home
home home

Мерекедегі қайырымдылық

Мерекедегі қайырымдылық

Наурыз тойы Қордай ауданының Отар ауылында биыл бұрын-соңды болмаған үлкен думанды мерекеге айналды. Атақты Кебекбай шешеннің ескерткіші орын тепкен шойын жол бойындағы ауылдың орталық алаңында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұрғындар мен қонақтар ән мен күй төгілген сахна маңына жиналды.

Мерекелік концерттік бағдарламаның осы күнгі тізгінін белгілі айтыскер ақын Асқат Қылышбек қолға алып, мерекелік шараны әдемі өлеңмен бастап, одан кейін сөз кезегін келген қонақтар мен ақсақалдарға берді. Облыстық «Һибатулла Тарази» орталық мешітінің өкілі Ғалымбек Жәпек жиналған қауымды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаса, одан кейін сөз алған «Отар» қайырымдылық қорының жетекшісі Ержігіт Аунамасов жерлестерін Наурыз мерекесімен құттықтай келе, жалпы ауыл тұрғындары, ауылдың қайырымды жандарының атсалысуымен қолға алынған қордың жұмысы турасында айта келе, осы күні жастайынан мүгедек, Отар ауылының тұрғыны Ердос Тоғызбаевқа тұрғын үйдің кілтін табыс етіп, жиналған қауымның қошеметіне бөленді. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылған «Отар» қайырымдылық қоры осыған дейін қомақты сомаға ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедек және көпбалалы жандарды азық-түлікпен, қыстық отынмен қамтамасыз етіп келген болатын. Енді мүмкіндігі шектеулі азаматтың баспаналы болуына септігін тигізіп отыр. Ержігіт Аунамасов сынды жігіттердің бастамасымен іске асқан қайырымды іске барша ауыл араласқаны және бұл игі шара болашақта әрі қарай дами түсетінін жеткізді Атымтай жомарт жандар.

– Ауылымыздан Құранды түгел жаттаған жас балақай шықты, ендігі жерде мықты спортшы, чемпион шықса, өнер ауылында атой салатын азамат болса деген тілегіміз бар. Біздер өз тарапымыздан әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Ең бастысы бүгінгі күні ауылымызда бірліктің, татулықтың бар екенін көрсеттік. Лайым солай болғай, – дейді Ержігіт Аунамасов. Мереке барысында қордың демеушілігімен спорттық жарыстар, ұлттық ойындар мен байқаулар өтіп, жеңімпаздың барлығына сыйлықтар ұсынылса, ауылдың абыз ақсақалдарына шапан жабылып, жайнамаз сыйлыққа берілді. Әрине, мерекенің басты символы – наурыз көжеден жиналған қауым ауыз тиіп, қариялар батасын берді. Осыдан кейін ауыл әкімдігі, ақсақалдар кеңесі мен ауыл жастары баспаналы болған Ердос Тоғызбаевтың үйінде болып, шашу шашып, құтты болсын айтып шықты.

– Наурыз мейрамы мен үшін ең тамаша мерекелердің бірі болып келген. Ал биылғы наурыздан бастап бұл мейрам мен үшін есте қалатын, ерекше күн деп білемін. Жастайымнан тағдырдың жазуымен мүгедек болдым. Мүмкіндігі шектеулі жанға өз баспанасы болмаудан артық қандай қиындық бар. Осыған дейінгі арманым – өзімнің жеке шаңырағым болса деген тілек еді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сол тілегім орындалып, арманым іске асты. Ауылымызда қамқорлық  істі  қолына алған азаматтардың ұйытқы болуымен ашылған «Отар» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен, аудандық әкімдіктің қолдауымен үйлі болып, қуаныштан төбем көкке бір елі жетпей қалғандай әсердемін. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекерге айтпаған болар дана халқымыз. Баспанасыз өмірдің қаншалықты ауыр екенін жақсы білемін және де өзің мүгедек болсаң ол ауырлық екі есе сезіледі. Осы ретте қордың құрылыуына мұрындық болған Ержігіт Аунамасов бастаған ауылдың азаматтарына алғысым шексіз. Осынау игі істі қолға алған жандарға, соның басы-қасында жүрген қамқор азаматтарға денсаулық пен бақыт, қажымас қайрат тілеймін, – деді баспаналы болған Ердос Тоғызбаев.

Дәл осы күні Отар ауылдық округінің құрамына кіретін Гвардейский қалашығында Наурыз мерекесіне әскерилер де үлкен дайындықпен келіпті. Гарнизонның барлық бөлімдері қалашық жанындағы алаңқайға киіз үйлер тігіп, үлкен сахнадан әдемі ән төгіліп тұрды. 40-шы «Отар» әскери базасының командирі, полковник Талғат Уразалиев жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, одан кейін концерттік бағдарламада қазақтың «Сыңсу», «Беташар» сынды дәстүрлері көрсетіліп, көпшіліктің көңілінен шықты.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.