home
home home

Мобильдік байланыс сапасы артты

 

Қазіргі уақытта заманауи әлемді, қала берді дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанды цифрлы технология немесе интернет байланысынсыз елестету мүмкін емес. Бүгінде бұл саланың дамығаны соншалық күнделікті өмірімізде ұялы байланыс пен интернет желісі электр жарығы мен телевидение сияқты қалыпты дүниеге айналған.

 

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы «Astana Hub IT-стартап» халықаралық технопаркін іске қосу барысында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізді цифрландыру мәселесі мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін дамытудың негізгі факторының бірі екенін айтқан болатын. Ұлт көшбасшысының бұл бастамасы кеңінен қолдау тапты. Осының аясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, бүгінде жоба аясында еліміздің түкпір-түкпірінде инфрақұрылым дамып, «СНП 250+» жобасы қарқынды түрде іске асырылуда. «Қазақтелеком» АҚ Қордай ауданы бойынша желілік-техникалық орталығының басшысы Ерік Құрымбаевтың айтуынша, ауданымызда бұл бағытта ауқымды іс қолға алыныпты. Тарқата айтсақ, ауданымызда 134 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісі салынып, бұл игілік 14 елді мекенді қамтыған. Атқарылған жұмыстың арқасында жоғары жылдамдықты интернетпен 49 мемлекеттік мекеме қамтылды (19 мектеп, 13 медициналық мекеме, 3 полиция пункті, 8 ауылдық әкімдік). Қазіргі таңда талшықты-оптикалық технология аталмыш саладағы заманауи шешім болып табылады. Сонымен қатар, мемлекет талшықты-оптикалық байланыс желісі түрінде базалық инфрақұрылым жүргізіп, «Қазақтелеком» АҚ мемлекет атынан жекеменшік ұялы операторларға ауылдық жерлерде мобильдік ұялы байланыстың желісін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жақында мемлекет тарапынан «СНП 250+» бағдарламасы ұсынылды. Бұл бағдарлама 25 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша жалпы халық саны 1 млн адамнан асатын 1600 ауылды кең жолақты мобильдік интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Жоба аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары үшін онлайн режимде жұмыс істеу, оқу, тілдесу мүмкіндігі пайда болып, ауылдық елді мекендерде білім сапасының, жұмыспен қамтылудың және кәсіпкерлік белсенділіктің артуы күтілуде. Аталмыш жоба біздің ауданда да жүзеге асырылуда. Мәселен, 2020 жылы «СНП 250+» бағдарламасы бойынша «3G» және «4G» стандартты мобильдік байланысқа Соғанды ауылы және Шарбақты мен Көктөбе ауылдары қосылды, біріншісінде «Билайн» мобильдік операторы базалық станциясын орнатса, қалған екі ауылға өз жабдығын «Ксел» мобильдік операторы қойған. Оған қоса Керу ауылында «Билайн» және «Алтел» мобильдік операторлары ауыл тұрғындарын мобильдік интернетпен қамтамасыз етсе, Қарасай батыр және Масаншы ауылдарында мобильдік байланыстың сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргізілді. Сонымен бірге «ADSL» технологиясы бойынша 358 абонент интернетке қосылып, 100 абонент «Altel» сымсыз технология бойынша қосылды. Ерік Құрымбаевтың айтуынша, жұмыс мұнымен тоқтамай басқа ауылдарда жалғасын табады.

«Бүгінгі күнге Үкімет алдымызға нақты міндет қойған, біз оларды сапалы әрі қысқа мерзімде орындауды жоспарлап отырмыз. Іске асырылып жатқан жобаның нәтижесінде шалғай ауылдардағы көптеген жерлестеріміз интернет желісіне қосылып, білім алу және «электрондық үкімет» қызметін пайдалануға мүмкіндік алады», – дейді бөлім басшысы.

Серғазы Манасбаев


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.