home
home home

«Мәдениет үйі» хикаясы Қаракемерде

«Мәдениет үйі»

хикаясы Қаракемерде

Бүгінде елімізде кино саласы қанатын кеңге жайып келеді. Көрерменін ғана баурап қоймай, халықаралық байқауларда көпшіліктің көзайымына айналған туындылар да жетерлік. Қазақ киносының осы деңгейге жетуіне «Хабар» телеарнасының қосқан үлесі қомақты. Бүгінде қалың жұртқа көптеген туындыны тарту еткен телеарна, жуырда тағы бір көп бөлімді жоба ұсынбақ. Осы тұста күзде көрерменге жол тартатын «Мәдениет үйі» атты комедиялық телесериалына кеңірек тоқталсақ.

Кино түсіруге әуелі сценарийден кейін түсірілім жерін анықтау қиынға соғатыны анық. Алайда, көрікті жер, таулы аймақ, су-шөбі мол нағыз ауыл тіршілігін іздеген жоба ұжымы бұл тұрғыда аса қиналмай, таңдау қазақылықтың иісі аңқып тұрған Қаракемер ауылына түскен. Киелі Әулие шоқының баурайынан орын тепкен елді мекеннің табиғаты талайды тамсандыратыны сөзсіз. Алматы қаласында жасақталып, мамыр айында Қаракемерге келген кино мамандары бүгінде қызу жұмысқа кірісіпті. Жергілікті таланттарды киноға тарту мақсатында алдын ала кастинг өткізіліп, бірқатар қордайлықтар түсірілім алаңына шыққан. Айта кетсек, бұл кино Қордай жерінде түсіріліп жатқан алғашқы туынды емес. Ендеше, кезекті түсірілімнің мән-жайын білмек мақсатта Қаракемер ауылына арнайы жол тарттық.

…Әбіл Нүсіпбаев көшесіндегі нөмірі 31 үй. Есік алды қаптаған көлік, аулада тіршілік қыза түскен. Түсірілім жүріп жатыр. Сценарий бойынша бұл ауыл әкімі Қыдырәлінің үйі екен. Ал, бізге керегі жоба продюсері, журналист Толқын Сейдоллақызы. Оның есімі қордайлықтарға жақын таныс. Қаракемер ауылында әжесінің қолында өскен Толқын жастайынан мақала жазып, өлең шығаруға әуестенген. Оқушы кезінде «Қордай шамшырағы» газетінің тұрақты оқырманы, әрі сол уақыттағы көптеген мақалалардың авторы болған. Бізді құшақ жая қарсы алған Толқын Сейдоллақызы бірден жоба жайына көшті.

– Бұл жоба «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша «5 студия production» компаниясының қолға алуымен жүзеге асып жатыр. Аталмыш компания осы күнге дейін «Мезгілсіз махаббат», «Мектеп», «Тағдыр», «Шашу» сынды өзге де туындыларды жарыққа шығарған.  Бүгінде 25 бөлімнен тұратын комедиялық жанрдағы «Мәдениет үйі» телехикаясы күзде көрерменге жол тартады. Мұнда біз ауыл жұртының тыныс-тіршілігін, күнделікті қызықты күндерін, әсем табиғатын қалың көпшілікке көрсетуді мақсат еттік. Қала жұрты ауылды ұмыт қалдырмаса екен деген ниетіміз де жоқ емес, – дейді компания директоры. Жоғарыда айтқанымыздай Толқын Сейдоллақызының түсірілімге Қаракемер ауылын таңдауы бекер емес. Ол өз сөзінде «Кім болмасын өз мекенін мақтан тұтады. Сол себепті ауылымды өзге өңірлерге мен де танытқым келді. Расында, ауылдың табиғаты тамаша. Таңдауға бұл да бірден бір себеп болды» дей келе ұжыммен таныстырып өтті. Мәселен, телесериалдың қоюшы режиссеры Мерей Маханов пен Ботакөз Кенішбай. Ал, сценарий авторы белгілі қаламгер Жамит Көшербай, қоюшы оператор Дастан Молдабеков және қоюшы суретші Ұлан Айбергенов. Сонымен қатар, жобаға өзге де майталман мамандар атсалысуда. Сондай-ақ, «Мәдениет үйі» атты телехикаяда елімізге белгілі өнер иелері бой көрсетпек. Танымал актер Айдос Бектемір, Бекжан Тұрыс, Сафуан Шаймерденов, Гүлжамал Қазақбаева, Шынар Асқарова сынды өзге де жас актерлар киноның сапалы шығуына өз үлестерін қосып жатыр. Ал, эпизодтық рөлді сомдауға Саят Медеуов, Меруерт Түсіпбаева, Нұрболат Абдуллин шақырылған. Осылайша, отыздай актердың басын қосқан телесериалдың сценарийін шолып өтсек.

…Алматы қаласындағы өнер академиясы ІV курсының студенті Шұғыла деканның тапсырмасымен тәжірибеден өтуге ауылға жіберіліп, қалада өскен қыздың алғашқыда ауылға көңілі тола қоймайды. Мұнда талантты музыканттардан құралған оркестр бар, соған жетекшілік етесің деген соң бойжеткен амалсыз келіседі. Бірақ, ауылға келсе оркестр түгілі ән айтатын адам жоқ. Осыдан кейін Шұғыла әкімнің көмегімен ауыл тұрғындарын жинап, оркестрға іріктеу жасайды. Осылайша, сауыншы, электрик, құдық қазушы, кірпіш тасушы болып жұмыс істейтін ауыл тұрғындарынан оркестр құрады. Ешбірінің музыкалық білімі жоқ болса да Шұғыланың шыңдауымен олар аудандық, облыстық, республикалық байқауларды жеңіп шығады…

Жалпы, телесериал ауыл тұрғындарының еңбегін, қазақылық қалжыңын, ауыл қызметкерлерінің өмірін суреттейді. Қандай кино болмасын махаббаттың бас-ты эпизодқа шығуы заңдылық. Ауыл жігіттерінің көзі Шұғылаға түспей қоймайды. Шұғыланың да өз ұнатқан адамы бар болатыны белгілі. Ал, хикаяның нақты немен аяқталарын күз мезгілінде «Хабар» телеарнасынан тамашалайтын боламыз. Осы мезетте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыспен аз-кем әңгіме құрдық. Қаракемер ауылына осымен екінші мәрте аяқ басқан өнер иесі жас күнінде осында достарымен келгенін, бүгінде ауыл танымастай өзгергенін айтады. Ауыл әкімі Қыдырәлінің рөлін сомдаған актер ауыл жұртының қонақжайлығын айтып, түсірілім барысына да тоқталып өтті. Дегенмен, актер уақыттың аздығына қарамастан, ауыл тұрғындарымен кездесіп, мектеп бітіруші түлектер кешіне қатысыпты. Өз кезегінде жобаның бас продюсері Толқын Сейдоллақызы ауыл тұрғындарына алғысын айтып, қонақжайлық танытқан ауыл әкімі Жұлдызбек Бақаевқа және Мәди Мүлкеманов, Болат Төреев, Салауат Бақаев сынды ауыл азаматтарын атап өтті. Ал, біз өз кезегімізде ауылын ұмытпай, көптің қолынан келе бермейтін дүниені іске асырып, шағын ғана ауылын күллі қазақ еліне танытуға тырысқан Толқын Сейдоллақызы бастаған «5 студия production» компаниясына сәттілік тілейміз.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта