home
home home

Ноғайбайдағы жағдай жақсарып келеді

Ноғайбайдағы жағдай жақсарып келеді

Біз қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, еш уақыт бейжай қарамаған халықпыз. Ауылдың ахуалы – қазіргі қоғамның даму көрсеткіші десек қателеспейміз. Ауылды көркейту қыруар қаржыдан бөлек, қажырлы еңбекті талап етеді.

Мемлекет тарапынан бөлінген қаражат пен қабылданған бағдарламалардың арқасында халықтың әлеуеті артып, ауылдардың жағдайы жақсарып келеді. Мәселен, 2496 тұрғыны бар Ноғайбай ауылдық округінде соңғы жылдары оң өзгерістердің орын алғаны байқалады. Округте тұрғындарға екі орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік пункт, үш кітапхана, екі мәдениет үйі, 140 орындық бөбекжай, 10 аралас сауда дүкені, бір кафе, байланыс бөлімшесі, дәріхана, шаштараз мекемелері қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, Ноғайбай ауылында аудан көлемінде студенттерге техникалық білім беріп отырған Қордай ауыл шаруашылығы колледжі орналасқан. Мұнда механик, зоотехник, ветеринар, агроном, инженер сынды нарықтық қатынастарға лайық, қоғамға қажетті мамандар даярлануда. 60 жылдан астам тарихы бар мекемеде қазіргі таңда 500-ден астам білімгер білім алып, 350 орындық жатақханада тұрады. Қордай ауылынан қатынап оқитын студенттер мен ауыл тұрғындарына қоғамдық көлік, яғни 2 автобус қызмет көрсетеді.

Ноғайбай ауылдық округінің экономикалық өсу қарқыны жақсы деңгейде. Мәселен, округте 140 шағын бизнес нысаны тіркелсе, оның 131-і бүгінгі таңда шаруасын тұрақты түрде дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ, округте орналасқан ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, атап айтқанда «Ноғайбай-Қазэксим» және «Ақтас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тіркелген. «Бөрілі», «Медет», «Бауырбек» шаруа қожалықтары да жүйелі жұмыстарымен танылған. Ауылдық округте орналасқан 78 шаруа қожалықтарының иелігінде жалпы 26675 га ауыл шаруашылық жерлері бар. Оның 8325 гектары егістік жер болса, қалғаны шабындық және жайылым жерлер. Округте 2018 жылы 2027 га күздік бидай себіліп, 50675 тонна өнім алынды. Өнімділік көлемі әр гектардан 25 центнерді құрап отыр. Сондай-ақ, 3559 га арпа, 41 га жүгері, 23 га қант қызылшасы себіліп, шаруалар мол өнімге қол жеткізген. Ал, биылғы жылға күздік бидай жоспар бойынша 2455 га себілген.

«Ауылдың жақсылығы жолынан білінер» демекші,  Ноғайбай ауылында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2018 жылы Н.Сауранбаев көшесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, 2018 жылы облыстық бюджет есебінен бөлінген 174,5 млн. теңгеге Ноғайбай-Шарбақты ауылдарын байланыстыратын 8 шақырымдық жолдың орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі ауылдың арасында еш қиындықсыз қатынауға мүмкіндік туды.

Ауылда жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне де ерекше мән берілген. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2018 жылы ауылға келген  білім беру саласындағы бір жас маманға тұрғын үй сатып алуға 3607500  теңге несие берілсе, денсаулық сақтау саласында қызмет атқаруға келген бір маманға 168350 теңге қөтерме ақы төленген. Округтегі үш елді мекенде 2018 жылы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту бөлімі арқылы ақылы қоғамдық жұмыстарда 19 эколог, 1 әлеуметтік қызметкер және 3 адам «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмыс істеді.

Бұдан бөлек, Ноғайбай ауылдық округінде көмекке мұқтаж азаматтарға қамқорлық жасау да назардан тыс қалмайды. Округ бойынша жалғыз басты 7 адамға, мүмкіндігі шектеулі 2 балаға арнайы көмек көрсетіледі. Әр мереке сайын жеке кәсіпкерлердің және шаруа қожалықтары басшыларының демеушілігімен азық-түлік таратылып тұрады. Ауылдық округте арнайы құрылған комиссия әл-ауқаты төмен отбасылардың тұрмыс жағдайын зерделеп, оларға атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысын тағайындау үшін қажетті құжаттарды дайындап өткізіп тұрады. 2018 жылы 34 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, ағымды жылдың үш айының өзінде 27 адам атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Ал, 2019 жылы облыстық және жергілікті бюджеттен бөлінген 60 млн. теңгеге ұзындығы 2,5 шақырым болатын Ноғайбай-Сарыбастау автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, биыл Ноғайбай ауылындағы Төле би көшесіне 2 млн. теңгеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Мұнымен қатар, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Ноғайбай ауылдық округіндегі Сарыбастау көшесіне 2,4 млн. теңгеге жарық жүйесін орнату жоспарланып отыр.

Ауылдағы өзекті мәселелердің бірі – ауыз су. Бүгінгі күні үш ауылдың тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ноғайбай ауылындағы су құбыры «Қордай су» мекемісінің теңгерімінде. Ұңғыманың айналасына  санитарлық қорғау аймағы орнатылған. Ауыз су сапасын бақылау химиялық және бактериологиялық талдау арқылы ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығының» Қордай аудандық филиалы өндірістік бақылау келісіміне сәйкес жүргізіліп отырады. Жол картасына сәйкес, 2020 жылы Ноғайбай ауылына «су құбыры жүйесін қайта құруға» жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Ал, оған дейін 1965 жылы іске қосылған жүйенің бүгінде тозығы жетуіне байланысты 2019 жылы су құбырлары мен су айдауыш мұнарасына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.