home
home home

Туған жерге туын тіккендер

Туған жерге туын тіккендер

Өтегенде мешіт жанынан 400 орындық асхана ашылды

Елімізде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында атқарылып жатқан іс аз емес. Бұл істер мемлекетіміздің өркендеуіне айтарлықтай серпін бергені де анық. Ауданымызда «Рухани жаңғырудың» басты бағыттары бойынша мақсатты және жоспарлы шаралар қолға алынып, атқарылып келеді. Өткен аптада аталмыш бағдарлама аясында Қарасу ауылдық округіне қарасты, Өтеген ауылында үлкен қайырымды шара іске асты.

 

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Соған сай халқымыз ата-баба есімін ұмытпай, ас беріп, Құран бағыштап жатады. Өтеген ауылының тұрғындары үшін осындай шара өткізуге тамаша мүмкіндік туды. Ауылдық мешіт жанынан сән-салтанаты жарасқан үлкен асхананың ашылуы ауыл тұрғындары үшін қуанарлық жаңалық болды. Ашылу салтанатына халық қарасы көп жиналды. Қадірменді қонақтар мен ауыл тұрғындарын аудан әкімінің атынан құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жамангозов ауыл ақсақалы Тұрған Жасыбаевпен бірге лентаны қиды. Бір мезетте төрт жүзге жуық адамды қабылдайтын асхана ешбір тойханадан кем түспейді. Іші жарық, әрі кең, қажетті ас саймандарымен жабдықталған. Бұл ауылдың Атымтай жомарт жандарының тұрғындарға арнаған сыйы. Қараша халық кең жайылған дастархан басына жайғасып, ата-баба рухына Құран бағышталды. Ақсақал мен әжелер өнегелі сөз сөйлеп, ғимарат құрылысына атсалысқандарға алғысын жеткізіп жатты. Ал, ауылдық округ әкімі Бектұр Кәмпитов ауыл өміріне белсене араласып, асхана құрылысына қосқан үлесі үшін бірнеше азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады. Тарқатып айтсақ, олар: Алик Нұрмаханбетов, Айдар Нұрмаханбетов, Әділет Жылқыбаев, Бейбіт Бегалиев, Фарида Жаубасарова, Русланбек Жапеков, Нұрқабыл Жапеков, Бейімбет Асқаров. Іс-шараға қомақты үлес қосқан Мәлік Нұрмаханбетовке де өтегендіктердің алғысы шексіз. Туған жерге туын тігіп жүрген осындай азаматтарға қандай мақтау айтса да жарасады.

Ынтымағы мен ауызбіршілігі жарасқан ауыл тұрғындарының ұйымдастырған мерекесі мұнымен шектелмей, баршасы ауыл сыртына бет алды. Мұнда дәстүрлі аударыспақ, қазақша күрес және көпшілік қызыға көретін көкпар ойындары өтті. Ал, ауданның өнерпаздары орындаған ән-күй мен билері көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлап, мерекенің әсерлі өтуіне септігін тигізді.

Көкпар десе ішкен асын жерге қоятын шабандоздар ауданымыздан бөлек, Жамбыл облысының түкпір-түкпірінен жиналды. Жалпы жүлде қоры бір миллион болғанын атап өткен жөн. Ең басында Қарасу және Қордай командалары мәре көкпардан бәсекеге түсіп, қордайлықтар 100000 теңгені қанжығасына байлады. Кейіннен әр салымға 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін тігілсе, Бақыт Байтөле тіккен тананы тараздық қонақтар ұтып алып, Мұрат Өсербаев тіккен түйе мен кілемді «Әулиеата» командасының шабандозы жетектеп кетті. Ер жігіттің ат құлағында ойнайтын шеберлігі, ептілігі мен күш-қайраты сыналатын осынау ұлттық ойын түрінің, әсіресе, ауданымызда кеңінен етек жайып, ерекше қарқынды дамып келе жатқандығының бір мысалы. Сондай-ақ, келесі күні футболдан жарыс өтіп, жеңімпаздар 50000 теңге сыйақы алды.

Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараны көргендер, ауыл жұртының ауызбіршілігі мен ынтымағына тамсанғаны рас. Туған жерін әспеттеп, ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап жатқан өтегендіктерге ризашылығын білдіргендер де аз болмады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта