home
home home

Қордай ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі «Ең үздік спорт бөлімі»

Спорт

Бағы жанған бұқаралық спорт

Ауданымыздың спорт саласы туралы сөз бола қалса, біздер бір ғана спорт түрін немесе бір ғана спортшы туралы айта алмаймыз. Себебі, Қордайда спорт түрлерінің алуан түрімен айналысатын, солар бойынша түрлі жетістіктерге жетіп, талай биіктерді бағындырған жандар жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары елімізде мықтап қолға алынған бұқаралық спорттың арқасында жерлестеріміз үшін салауатты өмір салтын ұстануға мол мүмкіндік жасалып отыр. Осының барлығы айналып келгенде, жуырда ғана аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ең үздік спорт бөлімі» атанғаны мен аудан басшысына Қазақ спорт және туризм академиясы және «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының берген «Үздік спортқа жанашыр аудан әкімі-2018» атағы соның айғағы деп білуге болады. 

 

Атқарылған жұмыстар бойынша аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметтеріне сүйене отырып, талайға көз жеткізуге болатынын байқай аламыз. Мәселен, қазіргі таңда Қордай ауданында спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 42110 адам болып, тұрғындардың 29,3 пайызын құраған. Бұл аудан тұрғындарының бос уақыттарын тиімді өткізу және бұқаралық спортпен шұғылданушыларға жалпы білім беретін мектептердің спорт залдары мен спорт нысандарының кешкі мезгілде қолжетімділігінің өзіндік сеп болғанының көрінісі. Айта кетсек, бөлім тарапынан жыл бойы 216 спорттық  іс-шара өткізіліп, оған 23050 адам жұмылдырылыпты. Ал, 7 мен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді қамту бойынша атқарылған жұмыс та ауыз толтырып айтуға жарайды. Үш спорт мектебінде спорттың 18 түрінен 126 топта 1694 оқушы спортпен шұғылданса, 48 білікті жаттықтырушы оларды тәрбиелейді екен. Сонымен қатар, аула клубтарында спорттың 3 түрінен 1801 оқушы спортпен айналысуда. Осылармен бірге бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу арқылы жасөспірімдерді баулу жақсы қолға алынған. Бұл бойынша 3858 жасөспірім қамтылып отыр.

2018 жылдың наурыз айында аудан спорты үшін жағымды жаңалық орын алған болатын. Ұлттық спорт түрлері бойынша тоғызқұмалақ, асық ату, аударыспақ, қазақ күресі, құсбегілік, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын дамыту үшін №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі базасында ұлттық спорт мектебі өз жұмысын бастаған. Бүгінгі таңда ұлттық спорт түрлерінен аудандық 4 жарыс өткізіп, облыстық деңгейде 2 жарысқа мектеп тәрбиеленушілері қатысып қайтты.

Елбасының 2020 жылға дейін республикамызда дене шынықтырумен шұғылданатын халықтың пайыздық көрсеткішін 30% жеткізу бойынша нақты тапсырма бергені белгілі. Осы мақсатта Қордай ауылында 320 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай салтанатты ашылуы бүкіл ауданымыз үшін қуанышты жаңалық болды.  Спорт кешенінде аудандық, облыстық, халықаралық турнирлер өткізілетін болғандықтан, жобаға сай спорттық іс-шаралар өткізу орталығы болып құрылыпты. 24 штаттық бірлік және 19 ауылдық округтерде спорт әдіскерлері жұмыспен қамтылып отыр.

Халық санының нормативіне сәйкес, аудандар мен қалалардағы әрбір елді мекеннің алаңшалармен қамтамасыз етілуі жоспарланған болатын. Сол жоспарға сәйкес, 143 нысанның орнына 144 спорт нысаны іске қосылған. Нақтырақ айтатын болсақ, Көктөбе, Соғанды, Шарбақты, Қордай ауылдарында спорт залдары ашылса, Ауқатты, Әлжан ана ауылдарында шағын футбол алаңдары ашылып, Қордайда бір спорт кешені іске қосылды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында «Туған жерге – туыңды тік» жобасы бойынша Әлжан ана ауылында Бектұрғанов әулеті күрес залын салуды қолға алуда. Оған қажетті құжаттары мен жер мәселесі де шешімін табуда. Онда күрес түрлерімен қатар бокс залы да жұмыс істемек. Тағы бір жағымды жаңалық, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен 2019-2020 жылдар аралығында ауданымыздағы 5 ауылдық округте кезең-кезеңімен спорт кешендерін салу жоспарлануда.

Әрине, ауданымыздан шыққан спорт саңлақтарының осы жылы жеткен жетістіктері туралы да айта кеткен жөн. 2018 жылдың 1-3 ақпаны аралығында Иранның астанасы Тегеран қаласында өткен жеңіл атлетикадан XXIIІ Азия чемпионатында желаяқ қызымыз Светлана Голендова 4х100 метр эстафеталық жүгіруден және жекелей жүгіруден І орынды жеңіп алса, тамыз айында Индонезияда өткен жеңіл атлетикадан Азия ойындарында жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ресей Федерациясының Анапа қаласында өткен кикбокстан Әлем кубогінде жерлестеріміз Мақсат Бейсенбек ІІ орынға, Айдын Тұрдыбеков ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, Тараз қаласында өткен аула ойындарынан облыстық фестивальдің ІІІ-ші кезеңінде Қордай ауданы жалпы командалық есепте І орынды қанжығаға байлап қайтса, көше ойындарынан облыс чемпионатының ІІІ кезеңінде ауданымыздың спортшылары жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Тоғызқұмалақтан облыс бойынша командалық есепте І орынды жеңіп алу да зор жетістік деп білеміз.

Ал, маусым айында Тараз қаласында өткен тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Қазақстан Республикасының V Спартакиадасына Жамбыл облысының іріктеу жарысында тоғызқұмалақтан Шамил Ришаттың І орынды жеңіп алуы да үлкен көрсеткіш.

Спортта толайым табыстарға жетіп отырған ауданымыз бұл жеткен жетістікке тоқмейлсімей, алда әлі талай асуларды бағындырады деген сенім мол.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.