home
home home

Ноғайбайда нақты іс көп

Ноғайбайда нақты іс көп

Аудан әкімінің ауылдық округтерге жұмыс сапары жалғасуда. 19 сәуірде Болатбек Байтөле Ноғайбай ауылдық округінде болып, соған қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатын. Құрамына Сарыбастау мен Шарбақты кіретін елді мекендердің тұрғындарымен кездесу де сәтті өтті. Екі жарым мыңнан астап адам тұратын Ноғайбай ауылдық округінде ауыз толтырып айтарлық  тіршіліктер жасалған. Сонымен қатар, әлі де болса қолға алынуы қажет жұмыстар бар екен.

Алдымен Сарыбастау ауылына ат басын тіреген аудан басшысының тұрғындармен кездесуі спорт алаңшасы маңында болды. Аудан әкімінің арнайы келгеніне ризашылығын білдірген ауыл тұрғындары өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауаптарын алды. Кездесу еркін тақырыпта, емен-жарқын сұхбатқа айналғанын да айта кеткен жөн. Ұзақ жылдар өздерін сырт қалып қойғандай сезініп жүрген Сарыбастау тұрғындары биыл ауылда құрылысы басталған медициналық пунктті жақсылыққа балағаны рас. Болатбек Байқонысұлы бұл тек бастамасы ғана екенін айтып, биыл ауылдың орталық көшесі толықтай жөндеуден өтіп, сонымен бірге жарықтандыру жүргізілетінін жеткізіп тұрғындарды қуантып қойды. Тағы бір жағымды хабар – Ноғайбай ауылымен жалғап тұрған жолға да жөндеу жұмыстары жасалмақ екен. Осыған дейін «Қордай Судың» ықпалымен ауыз су мәселесі түбегейлі шешілсе, суармалы су жайы да жаман емес. Оның басына қажетті бірқатар жөндеу жұмыстарына керек техникамен аудан әкімі қамтамасыз етуге уәдесін беріп, арнайы сол маңды өз көзімен көріп те қайтты.

Ауылдағы орталық Белес көшесіне ауданымызға үлкен инвестиция салуды көздеп отырған «Аурум Дойчланд» компаниясы арқылы асфальт төселетін болады. Кәсіп ашамын деген жандарға да қазіргі таңда қолдау жетерлік. Жобаларыңызды ұсыныңыздар, қараймыз, көмектесеміз. Қайта оқытудан өткізуге де мол мүмкіндігіміз бар. Шаруа қожалықтар қажетті маманға тапсырыс берсе, оқытып беруге болады. Осыдан дейін де бірнеше мәрте ауылда болғанмын. Біздер кіші немесе үлкен ауыл деп бөлмейміз, барлығы өз ауданымыздың тұрғындары, – деген Болатбек Байқонысұлы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек және жалпы жұмыспен қамту турасында түсініктеме бере келе, әңгіме ауыл тұрғындарының белсенділігіне ауысқанда көптеген азаматтардың ауыл әкімінің жұмысына қадағалау жүргізетін, көптеген мәселелерді біріге шешетін қауымдастық туралы біле бермейтіндігі анық болды. Осы орайда аудан басшысы қауымдастық мүшелігіне белсенді, ауылға жанашыр болатын жандарды сайлау қажеттілігін айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауылдан шықан белгілі азаматтармен кездесу ұйымдастырып, «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында жұмыс жүргізу қажеттігін ұсынды. Ауылды абаттандыруда «Алтын дән» ШҚ басшысы Ғабиден Тулақбаев бастаған ауыл азматтары 300 түптен астам ағаш көшеттерін отырғызып, спорт алаңшасын салыпты. Осыған орай ауыл тазалығына қарайтын экологтар санын көбейтуге аудан әкімі өз уәдесін берді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары сұранысымен жаңа саябаққа учаскені анықтап беру үшін ауылдық округ әкімдігіне тапсырма берілді. Қырық шақты түтіні бар ат төбеліндей ауылдың ынтымағы жарасқан. Аудан басшысына қойылған сұрақтар негізінен жеке бастың емес ауылға қатысты болып, осы орайда Болатбек Байқонысұлы қазіргі таңда әлеуметтік желілердің ішіндегі әлеуеті мықтылардың бірі саналатын «Фейсбукте» өзінің жеке парақшасы және аудан әкімдігінің жеке парақшасы бар екенін, сол арқылы сауал жолдауға болатынын айтты.

Осыдан кейін аудан әкімі табиғаты тұмса Шарбақты ауылына барды. Жергілікті клубта тұрғындармен кездесу өтіп, алдымен аудан басшысы жұмыс сапарының мақсаты туралы айтып өтіп, одан кейін кәсіпкерлікті дамыту үшін қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Мәметов баяндама жасап, бизнес ашамын деген жандарға қолдау турасында түсініктеме берді. Онда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы көп балалы аналарға арналған грант жайы және 29 жасқа дейінгілерге жасалып отырған қолдау жайында кеңінен мағлұмат берілді.

Шарбақтыға келер жол жөнделіп, мектеп қазандығы да қалпына келтірілді. Сонымен қатар, мектеп жанындағы спорт залдың да құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді. Мұндай жұмыстар кішігірім ауылдарда осыған дейін жасалмаған болатын. Қазір біртіндеп қолға алудамыз, – деді жиын барысында аудан басшысы. Ал, жаңа форматтағы әлеуметтік көмек турасында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Айгүл Заурбаева түсініктеме берді. Өз кезегінде тұрғындар өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Алдымен ауылдағы ұялы телефон байланысының жоқтығы, интернет бойынша жылдамдықтың төмендігі сөз болды. Интернет желісі тек ауылдық амбулатория мен мектепте орналасыпты. Осы ретте аудан басшысы Шарбақтыда ақпараттандырылған орталық ашу аса қажет екенін айтып, осы мәселені зерделеу қажеттігін айтты.  Оның себептерін «Қазақтелекомның» аудандағы өкілі Гүлнар Нүспекова түсіндіріп берсе, кешкі уақытта электр қуатының төмендеп кететіні де айтылды. Қосымша трансформатор орнату жағын қарастыру үшін Болатбек Байқонысұлы аудандық электр желісі басшылығына тапсырма берді. Сонымен қатар, тұрғындар жаңадан салынған жолды жүк көліктерінің бұзып жатқанын айтып, ол мәселені зерделеу үшін аудан басшысының орынбасары Ерлан Орынбаевқа тапсырма берді. Сонымен қатар, білім бөліміне балалар тасымалымен айналысатын көлікті жаңарту бойынша ұсыныс беруді тапсырды. Жиыннан кейін ауылдық амбулатория жұмысымен танысқан Болатбек Байқонысұлы округ орталығына жол тартты.

Алдымен ауыл шаруашылығы коллеждінің спорт залында өтіп жатқан еркін күрестен балалар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатына барып, ауыл ақсақалдарымен кездесіп, қатысушыларға сәттілік тілеп, осы залға екі бірдей күрес кілемін сатып алып берген жеке кәсіпкер Бекзат Болатбековқа алғысын білдірді.

Осыдан кейін колледж директоры Дәурен Кенжебековпен бірге оқу орнын аралады. Ветеринарлар мен механиктер дайындалатын арнайы кабинеттері мен тәжірибелік аудиторияларды аралап көрген аудан басшысы, осыдан кейін студенттер жатақханасына бет бұрды. Осы ретте аудан әкімі колледж маңына абаттандыру жұмыстарының өте төмен деңгейде жүргізілгенін сынға алды. Сонымен қатар, колледжге қарасты қазіргі таңда жарамсыз күйге түскен кейбір ғимараттардың есік-терезелерін жабу немесе мүлдем алып тастау бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. Осы маңда ұзақ жылдар қараусыз қалған оқу орнының 5 қабатты жатақханасын іске жарату бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізуге орынбасарларына тапсырма берді. Аудан басшысының келесі барған нысаны – «Балдырған» бөбекжайы болды. 140 балаға арналған балалар мекемесінде қазіргі таңда 90 бала тәрбиеленуде екен. Балалардың тамағынан бастап, сауықтыру жұмыстарына дейін сұраған аудан әкімі не себепті балабақшада бала саны толық болмай отырғанын сұрап, оны зерделеу үшін ауылдық округ әкімшілігі мен балабақша басшылығына тапсырма берді. Сонымен қатар, балабақша ауласында орналасқан бассейнді қалпына келтіріп, балалар игілігіне беру жайы да айтылды. Осыдан кейін «Дүйсенбі Халфи» мешітіне барған Болатбек Байқонысұлы ондағы абаттандыру мәселесіне қатысты округ әкімінің міндетін атқарушы Мадина Нүсіповаға ескерту айтты. Маңында жаңадан асхана салынып жатқанымен, оған қажетті құрылыс материалдары жинақы төгілген, ал мешіт алдының шөбі шабылмай, ағаштары ретке келтірілмеген, қураған шөптері алынбаған. Қоршауының да сыры кетіп қалғаны көзге ұрып тұр. Осы ретте аудан әкімі сырлауға қажетті материалдармен көмек бере алатынын айтып, тез арада тазалық жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Аудан басшысының келесі барған нысаны ауылдық пошта торабы болды. Пошта жұмысымен ауылдық торап бастығы Раушан Қунақова таныстырды. Тозығы жетіп тұрған ғимараттың жөндеу жұмыстарын көрмегеніне аз уақыт болмаған тәрізді. Осыдан кейін поштаға көршілес орналасқан ауылдық амбулаторияға бас сұққан Болатбек Байтөле интернет арқылы науқастардың аудандық ауруханадағы дәрігерлерге кезекке тұру жайын сұрады. Ол жұмыстар бойынша ортақ тәжірибелік дәрігер Амантай Мұхамбетов түсініктеме берді. Алайда, аудан басшысына бірден интернет арқылы кезекте тұрғандарды көрсете алмаған дәрігерлер біраз әуреге түсіп, арада 10-15 минут өткенде ғана кезекке тұрған ауыл тұрғындарының аты-жөнін көрсеткендей болды. Оның себебін интернет жылдамдығының төмен болуынан екенін түсіндірді ақ халаттылар. Одан соң ауылдық округ әкімдігіне барған Болатбек Байқонысұлы түрлі хабарландырулар үсті-үстіне ілініп, әбден тозығы шыққан есік пен оның төбесіне сым темірмен іліп қойған электр лампасын шұғыл жөнге келтіруді тапсырып, мұндай көріністің әкімдікке мүлдем жараспайтындығын баса айтты. Мұнда аудан басшысы ауылдық әкімдікте орналасқан, сегіз мыңнан астам қоры бар кітапханаға бас сұқты. Бөлменің тарлығынан оқырман тұрмақ кітаптың өзіне орын жоқ. Аудан әкімі кітапханаға лайықты орын табуды ауылдық басшылық пен мәдениет  және тілдерді дамыту бөліміне тапсырып, ол іс сол күні шешімін тапты. Ол турасында сәл кейінірек. Ауылдық әкімдікте жаңа форматтағы әлеуметтік көмек алушылардың тізімі, оларға қажетті құжаттарды жинақтайтын маманның жұмысын көрген Болатбек Байтөле онда жіберген қателіктер үшін бірқатар ескертулер айтып, шұғыл арада жұмыспен қамту бөлімі және ауылдық округ әкімдігі бірігіп жөнге келтіруді қатаң тапсырды.

Аудан басшысы барған келесі нысан №35 Р.Қунақова атындағы орта мектеп болды. Алдымен қазандығының жағдайын көрген аудан әкімі жөндеу жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырмалар беріп, одан кейін дұрыс деңгейде жүргізілмеген абаттандыру жұмыстары бойынша мектеп директорына ескертулер айтты. Мектеп жанындағы спорт алаңшасының шөптері шабылмаған, баскетбол ойынына арналған тор жанындағы тақтайшалары түсіп қалған, спорттық инвентарлар сырланбай, ұсқынсыз күйге түскен. Алғашқы әскери дайындық пәні бойынша сабақ өткізетін орынға шөп өсіп, саппен емес жай жүрудің өзі қиындаған. Ал, жерге қағылған орындықтардың да отыратын жерлері түсіп, сырлауды біраз уақыт көрмегенін арнайы зерттеудің қажеті жоқ. Мектеп ішін аралап көрген аудан басшысы стенттердің де біраз уақыт жаңартылмағанын, электр лампаларының қалай болса солай тұруын сынға алды. Сондай-ақ, май иісі сіңіп, сыз тартқан асхананы да жөнге келтіруді тапсырды. Мектепті аралау барысында жоғарыда атап өткеніміздей ауылдық кітапханаға қажетті кең кабинет те табылды. Көп пайдаланбайтын кабинеттердің бірі таңдалып алынды. Жуық арада ауылдың мол кітап қоры осында ауыстырылатын болып шешілді. Осыдан кейін мектептің акт залында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.

Округті түгел аралап шықтық. Сарыбастау мен Шарбақтыда болдық. Биылға бірқатар жоспарларымыз бар. Соларды іске асыруға ниеттеміз. Ал тазалық жайына келер болсақ, Ноғайбай ауылына абаттандыру жұмыстары өте нашар. Мен бұл ауылда 10 экологтың жұмысын байқаған жоқпын. Қосымша тағы беріп отырмыз. Осы ретте бұл мәселе бойынша да жергілікті қауымдастық мүшелері жұмысты жандандырған жөн. Сіздерге ауылға қатысты барлық істерге араласып, жөн сілтеп отыруларыңыз қажет, – деген аудан әкімінің ескертуіне байланысты қауымдастық өкілдері іске кірісуге сөз берді.

Жақында ғана облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен осы округ аймағында үлкен комбинат салғалы отырған «Аурум Дойчланд» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Оған мен де қатыстым. Комбинат жұмысы басталса көптеген жұмыс орындары ашылмақ. Сонымен қатар, олар өздеріне қажетті мамандарды өз қаражатына оқытуға ниетті. Әлеуметтік мәселелерді де назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Ауылға футбол алаңшасын салып, өзге де игі істерді қолға алмақ. Жақында екі жақты меморандумға қол қойылатын болады, – деген аудан әкімі округ бойынша әлеуметтік көмек алатын 14 отбасының толықтай өз қаражаттарын алуын бақылауға алатынын жеткізді. Тұрғындар тарапынан түскен сұрақтар қатарында ауыл ішіндегі өте нашар жағдайдағы жолдарға ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу болды. Оған аудан әкімі арнайы техника жіберіп, құм-шағал төсетіп, ретке келтіріп беретін болды. Ал, ауыз су бойынша арнайы мұнара орнату, сол арқылы ауыз суды беру уақытын ұзарту мәселелері бойынша «Қордай Су» КМК басшысы Сапар Қашағанов түсініктеме берді. Ол жұмыстарға қомақты қаржы да бөлініпті. Ауыл тұрғындары осымен қатар ауыл ішіндегі тәртіп жайын да аудан әкіміне жеткізді. Көше ішінде көкпар тартуға тыйым салу, жаңадан жасалған жолдарға кедергілер қою мәселелері көтерілді. Бірінші сұраққа аудан басшысы полицияға арызбен жүгіну қажеттілігін айтып және де көкпар ұйымдастыру үшін де арнайы келісім болуы керектігін ескертті. Ал, көлікті жылдам жүргізетіндерге тосқауыл болатын жол кедергілерін орнату мәселесі зерделенетін болып шешілді. Тұрғындарды қызықтырған жайылым жерлерді кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайында аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов түсіндіріп берді.

Үш ауылдың тірлігі мен тынысы бір күнгі зерделеу барысында осындай болды. Аудан орталығынан алыс орналаспаған округте әлі талай жұмыстар тындырылуы қажет. Сол себепті де аудан әкімі айтылған барлық кемшіліктерді ескеріп, нәтиже шығарып, жұмысты жүйелендіруді тапсырды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.