home
home home

Коронавирус: сақтық шаралары күшейтіледі!

 

Құрметті Қордай ауданының тұрғындары!

Қазіргі таңда COVID-19 індетіне байланысты елімізде, оның ішіндегі Жамбыл облысының Қордай ауданында қалыптасқан ахуал ешбірімізді толғандырмай қоймағаны анық. Бүгінгі таңда елімізде 19750 науқас тіркелсе, Жамбыл облысында 647 науқас, ал Қордай ауданында 88 жағдай тіркелген (оның ішінде 54 жағдай симптомды, 34 жағдай симптомсыз). Алайда, симптомсыз жағдайлардың 15-20 пайызының симптомы кейіннен пайда болып жататыны бар.

Осындай қалыптасқан күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланыс-ты Қазақстан Республикасының және Жамбыл облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің халық арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы қаулылары шығуда. Қабылданған осындай соңғы құжаттардың бірі – №27 қаулы аудандық басылымның 24 маусымындағы санында жарық көрді. Онда барлық сақтық шаралары көрсетілген. Алайда, қалың көпшіліктің аталған шараларға немқұрайлылық танытуына байланысты індет күннен күнге өршіп келеді. Сонымен қатар, бұрынғы тіркелген жағдайларға қарағанда соңғы екі аптадан бергі орын алған жағдайлардың көбісі ауыр түрде, асқынулармен өтуде. Мысалы: Нұр-сұлтан және Алматы қалаларында індеттің ауыр түрде өтуі жиілеп кетті. Мұнымен қатар, елімізде аталған індеттен өлім жағдайларының тіркелуі едәуір өсуде. Мәселен, бір ай бұрын 30-40 өлім жағдайы тіркелсе, бүгінгі күні 140 жағдайға жетіп отыр.

Жоғарыда атап өткен сақтық шараларының сақталмауының белең алған себебі халықтың той, жиындарды (үйлену тойы, беташар, мерейтойлар, құдалық) тоқтатпауымен байланысты. Бұл тойларға сәйкесінше жас-тармен қатар, егде жастағы кісілер, денсаулығында ақаулары бар азаматтар қатысады. Ал, мұндай азаматтар індетті тез жұқтырып алып, індеттің ауыр жағдайда өту мүмкіндігі жоғарылайды.

Жалпы, облыс бойынша үйден шыққан жағдайда маскалық режим қабылданған. Отбасымен немесе үш адамнан аспайтын топпен серуендеген кезде маска тағып жүру және арақашықтықты сақтау қажет. Сонымен қатар, аса қажеттіліксіз көшеде бей-берекет жүруге шектеу қойылған. Ал, мерекелік, отбасылық іс-шаралар жасауға мүлдем тыйым салынған. Осы жағдайды пайдалана отырып, аудан халқына төмендегіні ескертемін:

-Бұл вирустың 65 жастан асқан адамдарға,

-Бес жасқа дейінгі балаларға,

-Жүкті әйелдерге,

-Иммунитеті әлсіз немесе жүрек, өкпе созылмалы аурулары бар адамдарға жұғу ықтималдығы жоғары. Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмония мен тыныс алудың қиындауына алып келіп, сирек жағдайларда арты қайғылы жағдайларға әкеледі.

Коронавирус кәдімгі тұмау тәрізді болғандықтан, оның алғашқы белгілерін көп адам байқай бермейді. Дегенмен, төмендегі симптомдар білінсе, бірден дабыл қағуға кеңес береміз. Егерде сіздің дене қызуыңыз 38 градустан жоғарылап, жалпы әлсіздік, селқостық, тершеңдік, бұлшық еттің ауыруы, бастың ауыруы тамақ жұтқыншақтың ауыруы-жыбырлауы, жөтел, иіс-дәм сезудің нашарлауы сияқты белгілер мазалаған жағдайда, үйде басқа адамдардан оқшауланып қалуға тырысу керек. Аумақтық емханаға қоңырау шалып немесе хабарлама арқылы ескерту қажет. Мұндай жағдайда жылы сұйықтықтарды жиі ішіп, бар болса парацетамол, жоқ болса ибупрофен дәрілерін дене қызуын түсіру үшін пайдалану керек және физикалық белсенділікті шектеу қажет.

Коронавирустың алдын алу бойынша халық арасында және халыққа қызмет көрсететін түрлі объектілердің басшыларына үгіт – насихат жүргізу, осы карантин режимін сақтамаған жағдайда (маскалық режимді сақтау, бір реттік резіңке қолғаптар кию, күніге кемінде екі рет дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып ылғалды жинау жуу жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, жиірек ғимараттардың ішіндегі ауа алмасуын  қамтамасыз ету және т.б.) әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында ауданда 4 мониторингтік топ құрылған. Топтың құрамында аудандық полиция бөлімі, кәсіпкерлік палатасы, жергілікті атқарушы органдар, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары бар. Топ өз жұмысында 146 нысандарға тексеру жүргізіп, 49 ескертулер жасады және карантин режимі талаптарын өрескел бұзған бес кәсіпкерге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, 1 материал сотқа жолданды. Аталған іс-шаралар өз жалғасын табуда.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.