home
home home

Өткенді саралайтын ұлттық мұралар

 

 

 

Өткенді саралайтын  ұлттық мұралар

Ұлттық мәдени құндылықтар дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Ал тарихи-мәдени ескерткіштер – ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігерлері болып табылады.

Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы. Елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор. Бүгінгі таңда Қордай ауданында сегіз жүзден астам тарихи және мәдени ескерткіштер алдын ала тізімге алынған болса, олардың басым көпшілігі халықтардың ежелгі тарихына қатысты материалдық мәдениетінің ескерткіштері, яғни археологиялық ескерткіштер болып табылады.  Мәселен: ежелгі қалашықтар мен қалалар; ежелгі қоныстардың қалдықтары; обалар, қабір үстіне орнатылған ескерткіштер мен салт-дәстүрлік құрылыстар; адамның еңбек қызметін сипаттайтын ескерткіштер; тасқа және үңгірде қашалған жазулар; табылған жекелеген қазбалардың орындары жатады.

Бұл ескерткіштер ежелгі тұрғындарының жоғарғы палеолит дәуірінен ортағасырлық кезеңге дейінгі өмірі мен тұрмысын көрсетеді. Біздің ауданда мұндай тарихи жәдігерлер аз емес. Олардың қатарында Ауқатты ауылының солтүстік-батыс шетінде, Шу өзенінің жағалауында орналасқан Қысмышы қалажұртын (VII-XIV ғғ.), Қақпатас ауылының батыс шетінде жайғасқан Қақпатас қалажұртын (X-XII ғғ.), Ауқатты ауылының солтүстік-батысында 5,4 шақырым жердегі Ыстөбе обасын (ерте темір дәуірі) және Қордай ауылының солтүстік-шығыс шетіндегі Георгиевск қалажұртын (X-XII ғғ.) атап өтуге болады. Георгиевск қалашығын алғашында 1937 жылы Ю.Г.Платонов бастаған жас өлкетанушылар ашып, зерттеген, соңғы қазба жұмыстары 2017 жылы өткізілгені белгілі. Қалашықта жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде қыш ыдыстар күйдіретін пеш, тандыр пеш, бөлме қабырғаларының қалдықтарын көруге болады. Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Мәдияр Елеуов бастаған археологтар тобы сол жылы қазба нәтижесінде биіктігі 50 сантиметрден  асатын қыш құмыра, жүз шақты асықтар мен көптеген қыш бұйымдардың сынықтарын тапқан болатын. Қазіргі таңда бұл жәдігерлер аудандық музей экспозициясынан орын алған.

Бүгінде белсенді жер игеру процестерінің нәтижесінде осы жәдігерлердің көпшілігіне жойылу қаупі төніп тұр. Сондықтан, ұлттық мұрамызды сақтау мен келешек ұрпаққа жеткізудің, ескерткіштерді қорғаудың маңызы зор екенін ұмытпауымыз керек.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта