home
home home

Сақтық шараларын естен шығармаған жөн!

 

Нұридин Рақай,

Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі:

Бір ай бұрын елдегі төтенше жағдай режимі аяқталып, карантин талаптары жеңілдеді. Сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары жұмысын жалғастырып, қоғамдық көліктер жүре бастады. Дегенмен де көшелер мен қоғамдық орындарда қауіпсіздік ережелеріне көз ілмейтіндер көбейді. Тұрғындардың көпшіліктің басын қосып, аста-төк дастархан жайып, қонақ шақыра бастағаны алаңдатады. Науқастардың санының көбеюіне осындай жағдайлар себеп болып тұрғаны жасырын емес.

Алысқа бармай-ақ күнделікті жұмыс барысында санитарлық талаптарды қатаң сақтағанның өзінде мен де қауіпті вирусты жұқтырып алдым. Симптомсыз түрін жұқтырған мен 14 күн ауруханада ем алдым. Күн-түн демей халықтың денсаулығы үшін арпалысып жүрген дәрігерлердің арқасында бұл дертті еңсеріп шықтым. Содан соң 14 күн тағы өз-өзімді оқшаулап, жұмысыма қайта кірістім. Айтпағым, аурудың жеңілі жоқ. Біз өзімізді ғана емес, жақындарымызды да ойлауымыз керек. Ол үшін санитарлық талаптарды қатаң сақтап, аурудың алдын-алуымыз тиіс.

Біржан Әлімбет, аудандық

ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Құрметті отандастар! Коронавирус инфекциясы бүкіл әлемнің мемлекеттеріне тарады. Экономикасы дамыған, көш бастап жүрген елдердің өзі жұқпалы індеттің алдында қауқарсыз екенін мойындады. Өкінішке орай, статистикаға көз салсақ, жұқтырушылардың саны еш кемімей келеді. Мұндай тенденция біздің елде де орын алып жатқанын көріп, естіп жүрміз. Төтенше жағдай режимі аяқталғанымен карантин режимі әлі де болса бітпеді. Соңғы уақытта тұрғындар санитарлық талаптарға немқұрайлық танытып, босаңсып кеткені жасырын емес. Осының салдарынан сырқаттанушылардың саны күннен күнге артып келеді. Алайда, біз сыртқы әлемнен толық оқшаланудың мүмкін емес екенін түсінеміз. Сонымен қатар, жұмыс істемей үйде де отыра алмаймыз. Десе де, санитарлық дәрігерлердің нұсқаулықтарын қатаң сақтап жүрсек жағдайдың жақсарары анық. Сол себептен де карантин режимін бұзбай, ешбір себепсіз көшеде жүрмеуге шақырамын. Әсіресе той-домалақ, көпшілік шоғырланатын жерлерден алшақ болайық!

Иван Черных,

АОА бас дәрігерінің орынбасары:

Қадірменді жерлестер! Орын алған жағдайға байланысты облыста карантин режимінің күшейтілгені баршаңызға белгілі. Осы орайда тұрғындар жеке санитарлық қорғаныс құралдарын падалану арқылы өзін және жақындарын бұл індеттен сақтай алатынын қаперде ұстағаны жөн. Өкінішке орай, кей адамдар карантин шараларының жеңілдегенінен пандемия аяқталды деп түсінеді. Алайда, вирус әлі әлемді шарпып жүр. Індет барлық жерде жойылмайынша одан төнер қауіп жоғары, соны ұмытпау қажет. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Төтенше жағдай режимі аяқталған соң, халқымыз босаңсып кетті, аурудың барына сенбейтіндер саны артты. Кейбір азаматтар, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер қауіптің беті сейілді деп ойлады. Біз қауіп-қатерді болжай алмадық. Медициналық талаптарды, ұсыныстарды орындамадық. COVID-19 әлі айтарлықтай қауіпті. Сондықтан Үкімет карантиндік шараларды күшейтті», – деді.

Елімізде коронавирустан қайтыс болғандардың саны жүзден асып жығылды. Бүкіл республика бойынша ауруханалардағы керуеттер қос өкпенің қабынуына шалдыққандардан босамай жатыр. Қысқасы, эпидемия жойылған жоқ. Сондықтан, маска киіп, санитарлық-эпидемиологиялық режимді қатаң сақтау керегін ескертеміз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.