home
home home

Қарттардан тек қолдау

 

Аудандық ардагерлер кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы талқыланған жиын болып өтті.

Оған кеңес мүшелері, ауылдардағы бастауыш ұйымдардың жетекшілері де қатысты. Жиынды ашқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет Президент алға қойған міндеттерге байланысты өмірдің ыстық-суығында шыңдалған ардагерлер қауымы атқаратын шаруалар шаш етектен екеніне тоқталса, аудандық аналар алқасының төрайымы Фатима Байбекова Президент Жолдауының маңызды тұстарын кеңінен қамтыған мазмұнды шолу жасады. Жолдауға арқау болған «Халық үніне құлақ асатын үкімет», «Аңсаған сәби» бағдарламаларынан тартып, ауыл әкімдерін халықтың еркін сайлауы, ауыл шаруашылығын дамыту, қоғамдық бақылауды нығайту, жердің шетелдіктерге сатылмайтыны, мемлекеттік қызметшілердің санын қысқарту, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту тақырыптарының қай-қайсысының да маңыздылығына назар аударды. Ардагер ұстаз, әсіресе, Президенттің білім беруді жетілдіріп, бұл салаға инвестиция салуға шақыруын толығымен қолдайтынын білдірді.

-Биылғы Жолдауда ерекше жағдайда басталған жаңа оқу жылына дайындық жайлы да өткір мәселе қаузалды. Жолдауда Мемлекет басшысы еліміздің пандемиядан кейінгі қолға алуға тиіс басты бағыттарының бірі ретінде үздіксіз білім алу тұжырымдамасын дайындауды тапсыруы өте маңызды, – деді Фатима Жұмаділқызы.

Тұжырымдама бейресми білім берудің балама нұсқаларын белсенді енгізу, өз бетінше оқыту нәтижелерін тану, кәсіби дағдыларды сертификаттау мәселелерін қамтитын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіптік білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға қайта бағдарлау керектігін айтып отыр. Президент ұстаздар жалақысының аздығына да тоқталып, саланы қаржыландыруға қосымша қаражат бөлінетінін жеткізді.

Ауданның Құрметті азаматы, медицина саласының ардагері Сәтбек Саламатов өзі бүкіл саналы өмірін арнаған саланың жай-күйіне тоқталды.

-Мен медицина қызметкерлерінің адал еңбегін бағалап, қолдау көрсетіп отырған Президентке өз алғысымды білдремін. Дәрігерлер еңбегінің қадірі коронавирус індеті өршіген биылғы жылы ерекше танылып отыр. Осы саладағы кадрлардың жетімсіздігі, аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын жақсартуға тиіс мәселелері бар қырынан көрінді, – деген ол дәрігер кадрларын жергілікті жерде дайындау және мамандығын жетілдіру мүмкіндіктері туралы құнды ойларымен бөлісті.

Сарыбұлақ ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мықтыбек Алтыбаев Президент Жолдауында ерекше мән берілген жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыруда жергілікті тұрғындардың белсенділігін арттыру турасында айтты.

Ауданның  Құрметті азаматтары Шәпен Молдахалықов, Тұрсын Қалығұлов, Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Лопатиев, аудандық кеңестің мүшелері Валерий Сергеев, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Қордай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, ардагер ұстаз Бақыт Байжігітов сөз алып, Президент Жолдауына тиек болған жайлардың барлығы дер кезінде көтеріліп отырған маңызды мәселелер екендігін атап көрсетті. Өз кезегінде аудандағы үлкен күш болып табылатын ардагерлер ұйымдары Жолдауға тек қолдау білдіріп, онда белгіленген міндеттердің жүзеге асырылуына өмірлік бай тәжірибелерімен, ақыл-кеңестерімен, тәлім тәрбиелік істерімен үлес қоса бермекші.

Ардагерлер кеңесінің жиынында таяуда өткізілуі тиіс ардагерлер ұйымдарындағы есеп беру-сайлау науқанын ұйымдастыру және алдағы Қарттар күніне дайындық жайы да қозғалды.

Құрманбек Әлімжан,

ҚР журналистер Одағының мүшесі

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.