home
home home

ӨМІР МЕН ӨЛІМ АЙҚАСҚАН ОРЫН

Қиқулай өткен жедел жәрдем көлігін көргенде жүрегі селт етпейтін жан жоқ шығар. Ішінде жанын шүберекке түйіп, тән азабымен алысып бара жатқан адам мен оған қалай да көмек беру үшін арпалысқан дәрігер көз алдыңа келетіні анық. Ауыр жағдайдағы адамды апаратын бір ғана орын бар, ол – жан сақтау бөлімі… Аурухананың осы бөлімі туралы естіген кезде бәріміздің көз алдымызға өмір мен өлім арасындағы арпалысқан тағдырлар елестейді.

Алладан кейінгі адам жанына араша болатын дәрігерлер туралы ойымыздан шыққан күні оң пікірімізді, жел жағымыздан шыққан күні қиғаш пікірімізді айтуға дайын болатынымыз жасырын емес. Бірақ, бұл бөлімнің орны ерекше. Психологиялық және тәжірибелік тұрғыда ең мықты мамандар еңбек ететін жан сақтау бөлімі жұмысын өз көзімізбен көріп, жауапты орында талмай еңбек ететін мамандарды әңгімеге тарту мүмкіндігі туған еді. Сол турасында болмақ бұл әңгімеміз.

Мойындауды қиынсынғанмен, бұл саладағы кәсіпқойлардың еңбегі адал, ісі сауапты. Науқастарды аурудан айықтыру бір бөлек, қайғылы хабар жеткізу қандай қиын шаруа десеңізші… Жан сақтау бөлімінің меңгерушісі М.Чаяхметованың айтуынша, жылына 1500-ден астам адам ауыр дертпен осында түседі екен. Әр адамның шыбын жаны үшін көз ілмей қызмет ету, сенімге селкеу түсірмеу – дәрігерлерге артылған ауыр жүк. Өмір бар жерде – өлім бар. Ол – өмірлік аксиома. Реаниматолог-дәрігерлер К.Жұмабаева, Л.Шейкина, М.Тұралиев пен С.Сұраншиевалардың еңбегін жайшылықта әр пенде түсінгенімен, жан сақтау бөліміндегі қиыншылықта қайшылық көп. Ота жасау алдында жұмысқа кірісетін анестезиолог мамандардың жауапкершілігі туралы қарапайым жұрт біле де бермейді. Бұл жұмыстың үлкен жауапкершілігін сол іспен айналысып жүрген Н.Абжанова, Г.Қалиева, Д.Ашимова, Л.Трукина, Т.Игнатьева және С.Тенеевалардан артық ешкім біле қоймас. Алайда, дәрігерлердің де дәрменсіз болатын кездері болатыны жасырын емес. Ол адамды ажалдан арашалай алмайтын уақыт. Тәңірдің тағдырға жазғаны сол болса, пенде фәни өмірмен қош айтысып, кете барады. Осындайда суық хабарды жеткізу де жан сақтау бөлімі мамандарына жүктеледі. Біз ертеңмен басталған тексеру жұмыстарынан кейін бірден әр науқастың ас ішуін қадағаладық. Біріне арнайы аппарат көмегімен қоректендіру жұмыстарын жасадық. Бұл жұмыстарды дәрігерлердің нұсқауымен медбикелер жасайды. Ауысыммен түсетін аға медбике Г.Башлаевамен бірге Е.Серікова, Д.Ағыбаева, А.Ыбыш, З.Мендебаева, Р.Абибаева, Н.Шалова және Л.Иванова, сондай-ақ А.Тоқтарбектің еңбектері орасан. Жаны мен тәні ауырып келген науқастарға сөз жәрдемімен де демеу болатын осы жандар. Ал, науқастардың дәретін тазалап, бөлім мен төсектердің тазалығын жіті назарда ұстайтын кіші қызметкерлерді де атамай кету мүмкін емес. А.Жантықбаева мен В.Кожушко, И.Носкова және Т.Насырова, А.Үрістемова мен Н.Хаметова, Г.Бердібаева және Г.Калининаның атқарған қызметтерін біз қарап тұрып жаға ұстадық.

Бөлім жұмысымен таныса жүріп біз өлімге қарама-қарсы келіп, 5 күннен кейін ғана қалың ұйқыдан (комадан) оянған ағамызбен аз-кем тілдесіп үлгердік. Өтеген ауылының тұрғыны Санат Сүлейманов өте ауыр жағдайда жан сақтау бөліміне түсіпті. Дерті асқынған оған ақ халаттылар қолынан келген көмегін аямады. Қан қысымын түсіріп, қажетті ем-дом жасады. Төрт рет өлім аузынан қалған аға Алла алдында ақ халаттылар атына разы. Ол осыдан 2 жыл бұрын есінен танып, жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Дәрігерлер науқасқа шұғыл көмек көрсетіп, аман алып қалыпты. Ауруы жанына батқанда батыл қадам жасап, бойына қайта қуат сыйлаған денсаулық сақшыларына айтар алғысы шексіз.

Мұндағы мамандар нұсқаулықты дер кезінде орындап, науқастарға қажетті екпе мен басқа да көмектерді сапалы түрде көрсетеді. Бұл бөлімдегі қызметкерлерге ең керегі – көпжылдық тәжірибе. Бірақ, олар соның өзін жетілдіріп отыруды бірінші кезекке қояды.  Мықты маман ғана  – ұлт саулығының ұйытқысы болары хақ. Тәулік бойы адам өмірі үшін арпалысқан жандардың тынымсыз тірліктеріне табыс тіледік.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.