home
home home

Қордайлық балға сұраныс жоғары

 

Өткен сәрсенбі күні «Интенсив Білім» қосымша білім беру орталығы жылжымалы семинар – ара шаруашылығы жөнінде тәжірибелік сабақ өткізді. Қатысушылар осы күні бұл мамандықтың қыр-сырымен танысуға мүмкіндік алды.

Бал – гүлдің шырынынан алынатын өнім екені баршаға белгілі. Ал, сол жиналған өніммен қалай жұмыс істеу керек, жалпы омарташылықтың қыр-сыры турасында семинар барысында кеңінен айтылды.

Тәжірибелік семинарға 20-ға жуық адам қатысты. Олардың барлығы ара шаруашылығы бойынша ұйымдастырылған курстың тыңдаушылары.  «Интенсив Білім» қосымша білім беру орталығының директоры В.Ромащенконың айтуынша мұндай сабақтар – оқудың міндетті бөлігі. «Орталығымыз Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында жұмыс істеуде. Біз бірқатар мамандық бойынша, оның ішінде ара шаруашылығы бойынша қысқа мерзімді курс өткіземіз. Бүгін «Аналық ара шығару» және «Омарташылық құрал-жабдық пен құрал-сайман» курсы бойынша тәжірибелік сабақ өтуде. Тыңдаушылар қажетті құрал-жабдықпен танысып, аналық араны қалай шығару керек екенін көреді», – дейді орталық директоры. Сонымен бірге, Валерий Федорович бір жыл ішінде 2 топта жалпы 365 адам оқып шыққанын жеткізді. Бұл азаматтар ауданда өнеркәсіптік омарташылық бағыттың дамуының негізін қалауға міндетті. Тәжірибелі омарташы ара шаруашылығы табиғи таза және қалдықсыз өндіріс, ал аралардың өсімдіктерге пайдасы орасан зор болғандықтан, бұл саланың дамуы және өнеркәсіптік ауқымға шығуы ауданға табысты болады деген сенімде.Дәрісті белгілі омарташы Жанат Көрпебаев оқып, бірқатар деректерді келтіріп, жалпы жұмысты қалай ұйымдастыру қажет, нендей дүниеге көбірек көңіл бөлу керектігін қарапайым тілмен түсіндіріп берді.

Қордайлық балдың еліміздің өзге өңірлерінде аса танымал екенін жерлестеріміз біле бермеуі мүмкін. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше аудан омарташылары Қазақстанның басқа аймақтарында өтіп тұратын жәрмеңкелердің сүйкті қонағы екен. Қордайлық бал ол жақта сөреде екі сағаттан артық жатпайтынын, жылдам  сатылып кететінін айтады мамандар. Ендеше, омарташылықты кәсіп етемін деген жандарға олардың өніміне сұраныстың жоғары болатынын да біле жүрген жөн болар.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.