home
home home

Нұрханның жеңісі

Нұрханның жеңісі

Өткен аптаның соңында Болгариядан қуанышты хабар келді. Ботевгард қаласында бокстан өткен халықаралық турнирде жерлесіміз Нұрхан Жылқыбай жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан туын көкке желбіретті.

14 елдің былғары қолғап шеберлерінің басын қосқан дәстүрлі турнирде қазақстандық спортшылар ерекше көзге түсті. Біздің боксшылар шаршы алаңда мықты дайындықтарын көрсетіп, 4 алтын, 9 күміс, 5 қола медальға ие болып, нәтижесінде Қазақстан жастар құрама командасы жалпы есепте ІІ орынды ұтып алды. Ал, құрама команданың құрамына кірген жерлесіміз Нұрхан Жылқыбай 46 келі салмақта финалға шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Естеріңізге сала кетсек, Нұрхан Жылқыбай №1 спорт мектебінің тәрбиеленушісі.

– Болгариядан жеңіспен ораламын деп ойладым, себебі басқа таңдау жоқ болды. Сондықтан, бар күшімді салдым. Жаттықтырушылардың ақыл-кеңесі, туған-туыстарымның қолдауы демеу болды. Бұл турнир қиын болды деп айта алмаймын, ең бастысы – тізе бүкпеу керек, – дейді Қазақстан чемпионы атанған Нұрхан.

Нұрхан Қордайда нағыз шебер ретінде танымал. Оның соққылары дәл тиіп, өзі қиындықтарға мойымайды. 15 жастағы чемпион боксқа үлкен мән береді, жаттығулар мен спорттық режим оның өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Қазір Нұрхан алдына қойған мақсаттарына батыл қадам жасап, оларға жететініне сенімді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта