home
home home

ҚаҺарман жерлесіміз ұлықталды

ҚаҺарман жерлесіміз ұлықталды

Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесі қарсаңында Қаракемер ауылдық Ә.Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектебінде қаһарман жерлесіміз Әбіл Нүсіпбаевтың құрметіне ескерткіш тақта және бюст орнатылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында өткен іс-шараға аудан әкімі Болатбек Байтөле және өзге де құрметті қонақтар қатысты.

Айта кетсек, Әбіл Нүсіпбаев Қаракемер ауылының тумасы. Ол 1914 жылы дүниеге келіп, Ұлы Отан соғысында екі «Қызыл жұлдыз» және «Ленин» ордендерімен марапатталған, 300-ге жуық фашистің көзін жойған атақты мерген. Оның қантөгіс майданда жасаған ерлігі көптеген деректерде сақталған. Ұрыс алаңында жарақат алып, 1944 жылдың 14 қазанында Мәскеу қаласында қаза болыпты.

Осы ретте өткен жылы мектептің 50 жылдық мерейтойындағы түлектердің І форумында Әбіл Нүсіпбаевтың бюстын ашу жөнінде сөз болған еді. Міне, араға жыл салмай мектеп түлектері уәдесін орындады. Игі бастама басында атақты мергеннің немересі Талғат Нүсіпбаев және Қордай ауданының Құрметті азаматы Сманалы Тұрғынбай болғанын атап өткен жөн.

Мектептің алдына қаз-қатар сап түзеген оқушылар, ауыл тұрғындары және қадірменді қонақтар үлкен іс-шараның куәгері болды. Іс-шараны мектеп  директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Болат Төреев басқарып, ең әуелі жиналған көпшіліктің алдына 1970-76 жылдары директорлық қызмет атқарған Төле Сүгірбайды шақырды. Төле Аманжолұлы осы мектепке батыр жерлесіміздің есімі берілу тарихынан сыр шертіп, барлық қатысушыларды ұлы мерекемен құттықтады.

Мектеп оқушыларынан құралған «Жас инспекторлар» және «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының мүшелері ұлттық ұлан сарбаздары сынды адым басып, Әбіл Нүсіпбаевтың ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Қадірлі қонақтар да өз кезегінде батырдың рухына тағзым етіп, гүл себеттерін қойды.

Салтанатты рәсім аяқталған соң жиналған қонақтар мектеп ішіне шақырылды. Көпшілік алдына Нүсіпбаевтар әулетінің келіні Күлсінхан Нүсіпбаева шығып, батыр жерлесіміз жайында танымды ақпарат беріп, №51 орта мектеп оқушысы Бекзат Сансызбайға сөз кезегін берді. Жас оқушы Әбіл Нүсіпбаевтың мергендігін, ерлігін дәлелдейтін деректер, естеліктерді зерттеп, арнайы жоба әзірлеп, облыстық жас тарихшылар байқауының бас жүлдесін жеңіп алыпты. Көпшілік назарына аталмыш жобаны ұсынған жас тарихшы құнды деректер, естеліктер мен құжаттарды топтастырып, Әбіл Нүсіпбаевтың майданда жасаған ерліктерін дәлелдей білді.

Жалпы, жобада аталып өткендей Әбіл Нүсіпбаев туралы жазылған мақалалар баршылық. Атап өтсек, ауданымызға белгілі журналист болған Жапар Көпбаев өзінің «Біздің ерлік жолымыз» атты кітабында мерген жерлесіне тұтас бір тарау арнаған. Сондай-ақ, жауынгер жазушы Балтабек Жетпісбаевтың «Жорық жолдары», Қасым Шәріповтің «Қаруластар», Иван Пегостаевтың «Во имя жизни», Н.Нищуктың «Великие не умирают» және тағы да басқа авторлардың кітаптарында мергеннің ерліктері жайындағы жазбалар аз емес. Сондай-ақ, ауданымыздың белгілі журналисі Құрманбек Әлімжанның жерлесіміздің есімін ұлықтату жолында атқарған еңбегі де орасан. Осыны ескерген ұйымдастырушылар журналистің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Құрманбек Әлімжан батыр бабаларымыздың есімі ел аузынан түспеу керектігін айтып, өз ризашылығын білдірді.

Содан кейін жиналған көпшілік бюст алдына жиналып, оның ашылу лентасын ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет пен Талғат Нүсіпбаев қиды.

Жалпы, Қаракемер ауылынан сұрапыл соғысқа бес жүзге жуық азамат аттанып, оның жартысына жуығы ауылға қайтқан. Сол сұрапыл жылдары еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Отан үшін, ел үшін, болашақ үшін деп соғысты, еңбек етті. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз, сол уақыттағы 5-10 жастағы балалар мен қыздар отандастарын тамақпен, киім-кешекпен, қару-жарақпен, оқпен қамтамасыз етті. Осындай ерен ерлікті ұмытпай, өскелең ұрпаққа жеткізу, дәріптеу біздің ортақ  міндетіміз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта