home
home home

Мұражай педагогикасы

Мұражай педагогикасы

 

Ауданымыздың өткені мен бүгіні жайлы сыр шертетін, ұлттық құндылықтар мен тарихи жәдігерлердің топтастырылған жері – аудандық мұражай жұмысы бүгінде қарқынды.

 

Бұл қасиетті жерде балақайлар, оқушылар, студенттер, тұрғындар мен қонақтарға арналған экскурсиялар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өткенімізді ұмытпау сынды мәселелер көтерілгендіктен түрлі іс-шараларды өткізу де игі дәстүрге айналған.

Осы орайда мұражайды кие тұтқандардың бастамасымен облыстық «Мұражай педагогикасы» атты байқауы жарияланған еді. Байқаудың мақсаты – туған өлкені, мәдени-тарихи ескерткіштерді, жергілікті тұрғындардың әдеп-ғұрыптарын, өмірі мен жерлестердің қызметін зерттеу арқылы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін бағалау. Мұражай педагогикасы – қазіргі кезде қарқынды дамып келе жатқан педагогиканың бір тармағы. Бұл бағыт оқушыларды құнды жәдігерлермен таныстырып қана қоймай, туған жерін сүюге, Отанын құрметтеуге, ата-баба аманатының қадірін танып білуге тәрбиелейді.

Байқау шарты бойынша арнайы тағайындалған төрешілер әр аудандағы мұражайға барып, ондағы үміткерлердің біліміне баға береді. Осы орайда, 25 сәуір күні аудандық «Балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының» қатысуымен байқаудың аудандық кезеңі өткізілді. Байқауға облыстық мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының әдіскері Ольга Сагандыкова, педагогика ғылымының кандидаты, профессор Шынар Тойғанбекова және суретші Қали Қораласбаев қазылық етті.

Іс-шара музей ғимараты алдында мерекелік акциямен басталып, ұлттық киім киген оқушылар керемет флешмоб көрсетті. Кейіннен оқушылар мен келген қонақтар мұражайға кіріп, танымды экскурсияға қатысты. Олар тарихи жәдігерлер туралы ақпаратты мұқият тыңдап, өлкеміздің баға жетпес тарихы мен ұлттық құндылықтары жайлы жан-жақты мағлұмат алып, қызықтырар сұрақтарын қойып, естелікке суретке түсіп жатты. Содан соң байқаудың аудандық кезеңі Өтеген батыр кесенесінде жалғасын тапты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.