home
home home

Қарасудағы қарымды істер

Құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округі ауданымыздағы белді елді мекендердің бірі саналады. Соңғы кездері ауыл шаруашылығымен қатар кәсіпкерлігі, әлеуметтік саласында дамуы жақсы байқалатын округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі өте жақсы. Аудан әкімі Болатбек Байтөленің тұрғындар алдындағы атқарылған жұмысы туралы есебінде біткен істің, тындырылған оңды тірліктің тиегі ағытылды.

Алдымен ауылдық округ әкімі Бектұр Кәмпитовтың бір жылда атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Былтырғы жылғы жоспарлы жұмыстардың жүйелі атқарылғаны туралы айтып өткен ауыл әкімі барлық салықтық түсімдердің де ойдағыдай орындалғанын жеткізді. Сонымен қатар, былтыр Қарасу ауылында «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Кескентас көшесіне бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыстар ойдағыдай атқарылған. Сонымен қатар, Өтеген ауылындағы мешіт жанынан асхана ашылып, тұрғындардың қуанышына айналған. Ауыл әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылық саласында және өнеркәсіп бойынша да алға ілгерілеушілік байқалады. Әсіресе, «Компания МИЛ» ЖШС мен «Қарасу кірпіш» ЖШС ауыл экономикасының дамуына оң ықпалын тигізіпті. Осыдан кейін аудан әкімі Болатбек Байтөленің 2018 жылы атқарған жұмысы туралы есебін мұқият тыңдаған ауыл тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя отырып, атқарылған қыруар жұмысқа ризашылықтарын білдіруді ұмытпады. Ауыл тұрғыны Борис Долбня ауылдағы поштаға банкомат қойылса деген тілегін жеткізді. Бұл сұраққа аудандық пошта торабының басшысы Азамат Сапаралиев жауап беріп, банкомат негізінен тұрғындар санына қарай қойылатынын айтып, бірақ қазіргі таңда ауылдағы пошта бөлімшесінде «Post-терминал» жұмыс істейтінін және сол арқылы ақша алуға болатынын түсіндіріп берді. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар қатарында ауылға болашақта мектепке қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізу, мәдениет үйін салу, жарықтандыру жұмыстарын ретке келтіру сынды сұрақтарға да рет-ретімен жауаптар берілді.

Ауыл тұрғыны Владимир Лапатев ауылда атқарылған жұмыстарға қатысты өз ойын білдіріп, алдағы жылы ауыл әкімінің жұмысының ширайтындығынан үмітті екенін айтты. Осы тұста туындаған сұрақтар мен ұсыныстар бойынша аудан басшысы ауыл әкімі Б.Кәмпитовке бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алып, тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін тапсырды.

Жиын соңында сөз алған Өтеген ауылының тұрғыны, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев соңғы жылдары аудан бойынша атқарылып жатқан оңды істердің үлкен еңбекпен, қажыр-қайратпен келіп отырғанын жеткізіп, осы үшін аудан әкімі Болатбек Байтөлеге алғысын айтты. Осы жылға жоспарлаған жұмыстарының сәтті жүзеге асуына тілектес екенін жеткізді.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта