home
home home

Сапалы білім – болашақ кепілі

 

Білім саласы үнемі аудан басшылығының басты назарында. Болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жағдайды бүгіннен жасау ел болашағына жасалып отырған қолдау десек артық болмас. Осыны қаперде ұстайтын Қордай ауданының әкімі Р.Дәулет аудан орталығындағы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы мен №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің жай-күйімен танысты.

Білім нысандарын аралаудағы басты мақсат – ондағы қордаланған мәселелерді аудан деңгейінде шешу жолдарын қарастыру, жалпы іргелі білім ошақтарының жағдайына шолу жасау. Рүстем Рысбайұлы алдымен облыс бойынша үздіктер қатарынан көрініп жүрген №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында болды. Мектеп директоры С.Сарғасқаева аудан басшысына мектеп ғимаратын көрсетіп, оқушылардың жетістіктері жайында әңгімелеп берді. Соңғы жылдары білім саласындағы тәуекел дәрежесін бағалаудың 39 критерийі бойынша барлық талаптарды орындап, соңғы үш жылда алдыңғы қатардан көрініп жүрген мектепте 1400-ден астам бала білім алады. 50-ден астам түрлі мектеп үйірмелері балалардың талабына қарай жұмыс жасап, білім, спорт және өнер бойынша алға жетелеуде. Осының арқасында оқушылар облыстық, республикалық сайыстарда, тіпті халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып келеді. Осындай үлгілі білім беру мекемесінде өзекті мәселелер де жоқ емес. Мәселен, мектептің спорт және акт залының төбесінен су өтіп, қолайсыздық тудырса, бассейн мәселесі де өзекті сұрақтар қатарында екен. Пайдаланылмай тұрғанына біраз жылдың жүзі болған спорт нысаны күрделі жөндеуді талап етеді. Осы орайда аудан басшысы мамандармен кеңесе келе оның орнына күрес залын ашып, мектеп жанында орналасқан спорт мектебінің оқушылары үшін жаттығу залын жасау керектігі туралы ортақ шешімге келді. Сонымен қатар, мектеп директоры С.Сарғасқаева шығармашылықпен айналысуға ниет білдірген оқушылар саны көп екенін айтып, алайда шеберхана мен еңбек сабағына қажетті заттардың болмауы қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Аудан басшысы еңбек кабинетінде оқушылардың жасаған бұйымдарын көріп, мектеп басшылығы білім бөлімімен бірлесе қажетті заттар алу үшін ұсыныс беруді тапсырды.

Аудан әкімі мектеп ауласындағы абаттандыру жұмыстары бойынша, оның ішінде жарықтандыру, орындықтарды жаңарту, гүлзарларды қалыпқа келтіру және даладағы спорт алаңшаларының стандартқа сай болуы бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Ал, мектеп маңындағы сыртқы жұмыстар бойынша Қордай ауылдық округінің әкімі Б.Сахатовқа бірқатар тапсырмалар берілді.

Осыдан кейін аудан әкімі №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейде болды. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен оқу орнының жағдайымен танысқан аудан басшысы мектепті безендіру бойынша директорға сын-ескертпелерін айтып, тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

«Әл-Фараби, А.Байтұрсынов, А.Құнанбаев сынды ұлы тұлғалардың тәрбиелік мәні бар қанатты сөздері мектептің көрнекі орындарында жазылуы керек. Даналардың дара сөздері өскелең ұрпақты тәрбиелеуде таптырмайтын құрал», – деді Рүстем Рысбайұлы.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.