home
home home

Наурыз мерекесі қарсаңында жаппай аудандық сенбілік

 

16 наурыз, яғни «Алас күні» қарсаңында ауданымызда жаппай сенбілік өтті. Оған аудан әкімі Болатбек Байтөле, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, бөлім және мекеме қызметкерлері, аудан жастары қатысты. Сенбі күні үлкен серпінмен өткен сенбілікті тарқата айтсақ.

Алдағы уақытта аудан орталығындағы демалыс орындарының саны артып, Қордайдың іргесіндегі батыс алқабынан ауыл ажарын ашқан саябақ бой түземек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ауданның атқамінер азаматтары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен салынып жатқан саябаққа «Достық» атауы берілген. Айта кетсек, жалпы көлемі 7,4 гектар аумақты алып жатқан саябақ болашақта мәдени іс-шаралар мен демалуға, серуендеуге арналған қоғамдық орынға айналады. Мұнда орталық алаңша, концерттік сахна мен стелла, аллея мен субұрқақ орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, балаларға арналған ойын алаңшалары мен атракцион салынбақ. Жалпы, саябақта жастар мен ересектердің жағдайы да назардан тыс қалмайды екен. Соның бір айғағы ретінде жақын арада осында бой көтеретін спорттық жаттығу алаңын, оған қажетті құрылғыларды, үстел ойындарына арналған орындарды, велосипед пен жүгіруге арналған жолақтарды айтуға болады. Мұнда арнайы дизайн бойынша көк шырша, боз арша, қарағай, талшын, емен, қайың, қызғалдақ, жөке ағашы мен үйеңкі секілді 800-ге жуық сәндік көшет отырғызу көзделген. Осындай көгалдандыру жоспарына сай ауқымды жұмыстар күні кеше басталып кеткенін айта кеткен жөн.

Сенбілік ұйымдастырылған күні мұнда қолына күрек ұстаған жандардың қарасы көп болды. Олар жуырда ашылатын саябаққа ағаш отырғызып, ортақ іске өз үлесін қосты.

– Құрметті әріптестер, бұл Қордайда бұрын-соңды болмаған саябақ болғалы тұр. «Достық» деп аталуының себебі де жоқ емес. Өздеріңізге белгілі ауданда отыздан астам ұлт өкілдері тұрады. Сол достығымыздың, бірлігіміздің символы ретінде ақылдаса келе саябақтың атын «Достық» деп қойдық. Болашақта бұл алқапта көпқабатты үйлер мен көптеген нысандар бой көтеретін болады. Бұл тек ауыл емес, аудан тұрғындарының игілігіне қолға алынып жатқан дүние. Саябақта тек серуендеу орындары ғана емес, спорт алаңдары мен балалардың ойын алаңдары да жұмыс істейтін болады. Болашақта  мәдени-көпшілік шаралар да осы саябақта өтеді. Сондықтан, «Достық» саябағына әркім өз үлесін қосып, көгалдандыру, көріктендіру жұмысына бірге атсалысайық, – деп атқарылуы тиіс жоспарлармен бөліскен аудан әкімі Болатбек Байтөле алғашқы шырша ағашын отырғызды. Бұл күні екі жүзге жуық көк шырша, қайың, қарағай, жөке ағаштары егілді. Сенбілікке зейнеткерлер де қолына күрегін алып, ағаш отырғызып, өз үлесін қосты.

– Туған ауылын, тұрғылықты жерін таза ұстау, оның көркеюіне, дамуына үлес қосу әрбір адамның міндеті деп ойлаймын. Міне, біз де өз кезегімізде ауылымыздың ажарлануына септігімізді тигізу үшін асыға келдік, – деп өз ойын ортаға салды аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева.

– Өсімдік түрлерінің тізбегінде ағаштар негізгі тұйықтаушы буын, мүлтіксіз тірі жаратылыс болып табылады. Ағаштар тартылыс күшіне бағынбайды. Бұл үнемі жоғары қарай ұмтылатын жалғыз табиғи элемент. Олар өздерінің жапырақтарын қоректендіретін күнге баяу созылып, жарық энергиясын жұтады да оны жапыраққа айналдырып, көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі. Ауыл тұрғындарын қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған ағаш отырғызуға жұмылдыру ең маңызды іс-шаралардың бірі деп ойлаймын, – дейді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мадияр Қарабаев.

Осылайша, барлығы бір қолдың жұдырығындай жұмылып, жұмысты қыздыра түсті. Дәл осындай саябақты көгалдандыру, көркейту мақсатындағы іс-шаралар алдағы уақытта да ұйымдастырыла бермек.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.