home
home home

Құрақ әлемінің әдемілігі

Құрақ әлемінің әдемілігі

Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың көне замандардан қол үзбей келе жатқан дәстүрі мен ұлттық қолөнері алуан түрлі. Қошқармүйіз бен қосмүйізді, арқармүйізді айыра алмайтын қазақ жоқ шығар.

«Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген атам қазақ ұзатылатын қызының жасауына көп көңіл бөлген. Кеңес заманынан бұрын ата-бабаларымыз төрт түлік малды еншілеп, ағаш үй тігіп, қыздың жасауын әдемілеп дайындап берген. Заман ағынымен бірге ілесіп, ұлттық салт-дәстүріміз де жаңарып, жаңғырып келеді. Қазіргі уақытта ата-ана ұзатылатын қызына қал-қадерінше, әл-ауқатына қарай жасау дайындап береді. Киім-кешек пен әшекей-бұйымға, сырмақ, көрпе, алаша, кілем, жастық сынды тұрмыстық заттардың барлығына ою таңбаланып, өрнек бастырылады. Ал, бүгінгі кейіпкеріміз Дина Жетібаева қыз жасауын тігіп, оюланған құрақ көрпе кестелеумен айналысады. Тігіншінің айтуынша, бұл өнер оған анасынан дарыған. Дина Азаматқызы Тараз қаласы маңындағы Құмшағал елді мекенінің тумасы. Құрақ көрпе тігудің әдісін анасынан көріп, жастайынан ұлттық өнердің қыр-сырын түсініп өскен. Анасы Жанаш Дүйсебаеваның қасынан қалмай қиындыларды құрастырып, оюларды ойып беріп қолғабыс еткен бойжеткен табиғаты тамылжыған Аңырақай ауылына келін болып түскен шаңырағында да ермегін тастамады. Тұрмыс құрған ол енесі Қыдыркүл апаның ісмерлігімен таныс болды. Құрақ құрап, тігін тігетін жас келінге ене тәлімі мен үйреткені де бар.

Динаның айтуынша, біздің өңірде қыз жасауы мен құрақ көрпеге деген сұраныс пен қызығушылық жоғары. Қазақта құрақтың 200-ден аса түрі бар делінеді. Қолөнер туындыларын жасаған кезде, қалдық болып жиналған қиындыларды қиюластырып, ебін тауып тіккен дүниені «құрақ» дейді. Құрақ – мата қиындыларынан құралып жасалатын төсеніш.

– Соңғы уақыттары «Инстаграм» әлеуметтік желісі көп қыз-келіншектердің өз кәсібін бастап, ісін өркендетуге мол септігін тигізуде. Көбі сән мен сұлулық саласын таңдап, бет әрлеуші, киім тігуші атана бастады. Мен де қатардан қалмай, бос уақытымды пайдалы іске жұмсағым келді. Қолымнан не келетіндігін ойлай бастадым. Тігіншілікті бастау туралы ойдың қайдан оралғанын білмеймін, әйтеуір, бала күнімде анамнан көргендерім есіме түсіп, қыз жасауын тігуге бел будым. Оның үстіне, көптің бірі болмай, өзгеден ерекше көрінетін істі қолға алу керек болды. Сол себепті Kurakkorpe_korday инстаграмм парақшасын ашып, тапсырыстар қабылдай бастадым, – дейді ісмер.

Қазақ үшін құрақ көрпе мен жастық-жамылғы ананың қызына тартқан, өзі қолдан тігіп табыстаған сыйы. Ал, қыз бала үшін құрақ көрпе – анасың көзі. Қыздың анасы ою-өрнек арқылы сүйікті қызына деген сезімін, жүрек жылуын танытып, ыстық ықыласын, сағынышын білдіреді. Қыз жасауына ыдыс-аяқ, қоржын, құрақ көрпе, төсеніш, жамылғы көрпе, ою көрпе, махаббат көрпесі, төсек жапқыш, жастық енеді. Ал, мұнда ыдыстан басқасының барлығы тігіншінің қолынан өтіп, оюмен көмкерілетін дүниелер. Шебердің айтуынша, көрпенің түрлері олардың ені мен ұзындығына, қолдану мақсатына байланысты жіктеледі.

– Төсек көрпе, әдетте, бір кісілік төсектің көлеміндей етіп тігіледі. Жалпы, көрпелердің түр-түрі бар. Кейбір құрақ көрпенің түрлері қыз жасауына енеді. Мәселен, төр көрпе, махаббат көрпесі, күйеу көрпе, шәй көрпе, құдағи көрпе, жамылғы көрпелерді атасақ болады, – дейді шебер.

Қордай ауылына жақында қоныс аударған Дина төрт баланың анасы. Сүйікті ісін жасай жүріп, бала тәрбиесі мен келіндік міндетін де мінсіз атқаратын шебер тапсырысты әлеуметтік желі арқылы қабылдайды. Жиынтық бағасы жүз елу мың теңге тұрады. Жиынтыққа алты жамылатын көрпе, төсейтін ет көрпе, бес құралған оюлы төр көрпе және махаббат көрпесі үш жастығымен кіреді. Жаңа туған сәбидің бесік жасаулары он бес мың теңгеден екен. Өзінің жеке шеберханасын ашып, ұлттық нақыштармен көмкерілген жасау тігетін қыз-келіншектердің басын қосу іспетті арманы да жоқ емес.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта