренген деседі. Қымыздың пайдалы қасиеті қаншама. Ол бүкіл ағзаға жағымды әсері туралы айтар болсақ зат алмасуын күшейтіп, астың жақсы сіңуіне себеп болып, тәбетті ашады. Қымыз ішу арқылы жүйке ауруларын емдеуге болады, сонымен бірге оның терлеткіш және несеп айдайтын әсері бар. Бұрын қымызды туберкулез ауруының бастапқы және орта кезеңінде ем ретінде қолданатын. Бұл сусынды гемоглобин азайғанда, рахит, семіздік, жүйке ауруларымен, т.б. ауырғанда ішуге кеңес беріледі, – дейді қымызхана иесі Қуанышбек Барманқұл.

Қуанышбек Жолдасбекұлы ауылдың барша қара домалағы сияқты бала күнінен жылқыға құмар болған. Атасы, кейіннен ата-анасы да жылқы ұстап, желіде бие байлап, көбеде қымыз ашытатын. Әрине, алдымен дәмін тататын жақындары мен көршілері болды. Алыстан әдейі арнайылап келетіндері қаншама. Уақыт өте келе отбасылық бизнес туралы ой туындап, бүгінде көпшілік сұранысына ие болып отырған жайы бар. 15 биені күтіп-ұстау оңай жұмыс емес. Азанмен басталатын тіршілік кеш батқанша толастамайды.

– Бие сауу оңай шаруа емес. Бұл сиыр емес. Әр биенің өз мінезі бар, кейбірі асау, шатақтау болады, сондықтан оны әкем, інім немесе балам сауады. Ал, әйелдер жағы қымызды дайындайды, – дейді отағасы. Ежелгі әдісті бұзбау үшін автоматтандырудан бас тартқан. Әйелдер кезекпен бар күшін салып сабада піседі.

Қымыз – маусымдық сусын, ол мамыр айынан желтоқсан айына дейін ғана болады. Қордай ауылында өз қымызханамызды аштық, қымыз алу үшін бізге бүкіл аудан тұрғындары келеді. Алматы қаласынан және Қырғызстаннан да келетін сатып алушыларымыз бар. Кей күндері тапсырыс 80 литрге жетеді. Әрине, бұл бізді әрі қарай ісімізді дамытып, жұмысты жақсы істеуге түрткі болады. Жылқыдан басқа ірі қара мал, қойларымыз да бар.

Қуанышбек Жолдасбекұлының айтуынша қымыздың дәмі жылқының жайылған жеріне, жеген жем-шөбіне байланысты. Қымызды жасауда да өз құпиялары бар, олар сусынға ерекше дәм береді.

Кәсіпкерлер осымен шектелмей, болашақта бие мен ірі қара мал басын көбейтіп, жерлестері үшін жұмыс орындарын ашпақ. «Сары қымыз сапырып, тамсандырған ауылын» – деп, Барманқұловтар отбасына тек сәттілік тілейміз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.