home
home home

Дін – өте сезімтал дүние

 

Соңғы жылдары әлемдегі діни ахуал күрделеніп, бұл үдерістің кері әсері елімізді айналып өтпегені анық. Өйткені дін кез келген қоғамның, кез келген адамның рухани болмысының ажырамас бөлігі. Адам белгілі бір құдыретке сеніп содан рухани нәр алады. Ал, бұл сенім әр адамда әрқалай…

Қазақ жеріне ислам діні жетінші ғасырдың басында келді десек, кеңестік дәуірде әлсіреген ислам діні уақыт өте қайта етек жая бастады. Осы кездегі аласапыран заманды өз мақсатында пайдаланған мысық мінезді адамдар халықтың санасын улап, өздерінің теріс пиғылын ел арасына таратып, осыдан келе «діни радикализм» ұғымы пайда болды. Діни радикалдық көзқарастың таралуының басты себептерінің бірі – діни сананың қалыптасып үлгермеуі деп айтуға болады. Мұнымен қоса сырттан келетін жат идеологиялар аталмыш мәселені ушықтырып жібереді. Өкінішке орай, еліміздің көптеген азаматтары дәстүрлі дінге қайшы келетін жат діни ағымдардың жетегінде кетті. Мұның бірден бір себебі – діни білімнің аздығы.

Жалпы, діни-радикалды көзқарасты жақтаушылар әу бастан өздерінің агрессияшыл іс-әрекеттерімен көзге түсетіні белгілі. Сондай-ақ, олар дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайды. Оның бәрін «дінге жаңашылдық енгізу» деп қабылдайды. Соның салдарынан радикалданған азаматтар қоғамдағы әлеуметтік-рухани, экономикалық-саяси өмірден баз кешіп, жат идеологияның қолшоқпарына айналып жатады. Олардың мұндай әрекеттері дәстүрлі дінді ұстанушы азаматтарға кері әсерін тигізетіні түсінікті. Осыған орай, азаматтардың радикалдануына жетелейтін факторларды анықтап, олардың алдын алу жолдарын қарастыру қажеттілігі туындап отыр.

Осы тақырыпты қозғаған Жамбыл облысы бойынша дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері ауданға келіп, бірнеше іс-шараларды ұйымдастырды. Аталмыш топтың мүшесі, теолог Бақтияр Алпысбаев аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, «Радикалды діни көзқарастың жеке тұлға мен қоғамға кері әсері» тақырыбында әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, теолог Асылхан Қалмырзаев осы тақырыпта полиция қызметкерлерімен жүздесіп, маңызды ақпаратты ұсынды. Дінтанушы-теологтардың айтуынша бір адам жүрегіне екі бірдей дінді бірдей қабылдай алмайды. Сол себепті, дін мәселесі адамға сезімтал тиеді. Бүгінгі таңда ақпараттың оңай қолжетімділігіне байланысты бұл саланы қадағалау өте қиын. Радикалды көзқарастар көбіне интернет желісі арқылы тез тарайды. Жат ағымның арбауына көбіне жастар еретіні шындық. Еліктегіш келетін олар діни-радикалды көзқарасты ақиқат деп танып, қалғандарының бәрін тәрк етеді. Осыны баян еткен ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері дінді тек ҚМДБ тағайындаған имамдарынан, мешіттерден және еліміздегі діни білім ордаларынан алу керектігін жеткізіп, республика аумағында тыйым салынған 23 экстремисттік діни ұйымдарды атап өтті.

Жамбыл облысы бойынша дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері аталмыш тақырыпта ауданның бірнеше білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кездесіп, бірнеше сауда орталықтарында арнайы флаерлар таратты. Онда тыйым салынған экстремистік және террористік діни ұйымдар мен «114 – Қауырт желісі» және ДПЗО-ның сенім-телефоны туралы ақпараттар жазылды.

 

 

 

 

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.