home
home home

Қордайлық жомарт жандар көмегі

Қордайлық жомарт жандар көмегі

 

 

Соңғы жеті айдан бері әлемді әлекке салған коронавирустық инфекциямен күрес Қордай

ауданында өз деңгейінде жолға қойылған. Бұл іске аудан әкімі Р.Дәулеттің бастамасымен жергілікті кәсіпкерлер де жұдырықша жұмылып, өз қаражатынан дауасыз дертпен күресте ауадай қажет өкпені жасанды желдету, оттегі концентраторы сынды құрылғыларды сатып алып, ауруханаға тарту етуі көңілге қуаныш ұялатып отыр.

 

Табыстан бұрын азаматтық жауапкершілікке ден қойған қордайлық атымтай жомарттар қазірдің өзінде жергілікті денсаулық сақтау қызметіне 4 оттегі концентраторын алып берді. Кәсіпкерлердің енді бір шоғыры аудандық аурухана жанынан құрылған провизорлық бөлімшені қосымша төсек орнымен жабдықтауға үлес қосты. Олар осы бөлімшедегі 30 төсек орнын  матрас, жастық, көрпе сынды қажеттіліктермен қамтамасыз етті.

Осы орайда, жомарт жандарға жекелей тоқталып өтсек. Ауданымызда жұмысын бастаған «MONTERRA QASAQSTAN» ЖШС 1 дана өкпені жасанды желдету аппаратына тапсырыс беріп қойса, дәл осындай аппаратты алуға белгілі меценат С.Салыбаев бастаған бір топ кәсіпкерлер де бел буып отыр. 20 шілдеге дейін қауіпті індетке шалдыққан жандарға көмек болатын аппарат орталық ауруханаға жеткізілмек.  Бір аппараттың құны 10 миллион 500 мың теңге. Сонымен қатар, аудандағы жекеменшік балабақша басшылары да осы бір сауапты іске атсалысып, жалпы сомасы 370 мың теңге тұратын 10 дана пульсоксиметрге тапсырыс беріпті. Ал жалпы сомасы 2 миллион 352 мың теңге тұратын 4 оттегі концентраторды ауданның бір топ белсенді азаматтары орталық ауруханаға табыс етті.  Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен 6 дана оттегі концентраторы алынбақ.

Ал, жеке кәсіпкерлер наурыз-шілде айлары аралығында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жалпысы 1 миллион теңгеден астам қаржы бөлген.

Мешіт жамағаты да коронавирустық инфекциямен күреске қал-қадірінше үлес қосу мақсатында қаржы жинап, әлеуметтік жағдайы төмен, әрі мұқтаж отбасыларға трембапол, аспирин, парацетомол сынды дәрілерді алып беріп, таратты. Жалпылама алатын болсақ, өте қымбат тұратын өкпені жасанды желдету аппараты және өзге де қажетті құралдарға аудан кәсіпкерлері осы күндер аралығында 27 миллион 572 мың теңге бөлген. Негізінде, бұл ауданның жомарт азаматтары жасаған қайырымды істің бір парасы ғана. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, атқамінер азаматтар бірлесе қайырымды іске белсене кіріскен.

Аймақтағы коронавирустық инфекциямен күрестің енді бір бағыты азаматтардың карантиндік талаптарды қатаң сақтауын бақылау сипатында өрбуде. Бұл жұмыстарды жауапты қызмет өкілдері мүшелікке өткен құрамында аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен округ әкімдері бар мобильді топ арнайы жұмыстар жүргізуде.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.