home
home home

Қуатты өңір – қуатты Қазақстан

 

Сенбі күні Қордай ауданына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен келіп, бірнеше елді мекенді аралады. Отар ауылы, Гвардейский қалашығы, кейіннен Әлжан ана, Сортөбе және Қаракемер ауылдарында болған өңір басшысы бұл күні бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандардың ашылу салтанатына қатысып, жұмысы жүргізіліп жатқан бірнеше құрылыс алаңдарында болып қайтты. Облыс әкімінің сапары жайында газетіміздің келесі беттерінен толығырақ оқи аласыздар…

Жұмыс сапары барысында

облыс әкімі Бердібек Сапарбаев

Отар ауылындағы автоматты газ тарату стансасының (АГТС) құрылысы барысымен танысты.

 

Құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысан Отар аумағының 12 елді мекенін газбен қамтитын болады. Мұнда өңір басшысын Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев және Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев жобаның іске асырылу барысымен таныстырды. Осы тұста мердігер компания өкілі, яғни «Таразстрой-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейірбек Жүнісовтың жұмыс барысы жайындағы есебін тыңдағаннан кейін Бердібек Сапарбаев бұл нысанның маңыздылығын тағы да еске салып, құрылысшылардың ісіне сәттілік тіледі. Естеріңізге сала кетсек, Отар АГТС құрылысына 1 млрд 50 млн теңге қаржы қарастырылған. Ал, жалпы Отар аумағының 12 елді мекеніне газ құбырын тартуға жобалық құны 4 млрд 36 млн теңгені құрайтын қаражат бөлінген.

Осыдан кейін облыс басшысы Гвардейский қалашығындағы иммундық препараттарды өндіретін биофармацевтикалық зауыттың қызметкерлері үшін салынып жатқан 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысып, онда бірқатар ұсыныс жасады. Сонымен бірге өңір басшысы зауыт құрылысын да байқап қайтты. Айта кетсек, алдағы уақытта зауыт облыс бойынша ірі өндіріс нысанына айналады. Жоспар бойынша пайдалануға ағымдағы айда өткізелетін зауытта 30-60 млн доза биопрепарат өндірілмек.

Спорт ґрісін кеѕейтуге ќарышты ќадам

Қордай ауданы биылғы жылы үлкен құрылыс алаңына айналып, көптеген игілікті істер қолға алынғаны көңілге қуаныш ұялатады. Аудандағы көптеген жылдар бойы қордаланып келген мәселелер шешімін тауып, тұрғындар риясыз ризашылығын жеткізуде. Мәселен, ағымдағы жылдың маусым айында ауданда бірден 4 спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталған болатын. Соның бірі Әлжан ана ауылындағы спорт нысаны ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында салтанатты түрде ашылды. Ауданға жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады.

Биыл Әлжан ана ауылының инфрақұрылымын дамытуға төрт жүз миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті. Нәтижесінде ауылдың инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Өткен жылы ауылда жаңа сумен қамту жүйесі салынса, биыл таза ауыз су құбырлары әр аулаға тартылды. Ауылдың жолдарына тақтайдай тегіс асфальт төселіп, көшелер жарықтандырылды, сонымен қатар төрт көшеге тротуар төселіп, ел игілігіне тапсырылды. Ауылдағы білім саласы да назардан тыс қалмай Т.Рысқұлов атындағы №23 орта мектебі де күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ, ауылдағы спорт сүйер қауымның игілігіне арналған су жаңа спорттық-сауықтыру кешені бой көтерді.

Жалпы құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізді. Қаржыны «Самұрық-Қазына» АҚ бөлген. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен қатар аудан басшысы Рүстем Дәулет, атақты боксшы Марат Мәзімбаев және ауыл тұрғындары қатысты. Бердібек Машбекұлы тұрғындарды келе жатқан ҚР Тәуелсіздігі күнімен құттықтап, өңірде атқарылған ауқымды жұмыстарды жіпке тізіп, мұндай игі істер мен жоғары жетістіктер егемендігіміздің арқасында келіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар облыс әкімі жаңа спорт нысанына өзінің сыйлығын тарту етті.

«Құрметті қонақтар, жерлестер! Бүгін, міне, ауылымызда заманауи спорт кешені ашылып отыр. Бұған бүкіл ел болып қуанып жатырмыз. Бұл тек осы ауылдың жастары ғана емес, көрші ауыл тұрғындары үшін де беріліп отырған зор мүмкіндік. Енді ұл-қыздарымыз осында келіп, түрлі спорт түрлерімен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік алып отыр. Яғни, ертең осы балалардың арасынан атақты спортшылар шығатынына сенімдімін.  Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, облыс әкімі Сапарбаев Бердібек Машбекұлына, аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы Дәулетке және осы спорт нысанының ашылуына атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз», – деген ауданның спорт саласының ардагері Нұрғали Өмірзақовтың сөзінен соң Марат Мәзімбаев та жерлестерін құттықтап, бұл спорт ошағынан аты әйгілі спортшылар шығатынына сенім білдірді.

Осыдан кейін мердігер компания «Агроспецстрой» ЖШС-нің директоры Марат Рахимбердиев Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағалиевке спорт кешенінің символикалық кілтін табыс етті.

Жаңа ғимаратта үлкен спорт залы, күрес залы және спортшыларға арналған киім ауыстыру, жуыну бөлмелері бар. Онда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады.

Айта кетсек, ауданда бүгінде үш спорт мектебі бар. Ол мектептерде 4499 оқушы тіркелген. Ауданда жалпы 316 спорт нысаны жұмыс істейді. Барлығы ауыл тұрғындарының айналысуына қолжетімді. Осының арқасында тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны 46 мыңға жуықтап, 31,6 пайызды құрады. Ал, Әлжан анадағы жаңа кешен бұл көрсеткіштің артуына септігін тигізетіні анық.

Еркін Қатбеков


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.