home
home home

Кененде жаңа сахна

Ауданда Қордайдан кейін өзінің жеке орталық алаңы бар ол – Кенен ауылы. Бір жағында ауылдық әкімдік пен мәдениет үйі, оған қарама-қарсы мектеп орналасса, қалған екі жағы арнайы қоршаумен жабылып, өзіне жарасымды ықшам алаң пайда болған.
Бұл алаң өнерлі ауылдың түрлі мерекелік шараларды ұйымдастыратын орны. Сол орталық алаң биыл тағы түрлене түсіпті. Оған ауыл мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер сеп болған.
Енді Кенен ауылының орталық алаңында өзіндік сахнасы бар. Түлектер тартуы осы. Жоғарыда атап өткеніміздей, түрлі мерекелерді өткізуде бір сахнаның қажет екенін кенендіктер үнемі айтып жүретін. Енді міне, сол арман да орындалып отыр. 25 мамырда соғылған соңғы қоңырауда арнайы лентасы қиылып, түлектер тартуы салтанатты түрде ашылған болатын.
– Биыл мектепті аяқтағанымызға көзді ашып-жұмғанша 20 жыл өтіп кетіпті. Сонау 1999 жылы арманға қанат қақтырып, осы алаңқайдан өмір деген үлкен кеменің бір желкені болып кете барған едік. Араға жылдар салып, ауылымызға осынау мерекелі датамызға орай бір сый жасасақ деген ниетіміз бар еді. Сол ой іске асты. Енді туған ауылымыздың өз сахнасы бар. Бұл түлектер тартуы, – дейді құрдастарымен бірге қайырымды іс жасаған Қайрат Бектұрсынов.
Ауыл сахнасының ашылу салтанатында ҰОС ардагері Керімқұл Қосақов ақсақал батасын берсе, туған жерін ұмытпай, тағзым жасап жүрген азаматтарға Кенен ауылдық округінің әкімі Нүркен Жаманкөзев алғысын айтып, ризашылығын білдірді.


© 2017 Аппарат акима Кордайского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
.