home
home home

Қордай ауданының әкімі Б.Байтөленің 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай құттықтау сөзі!

Қордай ауданының әкімі Б.Байтөленің 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай құттықтау сөзі!

 

Құрметті аналар, қадірменді асыл жандар, арулар, аяулы қарындастар!

 

Баршаңызды келе жатқан  8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Жыл сайын көктеммен бірге келіп, жылулық пен қуаныш сыйлайтын бұл мерекенің адамзат өмірінде алар орны ерекше.  Себебі, табиғат тіршілігі көктемнен бастау алса, адамзат өмірінің бастауын анадан алады. «Жер бетіндегі асыл қасиет күннің нұры мен ананың ақ сүтінен жаралған» – деп халқымыз бекер айтпаса керек. Сондықтан да ананың есімін ұлықтап, әрқашанда оны биікте ұстау азаматтық парызымыз деп білемін.

Қазіргі кезде қоғамды әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Қай салада болмасын әйел затының аялы алақаны сезіледі. Мықты басшы, білікті маман, табысты кәсіпкер болып ер азаматтармен тең қызмет атқарып келеді. Сондай-ақ, алтын құрсақ аналарымыздың жолын жалғастырып келе жатқан жас аналарымызда баршылық.

Осындай туған жерінің қоғамдық- саяси өмірі мен әлеуметтік – экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген әйел азаматшалар біздің ауданымызда көптеп кездеседі. Бүгінде мемлекеттік қызметкерлердің  44,8%,    білім беру саласының 83,1 %, денсаулық саласының 90 % әйел азаматтар құрап отыр. Міне, өңіріміздегі халыққа қызмет көрсететін басты әлеуметтік сала бойынша мекемелерде  басым көпшілігі әйел азаматшалар еңбек етуде.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда әйел затының еңбегін жоғары бағалап, көпбалалы аналарға қамқорлықты жыл сайын күшейтіп келеді. Оған еліміздегі ана мен баланы қорғау шараларының қолға алынуы, әлеуметтік жағдайларына байланысты жәрдемақылардың көбейюі бірден-бір дәлел болып табылады. Бүгінде  біздің ауданымызда 4000 нан астам көп балалар аналар болса, олардың ішінде 1580 ана «Алтын алқа», «Күміс алқа» құрметті төсбелгілерінің иегерлері. Ардақты аналарымыздың дүниеге сәби әкеліп, жас ұрпақ тәрбиелеудегі ерен еңбегін біз ерекше құрметтейміз.

Құрметті арулар!

Туған Отанымыздың әрбір шаңырағы берік болып, еліміздегі бірлік пен берекені сақтауда, мемлекетіміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеудегі Сіздердің қосқан үлестеріңіз мол.

Әрқашан да асқақ әрі төзімді, кешірімді қалыптарыңызда қала беріңіздер. Сіздердің мейірімділіктеріңіз бен махаббаттарыңызға алғысымыз шексіз!

Баршаңызға көктемнің осы күнгі мерекесінде зор денсаулық, бақыт және туған-туыстарыңызға амандық тілеймін!

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта