home
home home

ҚОРДАЙДА ҚАРҚЫНДЫ ҚҰРЫЛЫС

Мемлекеттің дамуы өңірлер мен аудандардың дамуынан байқалса керек. Бұл орайда халық саны көп, іргелі аудандарға қолдау көрсету идеясы өз жемісін бере бастады. Мәселен, 150 мыңға жуық тұрғыны бар Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ілгерілетуге биыл мемлекет қазынасынан қосымша 31 миллиард теңге бөлініп, игеріліп жатыр. Нәтижесі көзге айқын көрініп тұр. Былтыр Қордай ауданы тұрғындарының 30 пайызы ғана табиғи газ тұтынып келсе, биылғы газдандыру жобасы аяқталған кезде қордайлықтардың 95 пайызы «көгілдір отынға» қол жеткізетін болады. Яғни, табиғи газға деген қолжетімділік үш есеге артып отыр деген сөз.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы жұмыс сапарын Отар ауылдық округі жанында салынып жатқан автоматтық газ тарату стансасының құрылысынан бастады. Бұл жобаның құны 1 миллиард 50 миллионнан астам теңгені құрайды. Мердігер компания – «Таразстрой-2004» ЖШС. Биылғы 10 тамызда басталған құрылыс алдағы желтоқсан айының алғашқы күндерінде аяқталуы тиіс. Бұл стансаға сол маңайда жер астымен өтіп жатқан «Қазақстан – Қытай» газ құбырынан «көгілдір отын» алынып, Қордай ауданының 12 ауылын газдандыру көзделіп отыр. Қазір мұнда 10 маман, 20 жұмысшы тұрақты еңбек етуде. Жалақылары 90-95 мың теңгеден кем емес. Облыс басшысына мұндағы жұмыстар туралы «Таразстрой-2004» ЖШС-ның басшысы Сембек Тұрдалиев баяндады. Оның айтуынша «Қазақстан-Қытай» газ құбырында «көгілдір отын» 98 градустық атмосфералық қысыммен өтіп жатса, бұл стансада ол мөлшер 6 градус атмосфералық қысымға түсіріледі екен. Аталған құрылыс басында облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев кестеге сәйкес Батыс мұнай жабдықтау компанияларымен келісім бар екенін, енді үш қондырғы және дайын блоктар келетінін түсіндірді.
Қордайдың күншығыс жағы бойынша (Отар аймағы) 12 ауылға газ тартуды, құбыр тартуды «Байсын-А» ЖШС жүзеге асырады. Жобаның жалпы құны 4 миллиард 37 миллион теңгеге жуық. Тамыздың алғашқы күндерінде басталған бұл құрылыстың да аяқталуы төрт ай мерзімге белгіленген. Жұмысқа 60 адам, 28 техника жұмылдырылыпты. 21 бригада тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір жұмыстың 25 пайызы бітіпті. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы бұл мәселеге де ерекше мән берді. Ол: «Құбырларды ең қиын учаскелерден қазір өткізіп алыңдар. Ондай қиындық Сұлутөр, Көктөбе таулы аумағында екенін айтып отырсыңдар. Ертең қар жауса, онда жұмыс істеу мүмкін болмай қалады. Газ құбыры темір жол құрылысының астынан қалай өтуі тиіс? Мұны да назарда ұстаңыздар. Бірақ жұмыстың аяқталуы желтоқсан айынан кешікпеуі қажет», – деп ескертті.
Бұл жөнінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев: «Биыл аудандағы құрылыс жұмыстарына қосымша 31 миллиард теңге бөлінді. Мұндай қомақты қаржы бұрын-соңды бөлінген емес. Қордай ауданында газбен қамту бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Ол аяқталған кезде ауданның 22 елді мекені газбен қамтылатын болады. Атап айтқанда бүгінгі күні 10 елді мекенге магистральдық газ құбыры тартылып, он елді мекенге ішкі құбырлар жүргізілуде. 15 қазанға дейін 60 мың тұрғын, Отар аумағында 40 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізетін болады. Ал, жалпы осы жоба жүзеге асқан кезде аудан тұрғындарының 95 пайызы газбен қамтылмақ. Бұдан бөлек 4 көпқабатты тұрғын үй (230 пәтерлі), 6 елді мекенде таза ауызсу құбыры тартылып, 4 ауылда спорттық-сауықтыру кешендері салынып, ел игілігіне берілгелі отыр», – деді.
Мұнан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Гвардейск әскери қалашығы маңайындағы аумақта салынып жатқан иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыттың құрылысымен танысты. Осындағы аталған зауыттың мамандары мен жұмысшыларына арналып салынып жатқан 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй құрылысын көріп, баяу жүріп жатқан жұмысқа көңілі толмады. Бұл құрылыс уақытынан екі аптаға кешігіп келеді. Облыс әкімі бұл көпқабатты үйдің жылуы мен суы қайдан келетінін де тәптіштеп сұрады. Сонан соң: «Құрылыс қарқынын арттыру керек. Ол үшін жұмысшыларды көбейту қажет болар. Алдағы дүйсенбіде бұл құрылыста 60 адам жұмыс істейтін болсын», – деп облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровқа, аталған құрылысқа жауапты ЖШС-ның басшысы Рахманқұл Байтелиевке нақты тапсырма берді.
Облыс әкімі биофармацевтикалық зауыттың құрылысына жауаптылармен шағын кеңес өткізді. «Мен бұл зауыттың уақтылы аяқталуы жөнінде Президенттің алдында уәде бердім. Сіздер маған уәде бергенсіздер. Сол мүддеден шығып, уәдемізде тұрғанымыз жөн. Қаржыдан мәселе жоқ. Құрылыс қарқынын арттырыңыздар», – деді.
Келесі сәтте Бердібек Сапарбаев Отар ауылында құрылысы жүріп жатқан ауылдық Мәдениет үйі және спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен таныс-ты. Аймақ басшысының бұған дейінгі іссапарында тұрғындар ауылда Мәдениет үйі бой көтеріп, «көгілдір отын» келсе деген тілектерін айтқан еді. Осы сапарда тұрғындар сол тілектерінің орындалғанынан хабардар болды. Бұл ауылда 5267 тұрғын бар. Биыл Қордай ауданы бойынша төрт спорттық-сауықтыру кешені салынуы тиіс. Бұған жалпы көлемі 1 миллиард 340 миллион теңге қаражат бөлінген. Ал Отар ауылындағы кешенді «Тараз – Ісмер» компаниясы 323 миллион теңге қаржыға салып жатыр.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.