home
home home

Министр шекара бекеттерін аралады

Министр шекара бекеттерін аралады

Өткен сенбіде ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов келіп, «Қордай» және «Қарасу» бақылау-өткізу пункттерінде болды. Аталмыш нысандарда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде министрге Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет жан-жақты түсініктеме беріп өтті.

 

Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарын алдымен «Қарасу» бақылау-өткізу пунктінен бастап, онда шекарашылар бекеттің қазіргі әлеуеті мен жұмысы жайында мәлімет берді. Осы ретте аудан әкімі Р.Дәулет «Қордай» шекара бекетінің күрделі жөндеу жұмыстарына жабылуына байланысты мұнда айтарлықтай салмақ түскенін жеткізіп, аудан әкімдігі тарапынан бірқатар көмек көрсетілгенін алға тартты. Сонымен қатар, аудан басшысы азаматтарды өзге пункттерге тасымалдау мақсатында арнайы көліктер ұйымдастырылғанын да мәлімдеді. Министр «Қарасу» шекара бекетін алдағы уақытта кеңейту жұмыстары жөніндегі шекарашылардың ұсыныстарына құлақ түріп, оның маңыздылығына тоқталды.

«Бұл бекет екі ел арасында адамдар мен көлік құралдары көп өтетін пункттердің бірі болғандықтан халық үшін барлық қажетті жағдай жасалуы тиіс. Мұнда интернет желісінен бастап, электрондық өткізу құрылғылары, бейнебақылау жүйесі, медициналық пункт, тіпті қажет болған жағдайда шекарашыларға арналған жатақхана салу мәселесі де құрылыс жоспарына енгізілуі керек», – деп жауапты тұлғаларға тапсырма берді министр.

Осыдан кейін Б.Атамқұлов ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап күрделі жөндеуге жабылған «Қордай» өткізу бекетіндегі құрылыс жұмыстары-ның барысымен танысты. Байқасақ, бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары қызу қарқын алған. Осы тұста нысанда жүргізіліп жатқан жұмыс барысын бас мердігер баян етіп, министр жаңғырту жұмыстары сапалы әрі келісілген мерзімде аяқталуы тиіс екенін баса айтты.

«Қордай» бақылау-өткізу бекеті Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы халық пен көлік ағыны ең көп шекаралық пункт болып саналады. Сондықтан жұмысты уақытылы аяқтап, сапа мәселесіне аса ден қойған жөн», – деген Бейбіт Атамқұлов өз ұсыныстарын алға тартты. Мәселен, жаз маусымында жолаушылар саны еселей артатынын құрылыс барысында ескеру керектігін баса айтқан министр, бекеттің ішінде заманауи жылыту жүйелері мен талапқа сай салқындатқыш құрылғылардың болуы тиістігін айтып, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.