home
home home

Мобильдік топ жұмысы

Мобильдік топ жұмысы

Бүкіл әлемге таралып жатқан қауіпті індет өмірімізге көптеген өзгеріс енгізіп, қоғамда алаңдатушылық туғызып жатқаны жасырын емес. Әрине, вируспен күресуде ең әуелі оның таралуына тосқауыл қою қажет. Осылайша, дүйім жұртты дүрліктірген дерттің алдын алу жұмыстарына аса мән беріп, сақтық шараларына ден қойған жөн.

Осыған байланысты күні кеше Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шыққан еді. Енді сол қаулыны орындау мақсатында аудан бойынша 5 мобильдік топ құрылып, жұмыс басталып та кетті. Аталмыш топтың басты міндеті адамдар көп шоғырланатын жерлер мен әртүрлі нысандардың жұмысын бақылап, мониторинг жүргізу екенін атап өткен жөн.

Осы орайда, 31 наурыз күні мобильдік топ мүшелері аудандағы балабақшалар, сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, сұлулық салондары, такси тұрақтары сынды жалпы саны 170 нысанды аралап, иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ, шекаралық аймақтарда коронавирус індетіне күдікті және ауырған адамдарды анықтау, оларды өткізбеу мақсатында Қордай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы және облыстық департамент мамандары жұмыс атқаруда. Мамандар наурыз айының 13 жұлдызынан бастап 4 дана тепловизормен қаруланып Қарасу шекара бекетінде тәулік бойы өткен адамдардың дене қызуын анықтап, бақылау жүргізуде.

Сонымен қатар, 31 наурыз күні Сарыбұлақ ауылының кіреберісінде блок-бекет орнатылса, Алматы-Термез-Ташкент тас жолындағы Отар блок-бекеті тұрақты түрде жұмыс істеуде. Аталмыш бекеттерде облыстық полиция батальонының, аудандық полиция бөлімінің, аудандық орталық аурухананың мамандары мен санитарлық қызметкерлер, сонымен қатар Қарасу бекетінде 2038 әскери бөлімінің қызметкерлері және арнайы полиция жасақтары жұмыс атқаруда.

Тағы айта кететіні, мобильдік топтар халық арасында коронавирустың алдын алуға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желі және БАҚ арқылы бейнероликтер мен мақалалар жариялауда.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.