home
home home

Өнер ауылының майталмандары

Өнер ауылының майталмандары

Мәдениеті мықты ел әлемге танымал болады. Шән мәнінде де мәдениетіміз мәнді, сәнді болса оған қызықпау мүмкін емес. Қордай ауданы туралы өзге жақта сөз болса өнерлі ұлдары мен дарынды тұлғалары сөз болады. Осының барлығының басын қосып, ауданның мәдениет саласын дамытуда талмай еңбек етіп келе жатқан азаматтардың еңбегі де ерекше. Мерекеге толы наурыз айында аудандық Мәдениет  үйі қызметкерлері толағай табыстарға жетіпті. Ізглік пен жақсылыққа жетелейтін, әрдайым халық ортасында беделді, сүйікті өнерпаздардың сол жетістіктері туралы аз-кем сөз етсек.

 

Елімізге танымал айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева басқаратын ұжым өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәделдеді.  Аз күнде көп жетістікке жеткен ұжым әуелі Алматы қаласында өткен республикалық «Киелі бесік» ұлттық өнер байқауында бақ сынады. Елбасы – ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықты дәріптеу, ұлттық кодты сақтау және ұлттық мәдениетті нығайту мақсатында өткен музыкалық фестивальде елдің түкпірінен келген кіл мықтылар өнер көрсетті. Түрлі мәдени ұжымдар, театр және өнер білім ордалары сынға түскен додада біздің жерлестеріміз де намысты қолдан бермей барын салғаны анық. Сайыстың атауы көрсеткендей мұнда әуелі бесікке салу дәстүрі театрланған көрсетілім бойынша сынға түсті. Онда біздің өнерпаздар театрланған көріністі тамаша көрсетіп қана қоймай, қалың көпшіліктің көңілінен шыға білді. Күйші Қуаныш Ахметов домбыра үнін жүрекке жеткізсе, әнші Құндыз Байболатова «Әй, әй, бөпемді» әуелетіп шырқап, сонымен қатар ұжым әртістері Жанат Ақылбаева, Айгерім Барманбекова, Нұрсезім Еркін бесікке салу салтын жоғары деңгейде көрсете білді. Осылайша, өнерпаздардың өнері көрерменмен қатар қазылар алқасының көңілінен шығып, жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл жетістікті мәдениет үйіндегі «Аққу» халықтық би ансамблі жалғастырды. Жақында Тараз қаласында өткен «Қазақстан таланттары» көп жанрлы фестивальде «Аққу» би ұжымы тамаша жетістікке жете білді. Жазира Мұсахаметова жетекшелік ететін бишілер байқаудың биік шыңы бас жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, жеке орындаушылар сайысында да бұл жеңісті Биғани Абдуакилова қайталап, жеңіс тұғырынан көрінді. Қос бірдей бас жүлдені қанжығасына байлаған «Аққу» ансамблі және Б.Абдуакилова жарыс қорытындысы бойынша үздік танылып, Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін халықаралық байқауға жолдама алды. Айы оңынан туған мәдениет үйінің жеңістері мұнымен тоқталмай жалғасы Талас ауылында болды. Облыстық «Талас толқындары-2019» музыкалық өнер фестивалі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болшаққа бағдар:рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өтіп, жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Аталмыш байқау аясындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы қобызшылар байқауында біздің қобызшыларымыз да көңілден шықты десек артық айтпаспыз. Жерлесіміз Айжан Шарипханова 3 орынды иеленсе, Шынарай Мешітбаева мен сайыстың ең жас қатысушысы Райхан Байбетова алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, ауданымыздың мақтанышы Күміскүл Сәрсенбаева да республикалық айтыста сүмбіле сөз саптау өнерімен көрермен көз айымына айналып, арнайы марапатқа ие болды. Осындай жетістікке жетіп үлгерген аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің әлі де алдағы уақытта талай белесті бағындыратынына сенім мол.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта