home
home home

Министр жаңғырту жұмыстарымен танысты

 

Өткен сенбіде Қордай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов келді. Қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алған «Қордай» шекара бекетіне министрмен бірге Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Алмас Мадиев және Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет барды.

Қайта жаңғыртуды қолға алған «Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері бүгінгі таңда атқарылған жұмыстары турасында ақпарат берді. Бұған дейін тәулігіне 6 мың адам өткізуге арналған бекет жаңғыртудан кейін 23 мың адамды өткізуге қауқарлы болмақ. Осыдан-ақ мұнда ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын байқауға болады.

Бүгінде бекеттің сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары жасалуда. Мердігер берген мәліметке сәйкес қазіргі таңда құрылыстың 80 пайызы аяқталыпты. Жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Бейбіт Атамқұлов құрылыс алаңын толықтай аралап, келушілерге арналған бақылау-өткізу залдарына қатысты бірқатар сын-ескертпелері мен ұсыныстарын жеткізді.

«Бұл бекеттен күніне мыңдаған адам әрі-бері өтетіні өздеріңізге белгілі, яғни елімізге келген әрбір шетелдік азамат біздің осы бекетімізден-ақ елдің жағдайына баға береді. Сондықтан жұмысты барынша сапалы етіп атқаруымыз қажет. Ең бастысы бұл транзиттік көлік көп өтетін бекет екендігін ескеріп, құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтау керек», – деп нақты тапсырмалар беріп, орындалуын облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкіміне бақылауды тапсырды.

Айта кетсек, Б.Атамқұлов мамыр айында ауданға арнайы келіп, бекеттің құрылысына қатысты ұсыныстарын білдірген болатын.

Жұмыс сапарының соңында министр  республикалық мәндегі автомобиль жолдарының қыс мезгіліне дайындық барысы мен «Отар-Ұзынағаш», «Мерке-Бұрылбайтал», «Балқаш-Бұрылбайтал» сынды республикалық автожолдардың құрылыс жұмыстарымен де танысты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.