home
home home

Қоғамдық келісім кеңесі құрылды

 

Жақындағы ауданда орын алған келеңсіз оқиға бүт елді дүрліктіргені баршаға аян. Бұл жағдайға қатысты ел арасында әр түрлі пікірлер айтылуда. Қалай болғанда да жергілікті халық бір-бірімен аралас-құралас тұрып, әрі қарай бірге өмір сүруі қажет. Бұл жерде түрлі пікірлердің артынан ермей, ендігәрі осындай оқиғаны болдырмауға тырысу керек. Дәл осы ойды мақсат тұтқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев бастаған облыс басшылығы, облыстың бас имамы Қ.Жұмағұлов, аудан имамдары және жергілікті билік өкілдері Сортөбе, Масанчи, Қаракемер, Ауқатты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Жиын барысында қос тарап өкілдері дидарласып, орын алған оқиғаны талқылап, оның себептерін анықтап, кеткен қателік-кемшіліктерді жоюға тырысты. Жамбыл облысының бас имамы Қ.Жұмағұлов жүргізген басқосуда беделді ақсақалдар сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Олардың пікірінше, жастардың бұзақылық әрекетке баруының басты себебі үлкендердің тәрбиедегі олқылығынан болса керек. Сондықтан, басқосуда тәрбие мәселесіне мықтап ден қою мәселесі көп айтылды. Сонымен қатар, діни тәрбие, мемлекеттің заңдарын сақтау және тәртіпке бойсыну, қазақ тілін және салт-дәстүрлерін құрметтеу жайында әңгіме өрбіді. Екіжақты сұхбат барысында дүнген ұлтының беделді ақсақалдары елді дүрліктірген оқиғаға өкініштерін жасырмады. Кездесуде шектен шыққандарды райынан қайтарып, тентектікті тізгіндей білетін беделді ақсақалдардан тұратын Қоғамдық келісім кеңесін құру керектігі айтылып, оның мүшелігіне қариялар ұсынылды. Бұл ұсыныс қатысушылар тарапынан қолдауға ие болып, кеңестің төрағасы сайланды.

Ал, облыстың бас имамы Қ.Жұмағұлов өз кезегінде шариғатта мұсылман мен мұсылманның араздасуы құпталмайтынын айтып, бұл елді мекендерде тәрбиенің басым бөлігі мешіттерде берілетіндіктен дін саласына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Кездесуге қатысушылар алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін барын салатындарын алға тартып, көпшілікті бейбіт өмір сүруге шақырды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.