home
home home

Көшпелі кеңес беру алаңы

Көшпелі кеңес беру алаңы

10 маусымда ауданымызда облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері барқарамы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Болашаққа бағдар» атты көшпелі кеңес беру алаңы ұйымдастырылды. Барлық санаттағы жастар мен тұрғындарға түрлі сала аясындағы мәселелер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізетін көшпелі кеңес қабылдауын алдымен аудандық Мәдениет үйінде бастады.

Кең ауқымдағы келелі шараның ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев сөз алып, жиналған қауымға барлық саланы қамтитын кеңес беру алаңының негізгі мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімі бекіткен арнайы алгоритмге сәйкес жүргізіліп жатқан жұмыстардың ауданымызда іске асуы бойынша ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысының орынбасары Бейқұт Жамангозов те атап өтті. Оның бір көрсеткіші, аудан әкімі Болатбек Байтөленің әр бейсенбі күндері тұрғындарды жеке мәселелермен қабылдауы болса, сонымен қатар екі аптада бір рет бір ауылдық округке барып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындармен кездесіп, түйткілді мәселелерді сол орында шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың бүгінде өз жемісін беріп отырғандығы болды.

Бұл автокеруен аясында мемлекеттік қолдау тетіктері, құқықтық мәдениетті арттыру, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, білім, жұмысқа орналасу, дін, этносаралық келісім, ауыл шаруашылығы саласы, мемлекеттік қызметке орналасу сынды көптеген сала бойынша облыстық басқармалар мен аудан әкімдігінің бөлімдері мамандарының бірлескен қабылдауына қатысып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуға келген халықтың қарасы да көп болды. Қабылдау барысында келген жандарға ақпараттық-әдістемелік материалдар ұсынылғанын айта кеткен жөн. Осы күні Нұрлан Еркебаев аудан әкімдігінің бірқатар бөлімдерінде болып, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру барысымен танысса, одан кейін аудандық орталық ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қоғамның жегі құрты атанған жемқорлықтың алдын алу, тұрғындарға қызмет көрсетудегі ашықтық тақырыбында жиын өткізді. Содан кейін ол әкімдікте аудан активімен кездесті. Аудан басшысы Болатбек Байтөленің қатысуымен өткен жиын барысында мемлекеттік қызметтегі көптеген келелі мәселелер жайы талқыланды. Н.Еркебеков «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмысы туралы айта келе, мелекеттік қызметтегі жаңашылдық турасында түсініктеме берді.

– Бұл жерде қызметшіні жауапқа тартпас бұрын, заң бұзушылыққа итермелейтін факторлардың алдын алу жағын қарастырған тиімді. Бұл дегеніңіз заң бұзушылыққа жетелейтін жайларды анықтау қажет деген сөз. Сол бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, сізге жүгінген адамды әр кабинетке сілтемей, реті келсе көмектесіп, жұмысын жылдам аяқтап беруге септік ету керек. Сонымен қатар, қағазбастылықтан арылу, ол жұмыстарды жеңілдететін технологияларды енгізу механизмдерін жетілдіру жұмыстарын қолға алуымыз қажет. Бұл бағытта да бірқатар іс-шаралар қолға алынуда, – деген департамент басшысының орынбасары мемлекеттік қызметті оңтайландыру, жас мамандарды жұмысқа қабылдаудағы кедергілерді жою сынды тақырыптарға ойысып, тіпті балаларды мектепке беруде орын алатын қиындықтар жайында сөз қозғап, сол қиындықтардың алдын алу бойынша жұмыстарды жандандыру қажеттігін ескертті. Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Болатбек Байтөле облыстық «Болашаққа бағдар» көшпелі кеңес беру автокеруенін бастап келіп отырған жандарға алғысын айтып, ауданның мелекетттік қызметте халыққа тиімді болатын кез келген жаңашылдыққа дайын екендігін жеткізді.

Тағы бір айта кетерлік жайт, көшпелі кеңес беру алаңы өз жұмысын 11 маусым күні Сортөбе мен Масанчи ауылдарында жалғастырды. Ал, 12 маусымда бетқайнарлықтарды қабылдау жүргізілетін болады.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.