home
home home

Құрылыс нысандарында қызған жұмыс

 

Өткен аптада ауданымызға жұмыс сапарымен келген Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек аудан басшысы Рүстем Дәулетпен бірге бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты. 

Облыс басшысының орынбасары Ұлан Жазылбек ең әуелі Бетқайнар ауылындағы жаңадан салынып жатқан спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Айта кетсек, тұрғындардың игілігіне арналған заманауи спорт нысанының құрылысын «ПМК-109» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Жұмыстың бүгінгі барысын бақылаған Ұлан Еркінұлы мердігер компания өкілдеріне бірқатар ұсынысын айтып, нысанның сапасына аса мән беру керектігін алға тартты.

Осыдан кейін ат басын Арал ауылына бұрған Ұ.Жазылбек ондағы ауылішілік ауыз су құбырын тарту жұмыстарына ден қойды. Осы тұста жауапты істі қолға алған «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандарымен тілдескен ол жұмысқа қамшы басу керектігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмаларын жүктей келе жұмыстың сапасына мән беріп, аяқталу мерзімі жіті қадағаланатынын тілге тиек етті. Облыс басшысының орынбасары келесі кезекте дәл осындай ауыз су жүйесі тартылып жатқан Өтеген ауылына табан тіреп, мердігер компания өкілдерімен кездесті.

Ал, осыдан кейін Қаракемердегі қос бірдей құрылыс нысандарын аралаған Ұ.Жазылбек атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Алдымен ауылдағы коммуналдық пәтерлердің құрылысымен танысқан ол жұмысты ширату керектігін ескертті. Айта кетсек, мұнда Үкімет резервінен бөлінген қаржыға 20 коммуналдық пәтердің құрылысы жүруде. Ал, ауылға ауыз су жүйесін тартып жатқан медігерлерге облыс әкімінің орынбасары бірқатар ескертуін айтып, жұмысты жандандыруға кеңес берді.

Осыдан кейін Масаншы ауылына барған өңір басшысының орынбасары ауылды қайта қалпына келтіру жұмыстарын көзбен көріп, бірқатар ұсыныстарын айта келе қызу қарқын алған құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Облыстан келген қонақ түс ауа Отар аймағына жол тартып, ондағы газ құбырларын тарту жұмыстарының барысымен танысты. Айта кетсек, үстіміздегі жылдың соңына қарай Отар аймағындағы ауылдарға газ тартылып, тұрғындар 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылмақ. Осы жоспарды мінсіз жүзеге асыру үшін әрбір іске жауапкершілікпен қарауға шақырған Ұлан Еркінұлы қолға алған жұмысты жүйелі жүргізуді және оның сапасына мән беруді тапсырды.

Осылайша, ауданымызға арнайы келген аймақ басшысы орынбасарының келесі барған нысаны Гвардейский қалашығындағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт қызметкерлеріне арналған көпқабатты үйдің құрылысы болды. Құрылысты мойнына алған «БазисДорстрой» ЖШС басшылығы Ұ.Жазылбекке нысан құрылысын егжей-тегжей түсіндіріп өтті. Құрылысы қарқын алған нысанның жұмысына оң бағасын берген облыс әкімінің орынбасары құрылысшылардың жұмысына сәттілік тілеп, қалашықтағы иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысын бақылады. Бүгінде ішкі жұмыстары қалған нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Дегенмен, мамандарға бірқатар ескертулер мен жұмысты тездету керектігі айтылды. Осыдан кейін Отар ауылына табан тіреген Ұ.Жазылбек ондағы спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Ауыл тұрғындары асыға күткен нысанның құрылыс жұмыстарының аяқталуына аз қалғанымен, аймақ басшысының орынбасары жұмысты сапалы түрде әрі уақытында аяқтауды тапсырды.

М.ҚАРАБАЕВ

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.