home
home home

Латын графикасы – мемлекеттік қызметте

Латын графикасы –

мемлекеттік қызметте

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшудің ана тіліміздің мәртебесін арттыруда маңызы зор екендігін баса айтқан болатын. Бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыстар мен кешенді шаралар жүзеге асуда. Күні кеше аудандық Мәдениет үйінде өткен «Латын әліпбиі – мемлекеттік қызметте» атты мемлекеттік қызметшілер арасындағы аудандық байқау соның айғағы.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған сайысқа Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі («Ұлы дала қырандары» тобы), Жамбыл («Жамбыл» тобы), Қаракемер («Ақ арман» тобы), Отар («Қыран» тобы) ауылдық округтерінің мемлекеттік қызметшілері қатысып, өзара бақ сынасты. Ал, қатысушыларға «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сүгірбай, аудан әкімдігінің персоналды басқару қызметінің басшысы Ж.Дадабаева, латын графикасы бойынша аудан көлемінде құрылған жұмысшы топтың мүшесі А.Әбдікамал, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры С.Нұрғалиева және тарихи-өлкетану музейінің жетекшісі А.Изаевадан құралған білікті мамандар төрелік етті.

Байқау үш кезеңнен тұрды: сәлемдесу, қазақ әліпбиінің емле-ережелері және үй тапсырмасы. Бірінші кезеңде әр топ өзін таныстырып өтсе, екінші кезеңде лэд-экранда көрсетілген сөздерді латын әліпбиінде қатесіз жазу тапсырылды. Ал, үшінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер ана тілі туралы монолог, өз туындыларын оқып, тақырыпқа сай қойылымдар қойды.

Қазылар алқасының шешімі бойынша ІІІ орынды Қаракемер ауылдық округінен келген «Ақ арман» тобы, ІІ орынды аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінен құралған «Ұлы дала қырандары» тобы және жүлделі І орынды Жамбыл ауылдық округінен келген «Жамбыл» тобы иеленіп, арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, сайыста ерекше белсенділік танытқан мемлекеттік қызметшілер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, облыстық байқауға жолдама алды.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.