home
home home

Қаракемерде жаңа дәрігерлік амбулатория

 

Еліміздің бас қаласы – Елорда күні қарсаңында ауданымызда елеулі оқиғалар орын алды. Қаракемер ауылында көптен күткен дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсімі болып, ағайынның қуанышымен бөлісуге арнайы барған аудан әкімі Рүстем Дәулет нысанның лентасын қиды.

Ауылдастарына осындай тамаша сыйды белгілі меценат, «Отау Строй» ЖШС бас директоры Қайрат Молдасейітов жасады. Осыған дейін Қаракемерде мешіт, спорт кешені және өзге де әлеуметтік нысандар салып, жерлестерінің батасын алған азамат енді осындай ізгі істі атқарып, көпшіліктің алғысына бөленуде.

Бүгінде елімізде әрбір азаматтың денсаулығын нығайтуға, қорғауға барынша жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде еліміздің барлық аймақтарында заман талабына сай медициналық орталықтар мен ауруханалар бой көтеріп, жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетілуде. Басқа өңірлермен қатар біздің ауданымыздың да медицина саласының еңсесі көтеріліп, жағымды жаңалықтарымыз көбеюде. Соның бір айғағы ретінде биылғы жылы үш денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатса, 2-і жаңадан соғылуда. Бүгін міне, Елорда күні мерекесі қарсаңында туған жеріне тарту жасаған жеке кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітовтің демеушілігімен 20 келушіге арналып соғылған дәрігерлік амбулатория ауылдарыңызда қолданысқа берілгелі тұр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық жүрегіне жол тапқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында іске асқан бұл жұмыс жалпы халықтың көңілінен шығатыны анық, – деген аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы амбулатория ұжымының жұмысына табыс тілеп, Қайрат Молдасейітовке арналған Құрмет грамотасын ауыл әкіміне аманат етіп тапсырса, құрылыстың басы-қасында болып, аяғына шыққанша қадағада ұстаған Әлімтай Молдасейітовке Алғыс хат ұсынды. Осыдан кейін сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаев ақсақал ауылдастарын құттықтай келе жомарт азаматтар мен аудан, облыс басшылығына алғысын білдіріп, «бас ауырып, балтыр сыздағанда» жерлестері өз ауылынан сапалы медициналық көмек алатынына қуанышты екенін айтты.

Осыған дейін ескі ғимаратты паналап келген медицина қызметкерлерінің қуанышында шек жоқ. Оның үстіне қазіргі пандемиямен күресте осындай жаңа нысандарда сапалы қызмет көрсету де жеңіл болмақ.

Ашылу салтанаты барысында амбулаторияның аға дәрігері Урмат Абыловқа символикалық кілт табыс етіліп, одан кейін ауыл үлкендерімен бірге аудан әкімі Рүстем Рысбайұлы медициналық нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Заман талабына сай жасалған ғимарат медициналық жабдықтармен толықтай қамтылған. Қажетті бөлмелер мен процедуралық кабинеттері қаракемерліктерге қызмет көрсетуге дайын.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.