home
home home

Қордайлықтар көмек қолын созуда

 

Қазақстанның барлық өңірінен Арыс қаласында зардап шеккендерге гуманитарлық көмек түсуде. Бұл игі істен Қордай ауданы да шет қалған жоқ. Бұл іске аудан тұрғындары да, жергілікті билік өкілдері де, әр түрлі қоғамдық ұйымдар атсалысуда. Көмек қабылдау жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр деуге болады.

Осыған орай «Жастар ресурстық орталығы» қабылдау пунктін «Қордай» мейрамханасының маңында, Төле би көшесінде ұйымдастырған. Аталмыш пункте кісі аяғы үзілмейді. Қайырымды жандар мұнда макарон, қарақұмық, ұн, қант, күріш, су, сусын сынды бірінші кезекте қажетті азық-түлік тасып, қысқы аяқ киім, киім, көрпе, кілемге дейін көтеріп келіп жатыр. «Жастар ресурстық орталығының» директоры Расул Беделбаевтың айтуынша аудан тұрғындары бұл іске белсенді қатысуда екен.

– Біз зардап шеккендерге көмек көрсету үшін киім, дәрі-дәрмек, азық түлік, гигиена құралдарын қабылдап жатырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз – отандастарымызға көмек көрсету, қиын жағдайда бірлігімізді таныту, Арыс тұрғындарына қолдау көрсету. Барша қордайлықтарды шет қалмай, қол ұшын созуға шақырамын, – дейді Р.Беделбаев.

Сондай-ақ, гуманитарлық көмек қабылдау пунктері «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының жанында және аудандық мешітте ұйымдастырылған. Ал, елдің аумағында гуманитарлық көмек жиналып жатқанда Арыс қаласында қираған үйлер мен ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Қордай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығымен көмекке екі құрылыс бригадасы жолданды.

– Әр нысан бойынша әр түрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірінде шатыр ауыстырылып жатса, басқасында есік-терезе қалпына келтірілуде. Жұмыстың көлемі үшін сомалары көрсетілген құрылыс сметалары бар, – дейді аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы А.Райымбекова. Құрылыс жұмыстарына барлығы 27 қордайлық жұмылдырылған. Естеріңізге сала кетсек, Арыс қаласында жарылыс барысында зардап шеккендерді қолдау мақсатында бүкіл Қазақстан бойынша «Арыс, біз біргеміз» акциясы жүргізілуде.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта