home
home home

Қоғамдық қабылдау

 

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын арнап, онда күрмеуі қиын әрі өзекті мәселелерді көтеріп, Үкіметке жаңа талап пен міндеттерді жүктеді. Бұл жолғы Жолдауында да Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сөз етіп, оның әділетті мемлекет құрудағы басты бағыттардың бірі екенін дөп басып айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзінше билік әрдайым бұқараға жақын болуы тиіс. Әрбір басшы халықтың талап-тілегіне, проблемаларына дереу жауап қатып, әрбір азаматтың проблемалық мәселесін шешуге барынша ұмтылуы қажет. Осы орайда, айтылған сөздің іс жүзінде жүзеге асырылып келетіні қуанышты жағдай. Оған дәлел ретінде бейсенбі күні аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған басшылық өкілдері Қаракемер ауылына барып, ашық аспан астында қоғамдық қабылдау жүргізді. Бұл күні өз проблемасын арқалап келген ауыл тұрғындары мұнда сауалына жауап алып, көтерген мәселесі оңтайлы шешімін тапты. Айта кетсек, қоғамдық қабылдауға аудан әкімдігінің барлық бөлім және мекеме мамандары, құқық қорғау органдарының басшылары келді.

Тұрғындардың тілегі мен сұраныстары әр түрлі болды. Біреуі көптен бері құжаттарын реттей алмаса, енді біреуі жер мәселесін шешіп беруді сұрады. Әрине, қабылдауда әлеуметтік және медицина саласына да қатысты мәселелер көтерілді. Бұл күні әр азаматтың сауалына тиісті жауап беріліп, бағыт-бағдар және ақыл-кеңес берілді. Басшылық өкілдерінің келуі ауыл тұрғындары үшін тиімді әрі орынды болғаны рас. Өйткені, бір азамат қарапайым заң аясындағы ақыл-кеңеске мұқтаж болса, екіншісіне нақты бір мекеме тарапынан көмек қажет болды. Айта кетсек, алдағы уақытта осындай қоғамдық қабылдаулар өзге де ауылдарда өтетін болады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.