home
home home

Қордайлық диқандардың еңбегі жемісті

Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде өтетін брифингісі дәстүрге айналған. Онда ол ауданда атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп, тұрғындардың сұрағына жауап береді. Бейсенбі күні өткен кезекті брифинг барысында Рүстем Рысбайұлы ауыл шаруашылығы саласындағы оң өзгеріске кезек беріп, саланы дамытуға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласы аудандағы негізгі салалардың бірі. Өйткені, аудан тұрғындарының дені егін егіп, мал бағады. Сондықтан да осы күнгі брифингтегі ақпараттың маңыздылығы арта түскені анық. Мәселен, аудан көлеміндегі барлық ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің көлемі 135391 гектар болса, биыл оның 120577 гектары игерілген. Нақтырақ айтсақ, 23377 гектарға күздік бидай, 40136 гектарға жаздық арпа,  7661 гектарға дәндік жүгері және қалған жерлерге өзге дақылдар егіліпті. Қазіргі таңда, екінші қыркүйекке белгіленген 63513 га масақты дақылдар толығымен орылып, 152446 тонна астық бастырылған. Масақты дақылдардың орташа өнімділігі аудан бойынша 24 центнерден айналып отыр. Сонымен қатар, жоспарланған 46790 га шабындық жердің 47118 га жері шабылып, шаруалар өздеріне қажетті шөппен толықтай қамтылды. Егін орағы науқанына 88 дана астық комбайны, 368 автокөлік және 582 трактор тіркемесі жұмылдырылса, астық қабылдауға 21 қырман, 29 автокөлік таразысы және 15 тұқым тазалағыш қондырғысы жұмылдырылған.

Аудан басшысының айтуынша, 2021 жылға себілетін күздік бидайға 22200 гектар жер жоспарлануда. Аудандық «Агро-эксперт А.S» ЖШС-ң тұқым зертханасына тексеруге 4430 тонна түсіп, барлығы тексерілді, оның 2900 тоннасы І-сыныпты, 1530 тоннасы ІІ-сыныпты болып анықталды.

Аудан басшылығы тарапынан көктемгі егіс-дала жұмыстарына 2405 тонна дизель отыны бөлініп, операторларға 2276 тоннасы түскен. Ал, шаруашылықтардан 2187 тоннаға өтінім қабылданып, барлығы 1368,8 тонна дизель отыны алынды. Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстарына 2015 тонна дизель отыны бөлінген.

Рүстем Рысбайұлы брифинг барысында қаржы мәселесіне де тоқталып өтті. Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына қажетті сома 1691460 мың теңге. Қаржыландыру жоспары 137008 мың теңге болса, «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы шаруашылықтардан 144300 мың теңгеге 11 өтініш түсіп, толығымен мақұлданып несие берілді.

Жамбыл ауылдық округінде іске асып жатқан пилоттық жоба аясында сауда нүктелеріне, ішкі нарыққа өндірілген өнімдерді өткізуге көмек көрсетілді. Бұл бағытта 1032 гектар жері бар 950 аула қатысты. Бүгінгі күнге жиналған өнім: 12,5 тонна қияр, 20 тонна картоп, 8,5 тонна сәбіз. Сатылғаны: 8 тонна қияр – бағасы 150 тг/кг, 14 тонна картоп бағасы – 105 тг/кг, сәбіз 6 тонна – 150 тг/кг, жалпы 3600,0 мың теңгеге өнім сатылды. Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы аясында «Тараз» ӘКК-на 91 адам несиесін төледі.

Брифинг барысында аудан әкімі тұрғындардың екі жүзге жуық түрлі мәселелерін тыңдап, сұрақтарға жауап берді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.