home
home home

Педагог мәртебесі туралы заңға қол қойылды

 

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу

туралы» заңға қол қойды.

Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заңда материалдық ынталандырудың бірнеше тетігі қарастырылғанын атап өтті. Мәселен, дәптерді тексергені үшін қосымша ақылар екі есеге артады. Тәлімгерлік үшін бір базалық жалақы немесе 17500 теңге ай сайын төленеді.

Педагогикалық шеберлік үшін барлық мұғалімге 30-50 процент арасында қосымша ақы қарастырылған. Тағы бір маңызды мәселе, біраз жылдан бері колледж мұғалімдері, қосымша білім беру мен балабақша мұғалімдері категория бойынша ақы алмаған. Енді, осы мәселе де қарастырылды. Аттестация бойынша қосымша ақылар да төленетін болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы орган 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде педагогтерге қосымша ақы төлеуге құқылы.

Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселелеріне баса назар аударылады. Ол үшін әрбір білім беру мекемесінде әдеп кеңестері жұмыс істейді.

«Ал материалды емес ынталандыру тетіктері аясында мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылып отыр. Барлық педагог алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шыға бастайды. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы кеңейтілді», – деп атап көрсетті Аймағамбетов.

Осы құжаттың негізгі бағыттары:

– Халықаралық олимпиадалардың, конкурстар мен спорт жарыстарының жеңімпазын, жүлдегерін дайындаған педагогке үш лауазымдық айлық мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу;

– «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағымен марапатталған педагогке 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы 2,5 миллион теңгеге тең) біржолғы төлем беру;

– 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;

– Магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (25 250 теңге) қосымша ақы енгізу;

– Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын біртіндеп екі есе арттыруды тапсырды. Осылайша, осы жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.