home
home home

Қоғамдық келісім кеңесі

 

 

Аудан өміріндегі өзекті мәселелерді талқылап, оның шешу жолдарын қарастыратын қоғамдық келісім кеңесінің құрылғанына көп бола қойған жоқ. Ұлтаралық татулық және өзге де әлеуметтік, қоғамдық істерді талқыға салып, оның күрмеуін ағытып, жауаптылардан оң шешімін табуды да талап ететін кеңес жуырда ғана Ауқатты ауылында бірқатар проблемалардың басын шалса, өткен сенбіде Қарасу ауылдық округіне қарасты Өтеген ауылдық клубында тағы бас қосты. Осы отырыстың бір ерекшелігі, оған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы  Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, кеңес мүшелері мен аудандық ардагерлер ұйымы мүшелері, ауыл имамдары қатысты.

 

Аталмыш жиынның күн тәртібі туралы кеңес төрағасы Әбдібек Сейілханов таныстырды. Бірінші мәселе – ауданда әскерге шақыру маусымы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығының міндетін атқарушы Юсуп Серіков баяндама жасады. Биылғы жылы әскерге шақыру науқаны белгілі себептерге байланысты кешеуілдегенімен қазіргі таңда жұмыс қызған. Жалпысы биыл 384 жас әскерге баруы көзделіп отыр екен, оның 65-і әскер қатарына алынып үлгерген. Дей тұрғанымен, жастар арасында әскерден жалтару фактілері жиі кездесетіні де жасырын еемес. Осы орайда кеңес мүшелері қорғаныс істері бөлімі өкілінен осындай мәселелер бойынша нендей шаралар қолданып жатқаны турасында сұрап, өздерінің ұсыныстарын да айтты. Көбіне жігіттердің әскерден жалтаруына ата-аналардың өздері сеп болып отырған көрінеді. Қайда жүргенін жасырады, бөлімнен келген арнайы шақырту қағазын бермейді, не болмаса өзге де айла-амалдар қолданады. Сонымен бірге, қазіргі жігіттердің денсаулығының жарамсыздығы да үлкен проблема болып отырғанын алға тартады әскерилер.

«Тек биылғы жылы ғана он сегіз жасқа толып отырғандарды есептемей жалпы 27 жасқа дейінгі азаматтарды түгелдей қамту қажет. Бізде контингент жетеді. Тек жұмысты сол бағытта жүйелі өрбіткен жөн. Бүгінгі таңда өте маңызды болып отырған патриотизмді бойға сіңіруде әскери өмір таптырмас мектеп. Ал, денсаулық жайына келер болсақ, жастар қандай аурумен ауырады, дәрігерлер арқылы зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сол арқылы ем-домын жасау, тіпті сол аурулардың алдын алу бойынша да жұмыстар жүргізуге болар еді», – деп ортақ ойға келген кеңес мүшелері осыдан бір қорытынды шығару жайында қорғаныс істері бөліміне ұсыныс жасады.

«Отан қорғау мәселесіне келгенде оны бипаздап, жылы сипап қоюға болмайды. Нақты шаралар керек. Қолына қару ұстап көрмеген жігіттер жетерлік. Сонымен қатар, ешқандай этносқа бөлінбей, Қазақстан Республикасы азаматы болса, жасы әскерге жетіп тұрса, міндетті түрде баруы қажет. Олай болмайды екен, еліміздің заңдарына сәйкес шара қолданған жөн», – деп өз ойын ортаға салды Сарыбұлақ ауылдық округі бойынша ардагерлер кеңісінің мүшесі Мықтыбек Алтыбаев. Ал, Қордай ауданының Құрметті азматы Төле Сүгірбай ақсақал негізгі жұмысты мектептердегі алғашқы әскери дайындық сабақтарынан бастау керектігін айтады. Мектепте әскери-париоттық тәрбие қандай деңгейде жүргізілуде, одан балалар не үйреніп жатыр, осыған аса көңіл бөлуге шақырды. Сонымен қатар, «Отан – отбасынан басталатынын» да әрдайым есте ұстау керектігін ескертіп, қорғаныс істері жөніндегі бөлім ауыл ақсақалдарымен де тығыз байланыста болғаны жөн екенін жеткізді.

Ұзақ талқыланған бірінші сұрақ бойынша кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салып, осы бағытта жұмысты солқылдатып алған бөлім жұмысына бірқатар сын айтты.

Екінші сұрақ – аудан имамдарының ұлтаралық достық, татулық мәселесі бойынша атқарып жатқан жұмыстары турасында болып, ол бойынша ауданның бас имамы Дәурен Құттыбаев баяндама жасады. Пандемияға байланысты жұма намазға жамағат жиналмағанымен, ҚР Мұсылмандар діни басқармасы тарапынан түскен тапсырмаларға сәйкес ұлтаралық достық, бірлік турасында уағыздар, салиқалы әңгімелер онлайн түрде үнемі өткізіліп тұратынын айтқан имам, кеңес мүшелері тарапынан өзге де мәселелерге қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.

«Араздасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда» – деп ақиық ақын жырлағандай, ақылы дария қариялардың ортамызда болғаны қандай тамаша. Биыл ақпан айында орын алған оқиға баршамыздың қабырғамызға батты. Осындайда алдымен ақсақалдарымыз бас көтерді. Аталы, баталы, кесімді сөздерін сол кезде қарияларымыз айтты. Бүгін соның аясында құрылған кеңес жұмысына қатысып, көңіліміз марқайып отыр. Рас, әлжуаз жастар көбейсе Отанды кім қорғамақ? «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген аталы сөз ойға келеді. Осыдан ақ осындай кеңестің бізге аса қажет екенін түсініп отырмыз», – деп жиында сөз алған облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Еркінбек Солтыбаев баршаға ризашылығын білдірсе, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов медиаторлық міндетті қолға алған билер кеңесі жұмысы турасында баян етті.

Жиын соңында өңірімізде ұлтаралық келісім мен достық мәселесіне айрықша үлес қосқан қоғамдық келісім кеңесі және ардагерлер кеңесі мүшелеріне облыстық ардагерлер ұйымы тарапынан грамоталар беріліп, сыйлықтар ұсынылды. Олардың ішінде Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрсын Қалығұловқа Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісі беріліп, куәлігі салтанатты түрде табыс етіліп, иығына шапан жабылды. Сонымен қатар, ұлтаралық қатынастарды жақсарту, тұрғындарды ауызбіршілікке, біртұтастыққа, достыққа шақыруда, жастарға патриоттық тәрбие беруде көрсеткен еңбектері үшін Жамбыл облысының Алғыс хатымен Тұрған Жасыбаев,  Асық Валиев, Ноғай Жайықбаев, Төле Сүгірбай, Щисыр Динлосан, Әбдібек Сейілханов, Исхар Лоу, Малик Нұрмаханбетов, Дау Хурман, Губар Паншаров, Данияр Таубалды марапатталды. Сонымен бірге, Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі пандемия кезінде қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшуіне байланысты облыс ардагерлері арасында Жеңістің 75 жылдығына орай өткізген байқаудың қорытындысы бойынша бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Ынтыландыру сыйлығына Мұрат Құсайынов пен Үлкен Сұлутөр ауылының ардагерлері ие болса, облыстық ардагерлер кеңесінің Алғыс хатымен Мария Әбілғазина, Нұржамал Қраубаева, Анаркүл Ыдырысова, Тынышбай Шолпанқұлов, Төретай Мұхамбетов марапатталды.  Ал, жалпы байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды жеңіп алған аудандық ардагерлер кеңесі ынталындыру сыйлығына және дипломға ие болды. Кеңес отырысында тағы бір жағымды жағдай орын алды. Облыстық ардагерлер ұйымы жақында Жаңатұрмыс ауылында үйі өртенген қарияға жүз мың теңге көлемінде ақшалай көмектерін табыс етті.

Жиын соңында талқыланған қос сұрақ бойынша қаулы жобалары қабылданып, одан кейін қонақтар мен кеңес мүшелері Өтеген батыр кесенесіне барып, Құран сүрелерін бағыштап қайтты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.