home
home home

Қайырымылық көмек көрсетілуде

Қайырымылық көмек көрсетілуде

 

Жаңа оқу жылы қарсаңында республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы тамыз айынан басталған болатын. Бүгінде елімізде дәстүрге айналған аталмыш акция ауданымызда да көптеп ұйымдастырылып, игі істің шапағаты әлі күнге сезіліп келеді.

 

Тұрмыс жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайларға жаңа оқу жылы қарсаңында қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған акция марафонын ақ халатты абзал жандар жалғастырды. Күні кеше аудандық орталық аурухананың конференц-залына жиналған ұжым  көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан 10 балаға көмек көрсетті. Нақтырақ айтсақ, олар мектеп формасынан бастап, оқуға қажетті құрал-жабдықтар мен спорт киімдерін тарту етті. Тамаша сыйлыққа ие болған балалардың жүздері күлімдеп, алғыстарын айтты. Ал, сөз кезегін алған ата-аналар да қолдан келгенше көмек көрсеткен дәрігерлер қауымына алғыстары шексіз екенін білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан да көмекке мұқтаж балақайларға демеушілік көмек көрсетілді. Аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева бастаған ұжым үш балаға көмек қолын созып, мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарын тарту етті.

Естеріңізге сала кетсек, жыл сайын қолға алынып келе жатқан «Мектепке жол» акциясы еліміз бойынша қыркүйек айының 30-на дейін жалғасын табатын болады. Осыған орай, тұрмысы төмен және көмекке мұқтаж отбасы балаларына мүмкіндігінше көмек көрсетуге шақырамыз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.