home
home home

Өркенді ауылдағы өрелі істер

Өркенді ауылдағы өрелі істер

Аудан әкімі Болатбек Байтөленің халық алдындағы есеп беру жиыны әр ауылдық округті қамтып келеді. Бұл жолы келелі кездесу Сұлутөр ауылында жалғасын тапты.

 

Жалпы, дәстүрлі түрде өтетін билік пен бұқара кездесуіне жиналған тұрғындар саны көп болды. Есепті кездесу барысында тұрғындар ең әуелі ауыл әкімі Е.Мырзағұловтың, содан кейін аудан әкімі Б.Байтөленің есебін тыңдады. Округке қарасты екі елді мекен шағын болғанына қарамастан, тыныс-тіршілігі мығым. Шаруалар бидай, арпа, шабындық шөп егіп, жақсы өнім алған жайы бар. Мал саны да өсіп, ауыл шаруашылық саласында алға басушылық айқын сезіледі. Е.Мырзағұловтың сөзінше округтегі ардагерлер және жергілікті қоғамдастық кеңесі ауыл әкімдігімен бірлесе жұмыс жүргізе отырып, қолда бар қаражатты тиімді жұмсаған. Бұл қатарда көшелерді жарықтандыру, жолды қардан, төңіректі күл-қоқыстан тазалау сынды жұмыстар бар. Сонымен қатар, округте көгалдандыру жұмысы мықтап қолға алынған. Былтыр Сұлутөр ауылында «Жасыл белдеу» саябағы қоршалса, Көктөбедегі Жамбыл көшесіне құм-шағал төселіп, біраз ретке келтірілген. Тұрғындар қайырымдылық жасаудан алдына жан салмайды екен. «Мектепке жол» акциясы аясында жомарт жандардың көмегімен 40 оқушы мектепке қажетті дүниелермен қамтылса, айтулы мерекелерде тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмек көрсетіліп тұрады. Өткен жылы көктөбеліктердің қуанышына орай, су жаңа, заманауи 50 орындық мектеп ашылып, балалардың игілігіне берілді. Бұл еліміздің өркендеп келе жатқанының айқын бір дәлелі десек артық айтпаспыз. Жиын барысында ауылдағы атқарылған жұмыстарға жергілікті тұрғындар ризашылығын білдіре келе, өздерін толғандырған сұрақтарға мардымды жауап ала алды.

Келесі кезекте аудан әкімі Болатбек Байтөле Үлкен Сұлутөр ауылында есеп берді. Ауылдық мектептің акт залына жиналған көпшілік өткен жылы атқарылған жұмыстармен қоса, биылғы жылы алға қойылған міндет пен мақсаттарды естіді.

Ауылдық округ әкімі Д.Әбдіразақтың баяндамасы жағымды істерге толы болды. Округтегі салық түсімі ұлғайып, ауылдың бюджеті өсті. Қаражат ауылдың мұқтажын өтеуге толықтай жұмсалған. Баяндамадан байқасақ, ауыл тазалығына ерекше көңіл бөлінген. Көшелер жарықтандырылып, ауыл іші күл-қоқыстан тазартылып, оны жинайтын жәшіктер орнатылған. Ағаштар бұталып, әктеліп, қурайлар шабылып, арықтар тазартылған. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында екі гектар жерге 5000 түп терек, 3000 түп қарағаш егіліп, ауыл күні ертең жасыл желекке оранбақ. Бұл жұмыстарға шаруалардың қосқан үлесі де қомақты. Ауылдағы Абылай хан көшесі жөнделіп, тұрғындардың ризалығына бөленді. Ауылда тіршілік көзі саналатын мал саны өсіп, шаруалар егістіктен мол өнім алды. Тұрғындар дәрігерлік амбулаториядан ем алып, балалар сапалы біліммен қамтылған. Қайырымдылық көмек көрсету жұмыстары да әрдайым назарда.

Ал, аудан әкімінің баяндамасынан тұрғындар аудан көлемінде атқарылған ауқымды істерді тыңдады. Тұрғындар арасында жеке басына қатысты сауалдар көп болды. Әр сұраққа орынды жауап берген Б.Байтөле ешкімді назардан қалдырмады. Аудан басшысы елдің ауызбірлігі болса, жергілікті қауымдастық пен әкімдік көмегімен алдағы уақытта да ауылды көркейте беруге айшықты істер жасалатынын жеткізді. Сол себепті де түйткілді мәселелерді бірлесе шешіп отыруға болатындығын айтты. Халық алдындағы есепті кездесуде ауыл тұрғындары жылдық жұмысқа лайықты баға беріп, өз алғыстарын білдірді. Ұсыныстарын айтып, сауалдарына жауап алды.

 


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта