home
home home

Қордайдағы тіршілік көңілге қонымды

 

Жұмыс сапары

Қордайдағы тіршілік көңілге қонымды

 

15 сәуірде Қордай ауданына жұмыс сапарымен Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров келіп, аудан басшысы Болатбек Байтөлемен бірге бірқатар өндіріс орындарын аралап көріп, одан кейін аудандық әкімдікте қорытынды жиналыс өткізді. Тарқата баяндасақ.

 

Нұржан Сәбитұлы алдымен Сарыбұлақ ауылдық округі аумағында орналасқан, тек Қазақстан ғана емес, жалпы Орта Азияда баламасы жоқ ветеринарлық дәрі-дәрмек шығаратын «Биовет» ЖШС-на ат басын тіреді. Бүгінде барлық құрылыс жұмыстары аяқталып, тек заманға сай препараттар жасау үшін құрылғылар алуға қаржы күтіп отырған серіктестіктің бүгіні турасында басшысы Уәли Шангараев түсіндіріп берді. Қазіргі таңда қосымша инвесторлар іздеумен қатар, препарат шығаратын қондырғылар алу үшін несие алуға құжаттарын да өткізіп қойыпты. Қаржы толығымен табылған жағдайда ветеринарлық препараттармен бүкіл елімізді қамтуға қауқары жететін серіктестік қажетті ветеринарлық дәрі-дәрмекпен елімізді толық қамтып, шет елге деген тәуелділіктен толықтай арылтуға мол мүмкіндігі бар. Нұржан Календеров «Биоветтегі» жағдайға қанық болып, қолдан келгенше көмек беруге уәдесін берді. Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары  Қордай ауылының маңынан орын тепкен «Гринвил» ЖШС аквапоника әдісін қолданып отырған жылыжай кешенінде болды. Оңтүстік Кореялық технологиялар қолданылған жылыжай жақын болашақта толығымен жұмысын бастамақ. «МАNN CEA» деп аталатын әлемдегі үздік акваферма өндіруші компаниясынан тапсырыспен алынып, бүгінгі күнге толық орнатылған бірегей өндірістік жылыжай жылына 300 тоннадан астам «Айсберг», «Руккола», «Листовой», «Роблен» сынды жоғары өнімді салат түрлері мен 40 тоннадан астам «Тилапия» балығын сатылымға шығармақ ниетте. Бірден балық пен өсімдікті өсіруге мүмкіндік беретін аквапоника әдісі туралы серіктестік өкілдері толықтай түсініктеме беріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Жылыжай ішінің ауа райынан бастап өсімдіктер мен балықтарды қоректендіру ісі компьютермен іске асатын, толықтай автоматтандырылған, бір сөзбен айтқанда заман талабына сай ең үздік жылыжай технологиясын пайдаланып отырған серіктестік жұмысына Нұржан Сәбитұлы сәттілік тіледі.

Осыдан кейін барған нысан – жылына 6380 тонна ет өндіруге арналған  «Первомайские деликатесы» ЖШС мал сою цехы болды. Бүгінгі таңда азық өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға қойылатын «НАССР» стандарттарына сәйкес сертификаты бар серіктестік былтырғы жылдың өзінде 260 тонна ет өнімін өндіріп, еліміздегі ең ірі деген гипермаркеттер арқылы сатылымға шығарған. Ендігі кезекте етті шет елге экспорттауға барлық мүмкіндігі бар серіктестікке сол бағытта жұмыстарды жандандыру қажет болып отыр. Мұнда да шет елдік техника талапқа сай қызмет етіп, аудан тұрғындары жұмыспен қамтылып отырған жайы бар.

Н.Календеровтың келесі барған нысаны – «Central AsiaGold Production» ЖШС алтын және күміс металлдардың қорытпасын өңдеу зауыты болды.

2017 жылы 117 келі алтын, 15 келі күміс, ал 2018 жылы 97 келі алтын, 14 келі күміс өндірген кәсіпорын өндірілген руданы ұсақтау кешенін Оңтүстік Африка мемлекетінен қомақты қаржыға сатып алған. Биылғы жылы өндіріс көлемі төмендегенімен, ол тек уақытша екенін айтады серіктестік өкілдері. Нұржан Сәбитұлы зауыт ішін аралап көріп, жұмыс процесімен танысты, сонымен қатар сынамаларды зерттейтін арнайы зертханаларда болып, ондағы жұмыс жағдайын көрді. Бұдан әрі кеңеюді жоспарлап отырған зауыт өкілдері басшылық тарапынан су мәселесін шешіп беруді өтініп, ол бойынша жұмыстар атқарылатын болды.

Осыдан соң Алға ауылында Нұржан Календеров қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға жазылған ауыл тұрғындары негізінен жеке бастың сұрағын емес, ауылдың жайын көтерді. Олар газдандыру, көшелерді жөндеу мен жарықтандыру сынды баршаға ортақ сұрақтар болды. Газдандыру бойынша биылғы жылы жобалық-сметалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылса, жарықтандыру мен көшені жөндеу жұмыстары көп ұзамай қолға алынатынын ауыл әкімі Ерік Сәлімбаев жеткізді. Ал, Көгадырға барушыларға арналған аялдама құрылысына биыл бюджеттен қаржы бөлініп, көп ұзамай бұл жұмыс та басталады екен.

Түс ауа аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытынды жиналыс өтіп, бірқатар мәселелер көтерілді. Ауданның кәсіпкерлік саласы бойынша атқарған жұмыстары турасында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков баяндама жасады. Негізгі көрсеткіштер мен индикаторлардың орындалуы, шағын және орта кәсіпкерлік бойынша жоспарлы межелердің орындалуы, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, электронды сауданы дамыту мәселелерінің ауданда іске асуы жайын жіпке тізіп, кейбір тұстарда жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты. Осыдан кейін сөз алған облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Балабек Нарбаев ауданда кәсіпорындар мен өндіріс орындарында, мейрамханалар мен кафелерде, маусымдық жұмыс орындарында еңбек қатынастарын реттеу жайын көтеріп, осы ретте әлеуметтік еңбек қатынастары бойынша комиссия өз жұмысына қамшы басу қажеттігін айтып өтсе, облыс әкімінің бас инспекторы Еркебұлан Есмаханов аудан әкімдігіне берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы баян етті. Көтерілген сұрақтар турасында аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева, өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайрат Мәметовтар жауап берді.

– Ауданда жұмыс жоқ емес. Көптеген игі іс қолға алынып жатыр. Дей тұрғанмен, облыс әкімі мен аудан әкімі арасындағы келісім орындалуы тиіс және өзге де тапсырмалардың орындалуына аса ден қойған абзал. Облыс бойынша көшбасшы аудан ретінде Қордайға үлкен сенім артылып келеді. Сол үдеден шыға білуіміз тиіс. Алда алты айдың қорытындысы келе жатыр. Сол кезде көптеген жұмыстардың негізі белгілі болады, – деген Нұржан Календеров бірқатар хаттамалық тапсырмалар беріп, олардың орындалу мерзімін де айтып өтті.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.