home
home home

САПАЛЫ ӨНІМ, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

САПАЛЫ ӨНІМ, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

Күн сайын өзгеретін азық-түлік бағасы халықтың қалтасын қағатыны жасырын емес. Көрпесіне қарай көсілетін халық күнделікті тұтынатын тауарларын арзан бағамен сатып алуды қалайды. Осыған байланысты ауданда ел игілігіне арналған коммуналдық базар ашылды.

Сенбі күні сауда саттық нысанында ауыл шаруашылық тауарлар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Әр ауылдық округтен келген кәсіпкерлер өз тауарларын нарықтан төмен бағамен сатылымға шығарды. Таң ертеңмен жәрмеңке өткен жерге жиналған халықтың көп болуы жергілікті өнімнің сұранысқа ие екенін анық байқатты. Жәрмеңкеде байқағанымыз ет пен жұмыртқаға сұраныс жоғары. Сиыр еті 1500 теңге, жылқы еті 1750 теңге болса, қой еті 1500 теңгеден саудаланды. Сондықтан, өнімнің осы түрі молынан әкелініп, қолжетімді бағамен сатылды. Ал, жұмыртқаның он данасы 260 тг, сүттің литрі 120 тг, картоптың келісі 65 тг, пияз 40 тг, сәбіз 65 тг болды. Өзге тауарлардың құны базарлар мен дүкендердегіден 20-30 пайызға арзан екенін байқаған көпшілік азық-түлікті молынан сатып алып жатты. Жалпы, бұл күні жәрмеңкеде 2,7 млн. теңгеге 8 тонна азық-түлік тауарлары сатылды. Сауда саттыққа округтердегі кәсіпкерлермен қатар, «Риха» ЖШС, «РЗКВТ» ЖШС, «Куликов и К» ЖШС, ЖК «Медовый Барон», «Үсен Ұлы» базары мен өзге кәсіпкерлер қатысты. Айта кету керек, коммуналды базардағы бұл сауда саттық өз өнімін тікелей нарыққа шығаратын өндірушіге де, теңгесін үнемдейтін тұтынушыға да тиімді. Себебі, өнімін алып келген шаруа, не болмаса кәсіпкер тауарын саудалау үшін ешбір төлем төлемейді. Сондықтан да олардың өнімдері арзан болады және бағаларын басшылық қадағалап отырады екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнімін осында саудалаймын деген кез келген тұрғынға есік әрдайым ашық. Алдағы уақытта базар тұрақты жұмыс істеуі үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

 

Әлеуметтің әлеуетін

арттыратын нысан

Бүгінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру басты міндеттердің бірі саналады. Бағаны тұрақтандырып, халыққа қолжетімді етудің бір жолы – әлеуметтік дүкен ашу. Осы орайда коммуналдық базардың жанынан әлеуметтік дүкеннің ашылуы соның айғағы.

Сенбі күні жәрмеңкеге келген халық әлеуметтік нысанның ашылу салтанатының куәсі болды. Бірінші кезекте аудан әкімі Болатбек Байтөленің құттықтауын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов сөз сөйлеп, аталмыш дүкеннің мақсаты мен маңызына тоқталып өтті. Ал, ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет дүкеннің зейнеткерлер үшін таптырмас сый екенін айтып, барша халықты бұл қуанышпен құттықтаса, ауыл ақсақалдары нысанның лентасын қиып, көпшілік дүкен ішін аралап көрді. Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік бағасымен танысып шыққан тұрғындар таңданысын жасырмады.

– Бүгін біз шын мәнінде халық игілігі үшін ұйымдастырылған іс-шараның куәсі болудамыз. Бұл жердегі бағалар өте тиімді, әсіресе зейнеткерлерге жақсы. Мұның барлығы аудан басшылығының қарапайым халық үшін жасаған қамқорлығы деп санаймыз. Дүкеннің жұмысына сәттілік тілеймін, – деген зейнеткерлер А.Сейдеқожаев және Р.Спанова біраз тауар сатып алды.

Мұндай нысандар тұрғындардың қалтасын қақпай, тұрмысын түзеуге мүмкіндік берері сөзсіз. Іс-шара барысында көмекке мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері тегін таратылды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.