home
home home

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ ТУРАСЫНДА

ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ЖОЛДАРЫ ТУРАСЫНДА

Елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушыларын қазіргі таңда қашықтықтан оқытуға қатысты сұрақ көп. Ал, 6 сәуір күні көктемгі каникул аяқталып, балалардың оқуы басталуы тиіс. Пандемияға байланысты қолға алған шаралар салдарынан үйреншікті оқу үрдісіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістер ауданымызда қалай жүзеге асырылмақ. Бұл сұраққа аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Нұралиев жауап берді.
-Елдос Бекболатұлы, ХХІ ғасырдың білім беру жүйесі жаңаша оқытудың түрлі технологияларына бай. Соның бірі – қашықтықтан оқыту технологиясы. Дәстүрлі оқытумен салыстырғанда қашықтықтан оқытудың өз артықшылықтары да бар дейді қолданушылар. Ол уақытты ұтымды пайдалану, оқуды жұмыспен қатар алып жүру тағысын тағы да. Ал, әлемді дүрліктірген коронавирус жағдайына байланысты ауданымызда қашықтықтан оқыту қалай жоспарланып отыр?
-Жалпы, қашықтықтан оқыту интернет арқылы ғана іске асады деген түсінік қалыптаспау керек. Ол электронды оқулықтар, телекоммуникациялық құрылғылар: радио, үй телефоны арқылы да іске асыруға болатын оқу жүйесі. Ал, қазіргі біздің жағдайымызда қашықтықтан оқыту интернет желісі жоқ немесе жылдамдығы төмен ауылдарда «Балапан», «Ел арна» телеарналары, «Қазақ радиосы» мен «Классик» радиосы арқылы, ал материалдық-техникалық жағдайы мүмкіндік беретін ауылдарда «Күнделік», «ZOOM», «Classroom», «DARYN ONLINE», «WhatsApp», «Telegram», «Instagram», «YouTube», электронды пошта сынды цифрландырылған ақпараттық жүйелерді қолдану арқылы жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылы жүргізілетін сабақтардың кестесі әзірленіп, ата-аналар мен оқушыларға мектеп тарапынан жеткізілді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 1 сәуірде 4-ші тоқсанға дайындық ретінде сынама сабақтар өткізіп, оған қашықтықтан оқытуға көшетін 43 мектептен 2453 (88,7%) мұғалім, 20413 (67%) оқушы қатысты. Ал, қалған оқушылардың басым бөлігі интернет желісі жылдамдығының төмендігінен сынама жұмыстарға қамтыла алмады. Барлығы 6779 бейнесабақтар беріліп, олардың басым бөлігі «WhatsApp», «ZOOM» және электронды пошта арқылы іске асты.
-Жалпы бүгінгі таңда ауданымыздағы 48 мемлекеттік, 1 жекеменшік және сырттай оқытатын орта мектептерден неше оқушы мен мұғалім осы қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеді деп жоспарлануда. Және барлық пәндер қамтыла ма?
-Бүгінгі таңда аудан мектептерінде барлығы 33088 оқушы, 2901 мұғалім бар. Оның ішінде интернет желісіне қосылуға мүмкіндіктері жоқ, шалғай елді мекендерде орналасқан №15 БМ, №33,36,40,49 мектептердегі 57 мұғалім, 247 оқушы санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқушылардың көп шоғырлануын болдырмау мақсатында екі ауысымда дәстүрлі оқуды жалғастырады. Сонымен қатар, аталған мектеп қызметкерлері мен ата-аналарға карантин кезіндегі назарға алынатын нұсқаулықтар бойынша қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған мектептердегі 32841 оқушы мен 2844 мұғалім қашықтықтан оқыту жүйесіне көшеді.
– Мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – ол ҰБТ?
– Иә, мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарын ҰБТ төңірегіндегі сұрақтардың мазалауына негіз жоқ емес, десе де жыл сайын маусым айының екінші жартысында өткізілетін ҰБТ бойынша әзірге өзгеріс жоқ. Тек қана қазіргі жағдайға байланысты болжам ғана жасай аламыз, яғни карантин жүйесі тоқтап, қалыпты өмірге көшсек, жоспарланған уақтында ұйымдастырылады. Сонымен бірге, мектеп бітіруші түлектер осыған дейін ҰБТ-ның байқау тестін ақылы тапсырып келсе, енді Ұлттық тестілеу орталығының сайтына кіріп, ҰБТ-ға дайындықты тегін жүргізе алады.
– Қашықтықтан оқыту кезінде БЖБ және ТЖБ қалай жүргізіледі?
-Төртінші тоқсанда 1 БЖБ, соңында ТЖБ өткізіледі. Нәтижесі электронды журналдардың мәліметтер базасына, электронды журналға қолжетімсіз болған жағдайда мұғалімнің уақытша журналына енгізіледі. Бұл жерде бөлім бойынша жүргізілетін жиынтық бағалаудың саны қысқарып отыр.
-Осы қашықтықтан оқыту режиміне көшу барысында оқушылар мен мұғалімдерге қиыншылық тудырып тұрған ең өзекті мәселелер бар ма? Болса, қандай?
-Әрине, еліміздің білім беру жүйесінде қашықтықтан оқыту алғаш рет практикаға енгізілгелі отырғандықтан, кедергілер көп, дегенмен шығу жолдары да қарастырылып отыр. Атап айтсақ, қашықтықтан оқытуға өту барысында ең керектілері қомпьютер мен интернет желісі десек, жоғарыдағы 32841 оқушымыздың 2756-ның компьютер, смартфондары жоқ болса, 2844 мұғалімнің 93%-ы және 1525 оқушының интернет желісіне қосылу мүмкіндіктері болмай отыр, бірақ шешу жолдары қарастырылуда. Мектептердегі барлық компьютерлер мен моноблоктар 3226 оқушының ата-аналарына уақытша қолдануға тапсыру-қабылдау АКТ бойынша беру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 300 компьютер сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
-Қазіргі кезде педагогтарды мазалап отырған басты мәселенің бірі ол – еңбек ақысының жағдайы? Тағы да мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар тарапынан сұрақтар туындап жатса, кімге, қайда хабарласуға болады?
– Иә, бұл сұрақ мектеп оқушылары қашықтықтан оқытылады дегеннен бастап, қоғамда жалпы талқылауға түскені анық. Дегенмен, уайымдауға негіз жоқ, мұғалімдердің және барлық қызметкерлердің жалақылары толық сақталады. Себебі, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, оқу бағдарламалары, үлгілік оқу жоспарлары толық орындалады, яғни сағат саны қысқартылмай, мұғалімдер сабақ кестесіне сай толық жұмыс жасайды. Әр тараптан түрлі сұрақтардың туындауы заңдылық. Осыған байланысты аудандық білім бөлімінде «Call-орталық» 2-23-28 байланыс телефон нөмірі арқылы ұйымдастырылды.
– Қашықтықтан оқыту барысында ата-ананың рөлі қандай болмақ? Себебі қазір үй жағдайында балаларының қасында отырған ата-аналарға да үлкен жауапкершілік артылуы заңдылық емес пе?!
– Әрине, әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы елдеріндегі білім беру жүйесінің шарықтауы ең бірінші «Мұғалім – ата-ана – оқушы» үштігінің бірлескен нәтижелі жұмысының арқасында екені сөзсіз. Осы жағдайды пайдалана отырып, барша Қордай ауданының ата-аналарынан мұғалімдермен бірлесе отырып, балаларыңыздың қашықтықтан оқуына, уақтылы қатысуына, берілген тапсырмаларды дер кезінде, сапалы орындауына көмек пен қолдау, барынша жағдай жасауларын сұраймын. Ал, осы аталған жұмыстардың өз деңгейінде орындалуын ұйымдастыру мен қадағалау мектеп әкімшілігінің жауапкершілігінде. Нақтылап кететін тағы бір жайт, 0-11 сыныптың 4-тоқсанындағы оқу бағдарламасын мамыр айының 25-не дейін толық бітіреміз. Қашықтықтан оқытудың оңай емес екенін, әрине, түсініп отырмыз, десе де, біз бірге болған жағдайда ғана жеңіп шығарымызға сенім білдірейік. Жеңіп қана қоймай, өмірге деген бейімділігімізді, жан-жақтылығымызды арттыра түсетінімізге кәміл сенемін. Неге десеңіз, бұл жағдайдан біздің ұтатын тұстарымыз да баршылық. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының міндеттерін іске асыру қарқынын күшейтіп отыр. Яғни, ұстаздарымыз, оқушыларымыз бен ата-аналарымыздың цифрлы сауаттылықтары белсенді дамуға көшетіні анық.
Сұхбатыңызға рақмет!


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.