home
home home

Қуатты өңір – қуатты Қазақстан Қордайда қоныстой көп болмақ 

 

 

Қордай ауданы биылғы жылы үлкен құрылыс алаңына айналып, көптеген игілікті істер қолға алынғаны көңілге қуаныш ұялатады. Аудандағы біраз жылдар бойы қордаланып келген мәселелер шешімін тауып, тұрғындар риясыз ризашылығын жеткізуде. Сондай игі істердің бірі ретінде Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылында су қабылдағыш нысан және су құбырының құрылысы жүргізілуде.

Осы орайда бір айта кетерлігі, бұл  бағытта аудан бойынша 2,7 миллиард теңгенің алты жобасы жүзеге асырылуда. Кенен ауылындағы су құбырын тарту жобасы тапсырылу кезеңінде болса, Қаракемер, Қордай және Отар ауылдарындағы жұмыстар 80 пайызға, Өтеген және Арал ауылдарында 90 пайызға  аяқталған. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін ауданда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 73-тен 78 пайызға дейін артады деп күтілуде. Арал ауылына келер болсақ, нысанда тереңдігі 90 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланған. Ал, су қабылдағыш нысанның өзі Арал ауылынан 1,2 шақырым жерде орналасқан. Орталықтандырылған су құбыры 280 абонентке қызмет көрсетіп бастамақ. Мердігер «ТемірСтройСервис и К» ЖШС. Қазір аумақты жарықтандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көп ұзамай аяқталмақ.

Құрылыс туралы сөз болғанда бір аса маңызды сала турасында айтып өтпеске болмас. Қордайлықтарға спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндіктер көптеп жасалуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан 2050» ұзақ мерзімді стратегиялық Жолдауында елімізде халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту туралы және спортпен шұғылданушылардың санын 2020 жылға дейін 30%-ға жету керектігі жайында тапсырма берген болатын. Осының аясында ағымдағы жылы «Samruk-Kazyna Trust» ҰҚ демеушілігімен Масаншы ауылында құны 57 млн. теңгені құрайтын стритворкаут, кіші футбол және балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар, «Агроспецстрой» ЖШС  Әлжан ана ауылында құны 323 миллион теңгені құрайтын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуде.  Қаржыны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бөлген. Онда балалар күрес, бокс және басқа да спорт түрлерімен шұғылдана алады. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында аяқталады деп күтілуде. Осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстары Отар және Бетқайнар ауылдарында жүріп жатқаны турасында газетімізде жазған да болатынбыз.

Биылғы жылы аудандағы білім саласына да айырықша көңіл бөлінуде. Мәселен, Әлжан ана ауылында №23 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. 1972 жылы қолданысқа берілген білім нысанының шатыры, едені, жылыту жүйелері ауыстырылып, жылы дәретхана, су және газбен қамтылып, 27 бейнекамера орнатылған. Жаңара түскен оқу орнында ендігі жерде білім сапасын арттыруға көп көңіл де бөлінетіні анық.  Осы орайда ауданда жаңа білім ошақтары салынып жатқанын да айта кету керек. Қазіргі таңда 3 жаңа мектеп құрылысы жүруде. Осының есебінен Күнбатыс-2 ауылындағы бір апатты мектеп және Масаншы мен Қалғұты ауылдарындағы мектептерде орын тапшылығы мәселесі толықтай шешімін таппақ.  Масаншыдағы мектеп құрылысына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 1,2 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сыйымдылығы 600 орындық. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алып, қабырғалары көтеріліп, шатырын жабу қолға алынған. Ал, Қордай ауылының «Батыс» тұрғын алқабында «Агроспецстрой» ЖШС 5 қабатты тұрғын үй құрылысын аяқтауға таяу. 60 пәтерлік үш үйдің екеуі кірпіштен, үшіншісі газоблоктардан тұрғызылуда. Оған жақын маңнан саябақ  және әлеуметтік нысандар салу жос-парлануда. Қазіргі күнде 1524 қордайлық тұрғын үй кезегінде тұрғанын ескерсек, олардың кейбірі осы жылдың соңына дейін қоныстойын тойлайтын болады. Ал, Қаракемер ауылында қолға алынған коммуналдық пәтерлердің құрылысы биылғы жылы басталып, қазір толықтай аяқталды деуге толық негіз бар. Құрылысқа 224 млн. теңге қаржы бөлінген.  20 коммуналдық пәтер бой көтерген. Көп ұзамай құрылысшылар кілтін тапсыруды көздеп отыр.

Қордайдағы қарымды істер қатарында Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан газдандыру жұмыстарын айтуға болады. Қарасу, Өтеген, Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбырын келтіретін құрылыс-монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталуға таяу болса, 15 қазан күні құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округіне газ кіргізілді. Бүгінде қос ауылдың тұрғындары ретімен газға қосылып, аталмыш жұмыстардың жүруіне ықпал еткен Мемлекет басшысына алғыстарын айтуда.  Сонымен қатар, «Отар аумағындағы» 12 елді мекенге, атап айтсақ  Отар, Гвардейский, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Алға, Көгадыр, Соғанды, Мұзбел, Аңырақай, Бел ауылдарына 175 шқ магистралдық газ желісінің және АГРС-тің құрылысына 5,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар басталған. Бүгінде бірнеше ауылда газ желілерін тарту жұмыстары қолға алынған. Газға қосылу бойынша да тұрғындарға жеңілдіктер қарастырылмақ екен.

Жандос ОМАРОВ

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.