home
home home

Мемлекеттің қамқорлығы

Мемлекеттің қамқорлығы

Барша қазақстандықтар «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру жөніндегі тапсырмасын үлкен қуанышпен қарсы алғаны рас. Әсіресе, көп балалы аналар, жалақысы төмен қызметкерлер мен өзге де көмекке мұқтаж азаматтар бұл игі бастамадан күтер үміті көп.

 

Көбіне ауылдық жердегі халықтың тұрмыс жағдайы төмен екені жасырын емес. Мұның басты себебі жұмыссыздық. Содан азаматтар қалалық жерге кетуге ұмтылады. Соңғы жылдары мемлекет осы жағдайды өзгерту үшін бірқатар бағдарламаларды іске асырып келеді. Бұл қатарда тұрғындарды бизнеске ынталандыруға бағытталған бағдарламалар басым. Ал, жақында өзгеріске түскен әлеуметтік көмектің жаңа шарттары еліміздің көп тұрғындарына айтарлықтай көмек болары анық.

Осыған орай, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері ауылдық жерлерді аралап, тұрғындарға әлеуметтік көмектің жаңа шарттарын түсіндірді. Атап айтқанда, Сортөбе, Масанчи, Қақпатас, Ноғайбай, Қасық, Қарасай, Жамбыл, Отар және Кенен ауылдық округтеріне барған мамандар өзекті мәселеге қатысты ақпараттың анық – қанығын тарқатып, әр азаматқа жекелей кеңес беріп, сұрақтарына жауап қатты.

Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік көмек бөлімінің меңгерушісі Күлшат Ермұхаметованың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің (АӘК) жаңа механизмдері қолданысқа енгізілді. Атап кететіні жаңа шарттар бойынша бір адамның ең төменгі күнкөріс деңгейі 50-ден 70 пайызға дейін, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге көтерілген екен. Бұл дегеніміз – аз қамтылған отбасының әр баласына 20789 теңге төленеді. Ал, ересек адамға АӘК мөлшері бұрынғыдай есептелінеді. Отбасының жиынтық табысын есептегенде «Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлеріне төленетін жәрдемақы, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақы, тәлімгердің шәкіртақысы мен бір жолғы төленетін әлеуметтік төлем саналмайды. Сол арқылы көмек мөлшері айтарлықтай ұлғаймақ. Сонымен қатар, АӘК тағайындау рәсімі де жеңілдетілген.

Көп балалы отбасыларды қолдау үшін Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгеріс енгізіліп, ауылдық жерде кәсібімді ашамын дегендерге 505000 теңге мемлекеттік грант беріледі. Сонымен қатар, сұранысқа ие мамандыққа қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Сондай-ақ, үйде отырған аналарға да кәсіппен айналысуға мүмкіндік жасалады. Отбасыда мүгедектігі бар балаларға күтім көрсету үшін жәрдемақы 31183 теңгеден 41578 теңгеге дейін артқан. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының тапсырмасымен мемлекет аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін барлық жағдай жасалмақ. Бұл мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының айқын көрінісі екені шындық. «Сол себепті де аталған игіліктерден құр қалмау үшін тиісті құжаттарын реттеп, жергілікті атқарушы органдарға қайырылу қажет» дейді мамандар.

Жалпы, бүгінгі күнге АӘК алу үшін аудан бойынша 1088 отбасы қайырылып, оның ішінде 466 отбасыдан өтініш қабылданып, 622 отбасыға консультативтік кеңес берілді. Жұмыспен қамту орталығының директоры Оразқұл Сейдекештің айтуынша, бұл жұмыстар мұнымен шектелмей, жалғасын табатын болады. Мамандардың мақсаты көмекке мұқтаж әр отбасыға тиісті көмек көрсету.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта